Сапалы білім негізі

Уақыты: 14.03.2018
Оқылды: 1171
Бөлім: КҮНДЕРЕК

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Инновациялық технологияларды білім беру үрдісіне ендіру – сапалы білім негізі» атты аймақтық ғылыми әдістемелік конференция өтті. Мектеп, колледж ұстаздары қатысқан аталмыш жиынның мақсаты – білім беру саласындағы ғылым мен практиканы дамыту, ақпарат алмасу және ең үздік тәжірибені зерттеу.

Аталмыш жиында ұстаздар әртүрлі тақырыпта баяндама оқып, презентация жасады. Өз кезегінде сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова жаңа білім беру бағдарламасының алғышартымен таныстырды. 
– Жаңа бағдарлама оқушыны сыни ойлауға, өздігінше шешім қабылдауға үйретеді. Қазіргі уақытта дамушы мемлекеттерде орын алып жатқан жаһандану заманында кез келген ұлт өз салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап қалуы керек. Сондықтан ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды мектеп бағдарламасына енгізу керек, – деді Гүлсара Тастандықызы.
Бүгінгі таңда облыс педагогтары бала бойына ынталылық, табандылық қасиеттерді дамытуға бағытталған жұмыс жүргізуде. Баланың басқа дінге, ұлтқа зайырлы көзқараста болуы еліміздің тыныштығы үшін өте маңызды. Жаңа бағдарлама бойынша бастауыш мектепте пәндік салаларда бастапқы білім жинақталады. Одан кейін өздігінен оқуға үйретіліп, кәсіптік бағдар беріледі. Кейін жоғары оқу орнына дайындық басталады. 2019 жылдан бастап 10-11-сыныптағы жаратылыстану бағытындағы оқушылар ағылшын тілінде білім алуға көшеді. Осы орайда мұғалімдердің сауатын арттыру мақсатында кезең-кезеңімен ағылшын тілінде оқыту жұмыстары жүргізілуде.
Пленарлық мәжілісте университет ректоры Қуат Баймырзаев барлық конференцияға қатысушыларды құттықтап, шығармашылық табыс, сәтті жұмыс тіледі.