ЖАҢА КОДЕКС: ТАБИҒАТТЫ ЛАСТАУШЫ ӨЗІ ТӨЛЕЙДІ, ӨЗІ ТҮЗЕТЕДІ

Уақыты: 29.12.2019
Оқылды: 1017
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс мәселелер де қаралды. Алдымен ауа райының құбылмалылығына байланысты автокөлік жолдарындағы жағдай пысықталып, Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің жобасы талқыланды. "Қарапайым заттар экономикасы" жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасының іске асырылу барысы да осы жиында сөз болды.

Бірінші ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев баяндады. Айтуынша, желтоқсан айының ортасында елде жүзден аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан қырыққа жуық адам қаза тапқан. Ал жүз алпыс шақты  адам түрлі дене жарақатын алыпты. Қар аралас жаңбырдың жаууы, мұздың қатуы, тұмандану, бір сөзбен айтқанда, қыс кезіндегі ауа райының құбылмалылығы, әсіресе, автокөлік жолдарында көктайғақ қалыптастырып, апатты көбейткен. Осыған байланысты қажетті іс-шаралар қолға алынып, 11 облыста республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда көлік құралдарының қозғалысы шектелген. Ішкі істер органдары коммуналдық қызметтер және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кептелісті жою, жол тазалау, инертті материалдар себу, эвакуациялау және азаматтарға шұғыл көмек көрсету шаралары жүргізілген. Бұған қоса басқа да іс-шаралар іске асқан.

- Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды. Болжам бойынша таяуда боран болып, ауа температурасы төмендейді. Бұған барлық қызмет дайын болуы тиіс, - деді Асқар Ұзақбайұлы. Үкімет басшысы аймақтардың әкімдіктеріне жолдарда жылыту және тамақтандыру пункттерін ұйымдастыруға жәрдемдесуді тапсырды.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ҚР Экологиялық кодексінің жаңа редакциясындағы жобасын ұсынды. Нәтижесінде жоба мақұлданды. Аталған министрліктің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысына сәйкес, атмосфераға ластаушы заттардың шығарындылары 2,5 млн. тоннаны, жыл сайынғы өсуі 100 мың тоннаны құраған. 

Мағзұм Маратұлы: «Егер тиісті шара қабылданбаған жағдайда, 2030 жылы болжам бойынша ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 млн.тоннаға дейін өседі. Парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша қажетті шаралар қабылдау үшін министрлік неміс тарапының қолдауымен 2050 жылға дейінгі төменкөміртекті даму стратегиясын әзірлеуге кірісті», – деді. 

Министрдің сөзінше, қазір елдің 3,5 мың полигонында 120 млн.тоннадан аса тұрмыстық қатты қалдықтар жиналған және жыл сайын 5 млн.тоннадан аса тұрмыстық қалдықтар жиналады. 2016 жылдан бастап тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу 2,6 пайыздан 11,5 пайызға, өнеркәсіптік қалдықтарды өңдеу үлесі 26,8 пайыздан 32,2 пайызға өскен. Биылдан бастап пластмасса, макулатура, картон мен қағаз қалдықтарын және шыныны көмуге тыйым салынды. Алайда, аймақтарда тиісті инфрақұрылым болмағандықтан, іске қосылған тетік тиісті дәрежеде жүзеге аспауда. Атмосфералық ауаның сапасы, жерүсті суларының ластануы, кәріздік тазарту құрылғыларының тозуы, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының болмауы немесе жай-күйінің нашарлығы, бұдан өзге, шешуді қажет ететін жергілікті экологиялық проблемалар жетеді.

Осы ретте: «Жергілікті атқарушы органдар экологиялық жағдайды жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылдау арқылы аталған проблемаларды шешуге тырысады. Дегенмен, республиканың қоршаған ортасын жақсарту үшін ұлттық деңгейдегі шараларды қабылдау қажет», – деді министр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық кодекс пен оған ілеспе заңның жобаларын әзірледі. Экологиялық кодекс жобасы – экологиялық реттеудегі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесі ескеріле отырып әзірленген жаңа құжат. Кодексті әзірлеу кезеңінде, бұл жұртшылық және бизнес-қауымдастықпен бірге кеңінен талқыланған. Нәтижесінде, жұртшылықтан 2 мыңнан аса ұсыныс түсіпті. Соның біразы Кодекске енгізілген. Экологиялық кодекс 7 негізгі принциптен тұрады.

Олар: «Ластаушы төлейді және түзетеді», «Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдері», «Озық қолжетімді технологияларды енгізу мен экономикалық ынталандыру шаралары», «Эмиссия үшін түсетін төлемдерді экологиялық шараларға бағыттау», «Шығарындылар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін құру», «Экологиялық бақылауды күшейту», «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру».

- Біздің елде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу деңгейінің төмендігі үлкен проблема. Тек, 14 пайызы ғана қайта өңделеді. Тарифтері төмен болғандықтан бұл сала инвесторлар үшін инвестициялық тартымды емес. Қалдықтарды жағу кезінде алынатын электр энергиясын сатуды көздейтін «Waste to Energy» тетігін енгізу ұсынылады. Бұл ретте еуропалық директивалар тәрізді, шығарындылардың сапасы бойынша қатаң талаптар қойылады. Осы тетік 2025 жылға дейін қалдықтар көлемін 30 пайызға азайтуға және жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік береді, - деді Мағзұм Маратұлы.

Келесі кезекте «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын, жергілікті қамтуды және импортты алмастыруды дамыту мәселесі сөз болды. Белгілі болғандай, осы жылдың 20 желтоқсанындағы жағдай бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы аясында 206 млрд. теңгеге 830 жоба мақұлданған. Жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын жетілдіру мақсатында Үкіметтің жобалық кеңсесі инвестициялық мақсаттарға несие мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін ұзартуды ұсынды, бұл ұзақ өтелімділік мерзімі ірі жобаларды қолдап, оларға табысты деңгейге шығуға мүмкіндік бермек. 

Соңында ҚР Премьер-Министрі «Қарапайым заттар экономикасын» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы аясында әлеуетті кәсіпкерлерді іздестіру және олардың жобалары толық іске асқанша оларды сүйемелдеу бойынша аймақтардың белсенді жұмысының қажет екенін атап өтті.

Селекторлық кеңестен соң облыс әкімі Амандық Баталов өзінің орынбасарлары мен басқарма басшыларына Үкімет отырысында қаралған мәселелерге қатысты ой айтып, тапсырмалар берді. Сонымен бірге, халықты баспанамен қамтамасыз ету бойынша «7–20–25», «Бақытты отбасы» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың қалай орындалып жатқаны жөнінде сұрап, осының аясында іске асып жатқан жұмыстарды талқылады және осы бағыттағы жұмыстарды күшейту бойынша міндеттер жүктеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Сурет ғаламтордан алынды