ЖАС МАМАНДАРДЫ СЫНАДЫ

Уақыты: 19.11.2018
Оқылды: 1456
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы «Білім» гуманитарлы-техникалық колледжінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жас мамандары арасында «Жас келсе, іске» атты облыстық байқау өтті.

Шараны облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісі Алуа Қабдұлова ашып, жас мамандарды шыңдап, кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында байқаудың бес жылда бір ұйымдастырылып тұратын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жас мамандар сынына еңбек өтілі 3 жылдан кем емес, 25 маман қатысты. Олар екі кезең бойынша бақ сынады. «Мамандығым – мақтанышым» деп аталатын бірінші кезеңде қатысушылар өзін-өзі таныстырса, екіншісінде жас мамандар тәжірибелерін көрсету мақсатында үздік бір сабағының электронды нұсқасын көпшілік назарына ұсынды.

Байқауға «Өрлеу» БАҰО-ның, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің, аумақтық кәсіподақ ұйымының, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының белді мамандары әділқазылық етті. Нәтижесінде Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Елжас Кеңесбай бас жүлде иеленсе, Алматы экономикалық колледжінің жас маманы Гүлсая Жеткізгенқызы І орынды қанжығалады. «Білім» гуманитарлы-техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Толғанай Оразалиева мен Талғар медициналық колледжінің жалпы кәсіптік пән оқытушысы Балауса Қасымбай ІІ орын тұғырынан көрінді. Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің өндірістік оқыту шебері Айнұр Кабдуллина, Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Балауса Борамбаева, Текелі кәсіптік колледжінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Гүлзат Оразалинова ІІІ орынды тең бөлісті.

Көксу ауылшаруашылық колледжінің арнайы пән оқытушысы Жанар Төлепбергенова «Шығармашыл ұстаз», Бақанас аграрлы-индустриалдық колледжінің жас маманы Азиза Қайыпбек «Жаңашыл ұстаз», Сарқан гуманитарлық колледжінің арнайы пән оқытушысы Айнұр Ахметжан «Көрермен көзайымы» номинациясын иеленді. 15 жас маман облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының Алғыс хатымен марапатталды.

Байқау жастардың өз мүмкіндіктерін ортаға салып, тәжірибе алмасуына, шығармашылығын шыңдауына жол ашты.

Алма ЕСЕНБАЕВА,

"Жетісу"