​"КӨШБАСШЫ - 2018" ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫ ТАПСЫРЫЛДЫ

Уақыты: 28.11.2018
Оқылды: 2513
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талай жастың томағасын сыпырып, қоғамның сан саласына қанат қақтырған жерұйық өлкенің төрінде тағы бір шараның шымылдығы түрілді. Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының таяуда тұсауы кесілген ғаламат ғимаратында озық ойлы, ұшқыр идеялы бір топ жасты марапаттады.

Дәстүрлі «Көшбасшы – 2018» байқауы өз саласында өрге озған өрендерді қанаттандырып, сапалы маман болып қалыптасуына соны серпін беріп келеді. Жастар сыйлығын тапсыру салтанатында келер жылдың тың жобалары мен жоспарлары да таныстырылып, мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың жалғаса беретіні жайлы айтылды.

Кәмелеттік белеске жетіп, кәсіби білімін арқалаған албырт жас кез-келген мекеменің табалдырығын имене аттайтыны ақиқат. Алғашқы еңбек жолы да алдағы өміріне шуақ шашып, жүрегінде мәңгілік ұялап қалады. Сондықтан, әр жас маман өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып қоймай, әріптестік сыйластыққа сызат түсірмеуі тиіс. Бұл оның біліктілігі мен білімі қаншалықты ұштасқандығын көрсетеді. Жастар сыйлығының осы тұрғыда маңызы зор, мәні де жоғары. Жастардың мәртебесін асырған жиын театрландырылған қойылыммен басталды. "Алтын адамның" айналасына жиналған әр сала мамандары көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов алдымен жиналған қауымды келе жатқан Тұңғыш Президент күні мерекесімен шын жүректен құттықтады.

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл бастамалары – Қазақстан тәуелсіздігін баянды ету үшін әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылуға біздің жастар да үлес қосуы тиіс. «Менің Президентім» деп мақтан ететін, Елбасына қарап бой түзейтін жастарымыз бұл міндеттерді абыроймен атқарады деп сенемін, – деді өңір басшысы.

Өз сөзінде облыс әкімі Елбасының биылғы Жолдауына кеңінен тоқталып, 2019 Жастар жылы болып жарияланғанын атап өтті. Сонымен қатар, Жастар жылын өткізу бойынша арнайы Жол картасы дайындалды. Елімізде алғашқылардың бірі болып Талдықорғанның төрінен Жастарға қызмет көрсету орталығы салынды. Облыстық деңгейде, аудандар мен қалаларда Жастар ресурстық орталықтары құрылған. 253 ауылдық округте жастармен жұмыс істейтін мамандар бар. Жетісу өлкесінде 418 мың жас бар. Олардың ішінде дарынды жастарды қолдауға ерекше ден қойылған. Жалынды жастарға жыл сайын тапсырылатын «Көшбасшы» сыйлығы – осы деректердің нақты айғағы. Амандық Ғаббасұлы өнерімен көптің қошеметіне бөленіп жүрген Назым Өтеулина мен Әйгерім Бекболатованы ерекше атады. Бұдан бөлек, өңір басшысы көңілді тапқырлар клубының жұмысына, «Жетісу стайл» фестиваліне жоғары баға берді.

Шарада облыс басшысы жастарға арналған жаңа жобаны таныстырды. Ол – «Жетісу жастарының 100 жарқын ісі». Бұл жоба жастардың әр салада әлеуетін көтеріп, жарқын идеяларын жүзеге асыруға бағытталған. Амандық Ғаббасұлы өңірде жастардың қолға алуымен атқарылып жатқан игі істерге тоқталып, ел болашағы жастардың қолында екенін жеткізді. Сондай-ақ, халықтың мақтауына ілінген, ізденімпаз, идеяшыл, мақсаты айқын жастардың аты-жөндерін атап, олардың алдағы жоспарларын сәттілік, жұмыстарына шығармашылық табыстар тіледі.

Салтанатты жиында «Үздік жас журналист» аталымы бойынша «Жетісу» телеарнасының тілшісі Мадина Берікқызы марапатталды. "Бұл менің алғашқы марапатым. Қатты толқып тұрмын. Егемен еліміздің ең білікті маманы боламын деп уәде беремін", - деді жас журналист Мадина Берікқызы. Жиында ресурстық орталықтың, үкіметтік емес ұйымдардың, университет, колледж бен мектептердің, кәсіпкерлік, спорт, медицина мен әскери мекемелердің, басқармалардың әр саладағы үздік жас мамандары марапатталып, 250 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Олардың қатарында көпбалалы жас отбасы, алапат өрттен екі баланы құтқарған бейбіт күннің батыры, бірнеше тілді жетік меңгерген үлгілі қызметкерлер бар. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Фото - Айдын НҰРШАНОВ