ОҚУШЫЛАР САЯХАТҚА ШЫҚТЫ

Уақыты: 20.11.2018
Оқылды: 1455
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «Жетісу» туристік орталығына саяхат жасады. Осыған орай «Жетісу» туристік орталығы оқушыларға Ашық есік күнін ұйымдастырды. Кездесу барысында Алматы облысының «Алтынемел», «Жоңғар-Алатау» секілді ірі ұлттық парктерінің туристік бағыттары ұсынылды.

"Алтынемел" мемлекеттік ұлттық паркі бас директорының орынбасары Данияр Тұрғамбаев оқушыларға табиғи саябақтың туристік әлеуеті туралы ақпарат берді. «Алтынемел» көптеген тарихи объектілерінің бірегей табиғи кешенін сақтау мақсатында 1996 жылы қаланған. Оның ең танымал объектісі - «Аққұм-Қалқан», ұзындығы 1,5 шақырымды құрайды. Жел батыс жақтан соққан кезде, шөл даланың жүрегінде органның әуені ойнап жатқандай сезіледі. Бұл ғажайып құбылыс осы күнге дейін табиғаттың құпиясы болып келеді.

80-жылдардың басында «Алтынемел» ұллтық паркіне түркімен құландары әкелінді. Қазіргі уақытта Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген 3500-ден астам құлан әрі 4 865 қарақұйрық бар. Кездесу барысында мектеп оқушылары Шоқан Уәлихановтың бұлағы, «Ошақтас» атты тас стелласы, «Бесшатыр» қорғаны, 700 жастағы тал, «Қатутау» және «Ақтау» таулары туралы ақпарат алды. Ал "Жоңғар-Алатау" ұлттық паркі экологиялық туризм бөлімінің басшысы Меруерт Сүлейменова оқушыларды тарихи орындармен, Жасылкөл, Шұм мұздықтары, Сарқан және Лепсі филиалдарының орман шаруашылығы, Сиверс алма ағаштарын зерттеу және тағы басқа тур маршруттарымен таныстырды.

«Экскурсия барысында біз «Жетісу» туристік орталығының жұмысымен таныстық. Туристік маршруттар туралы көптеген қызықты ақпарат алдық. Сонымен қатар, бұл кездесу біз үшін экологилық және рухани тәрбие болып табылады. Себебі, біз тарихымызды құрметтей отырып, табиғат ресурстарын, өсімдіктер мен жануарлар әлемін сақтау керекпіз», -  деп Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Әлтаир Ыбрай өз пікірін білдірді.

Іс-шара соңында «Жетісу» туристік орталығының қызметкерлері әр оқушыға карта, ақпараттық кітапшалар, ұлттық парктердің флорасы мен фаунасы бейнеленген суреттерді сыйлық ретінде тапсырды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"