Амандық БАТАЛОВ ЖЕТІСУЛЫҚТАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 30.11.2018
Оқылды: 1927
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Сіздерді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ел мен Елбасы – егіз ұғым. Сондықтан бұл мерекені Ұлт көшбасшысының көреген саясаты мен кемеңгер басшылығына деген халықтың зор құрметі, айрықша алғысы деп білеміз.

Тарихтың жаңа парағы ашылған 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұңғыш рет өткізілген жалпыхалықтық сайлауда қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты бірауыздан қолдап, Президент сайлаған болатын. Содан бері Елбасының тынымсыз еңбегінің арқасында еліміз тарихтың да, тағдырдың да сыны­нан абыроймен өтіп, еңсесін көтерді, Қазақстан жаңа дәуірдің, жаңа заманның есігін ашты. Бүгінде дамыған 30 елдің қатарына кіруге қадам жасалып, үлкен мүмкіндіктер алдымызда тұр.

Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, жас мемлекеттің әлемдік қауымдастықта мойындалуына бар күш-жігерін, қажыр-қайратын арнаған, бірегей беделі бар, көпқырлы саясаткер Елбасы мемлекетті өсу мен өркендеудің, бірлік пен ынтымақтың жолымен бастап келеді. Бүгінде екі миллионнан астам халқы бар Алматы облысының да сәулеті мен дәулеті артып, ырысы молайғаны – сол ұшан-теңіз еңбектің жемісі!

Мемлекет басшысы жуырда жасаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөліп, нақты міндеттер жүктеді. Тұрмыс-тіршілікті жақсартумен қатар түп тарихымызды түгендеуге, рухани құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған ауқымды жоспарлар түзіп берді. Бұл бағдар «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында толыққанды қамтылды. Жетісулық тұрғындар да осы мақсат-міндеттерді орындауға белсене атсалысатын болады.

Құрметті жерлестер! Тұңғыш Президент күнімен баршаңызды құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, табысты тұрмыс, жемісті еңбек, отбасына бақыт пен береке тілеймін! Мерейлі мереке құтты болсын!

Амандық БАТАЛОВ,

Алматы облысының әкімі