БАС ПЕДАГОГ ҮШІН БӘРІ 100 ПАЙЫЗ

Уақыты: 09.10.2018
Оқылды: 1210
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің бүгінгі отырысында бастауыш сынып оқушыларының ауыр сөмкесіне қатысты мәселені көтерді. «Ата-аналар тарапынан оқытудың жаңа мазмұны, оқушыларды бағалау, электронды журнал, бастауыш сынып балаларының сөмкесі ауырлап кетті деген төңіректе көп сауал келеді. Оларға қандай жауап бере аламыз?», - деді Премьер-Министр ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке. Бұл туралы дәл қазір өтіп жатқан Үкімет отырысынан "Қазақпарат" агенттігі ақпарат таратуда.

Өз кезегінде министр балалардың 70 пайызы жаңа бағдарлама бойынша оқитынын атап өтті. «Жаңартылған мазмұн мәселесі шешілген, ата-аналар мен балалар түсініп жатыр, тағы бір жыл берсе, барлық түсініспеушіліктер айқындалады. Сөмке мәселесін шешудің жолы - мектеп ішінде кітап қалдыратын арнайы шкафтар әзірлеу. Электронды оқулықтар қазір де бар, оны жиі пайдаланады. Жаңартылған мазмұнға көшкен сыныптарға электронды оқулықтар 100 пайыз енгізілген. Яғни, қазіргі уақытта балалардың 70 пайызына электронды оқулықтар қолжетімді. Біздің жоспар бойынша, алдағы екі жылда оқулықтар 100 пайыз электронды түрде шығады», - деді Е. Сағадиев. Сонымен бірге, биыл алғаш рет қағаз оқулықтар нормасы, оның қандай қағаздан жасалатыны, пішімі мен салмағы бір нормаға келтіріліп, тиісті құжаттар бекітілген.

«Сөмкелердің салмағы бойынша жаңа стандарттар жасадық дедік, оны кім шығарып жатыр? Электронды оқулықтар да барлық пәннен жоқ. Бір жағынан жасадық дедік, шын мәнінде оның біреуі де жұмыс істемейді. Нәтижесінде сол баяғы салмағы ауыр кітап, бастауышта оқитын кішкентай балаға үлкен салмақ. Алдымен шешіп алып, содан кейін жасамаймыз ба? Қағаздарын жөнге келтіріп, содан кейін жаңа стандартқа көшпейміз бе?», - деді Премьер-Министр. «Қағаз оқулықтарды 50-60 жыл бойы балалар тасып жүрді. Біз де тасығанбыз. Биыл алғаш рет стандартты енгізіп отырмыз, оқулықтардың қай қағаздан басылатынын, салмағы мен форматын бекіттік. Әрине, ол тек биыл шығатын оқулықтарға енгізілген, енді 5-6 жылда барлық оқулықтарды қамтиды. Электронды оқулықтар 70 пайыз жұмыс істеп жатыр, енді жаңартылған мазмұнға көшетін сыныптардың оқулықтарын электронды түрде міндетті түрде шығаратын боламыз», - деп жауап берді бас педагог.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"