"МАРҚАЯТЫН КЕЗ ЕМЕС": МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 31.12.2019
Оқылды: 1156
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биыл – Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл. Осынау ширек ғасыр аралығында халық қалаулылары елдің мұң-мұқтажын тыңдап, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысты. Мерейтойға орай Қаратал аудандық мәслихат хатшысы Бақыт Смаиловқа жолығып, тілдескен едік.

– Бақыт Жексембіұлы, мерекелеріңіз құтты болсын! Осы жылдар ішінде біраз түйткілді мәселе өз шешімін тапты деуге толық негіз бар. Өткенге көз жүгіртіп, қарбаласқа толы жылдарды ой елегінен бір өткізсеңіз.

– Құттықтауыңызға рахмет! Жергілікті өкілді органдар қызметінің тиімділігін арттыру қазіргі жағдайда маңызы зор міндет болып отыр. Өйткені мәслихаттар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес халықтың еркін білдіретін, өңірлерді әлеуметтік-экономикалық реттеудің елеулі өкілеттіктеріне ие бірден-бір құрылым. ҚР жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің даму тарихы жергілікті өкілді және атқарушы органдардың әрдайым ортақ міндетті шешіп келуінің өзі үлкен жетістік дер едім. Мысалы, егемендік алған жылдары мәслихат қызметкерлері жергілікті экономиканың күрт құлдырауымен және жаппай жұмыссыздыққа байланысты мәселелерді шешуге мәжбүр болды.

Қазір заман түзелген кезде де бюджет қаражатының тиімді пайдалануы, мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру, қоғамдық кеңестердің жұмысын қамтамасыз ету сынды экономиканың және азаматтық қоғамның дамуымен байланысты мәселелерді шешуге ден қоямыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халықтың көтерген мәселелері тұрмыстық жағдайдың төңірегінде болса, қазір жалпы жұртшылыққа ортақ ауызсу, мектеп, жол секілді маңыздылығы жоғары мәселелер жиі көтеріледі.

Естеріңізде болса, тоқсаныншы жылдары халық «жұмыс керек, еңбекақымыз көбейсе, баспана қажет» деген пікірлерді жиі айтса, қазір жұрт жеке басынан гөрі мектеп салу, білім ордаларын, Мәдениет үйлерін күделі жөндеуден өткізу секілді мәселелерді көтереді. Бұдан біз халықтың әл-ауқаты көтеріліп, инфрақұрылымның дамуына назар аудара бастағанын байқаймыз. Осынау жұмыстарға мәслихат депутаттары өз үлестерін қосып, халықтың зор сеніміне ие болып отыр.

– Әрине, мәслихат қызметкерлерінің мойнына артылар жауапкершілік жүгі қашанда ауыр. Қазіргі таңдағы депутаттық құрам жайында айтсаңыз.

– Қазіргі уақытта жергілікті өкілетті органдардың алтыншы шақырылымы белсенді жұмыс үстінде. Бірінші шақырылымда 21 депутаттан құрылған Қаратал аудандық мәслихатында бүгінгі күні 13 депутат белсенді қызмет атқаруда. Олардың он екісі «Нұр Отан» партиясының мүшесі болса, бір депутат «Ауыл» партиясының мүшесі. Өткен 25 жыл ішінде мәслихатқа өндіріс, ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларының таңдаулы өкілдері депутат болып сайланып келеді. Олар өздерін халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілектерін іске асыра алатын абыройлы халық қалаулысы ретінде көрсете білді. Халыққа жасаған еңбегім еш кеткен жоқ. Аудандық мәслихаттың екі шақырылымының мәслихат хатшысы, «Құрмет» орденінің, Құрметті профессор атағының иегері, Қаратал ауданының Құрметті азаматы атандым.

Мен ғана емес, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан корейлері қауымдастығының Талдықорған филиалының төрағасы Владимир Ли, үшінші шақырылымнан аудандық мәслихат депутаты, ал бүгінде Алматы облыстық мәслихатының депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Базархан Байтаев сынды азаматтар лайықты марапатқа ие болып отыр. Сонымен қатар, бірінші шақырылымның депутаттары К.Жазықбаев, Г.Қосжанова, Н.Пак, Р. Өтегенов, екінші шақырылымның мәслихат хатшысы қызметін белсенділікпен атқарған тіл жанашыры Ж.Теберіков, сол шақырылым депутаттары Қ.Рымжанов, Ж.Саржанова, В.Спиридонова, Б.Жиенбаев, үшінші шақырылымның депутаттары Қ.Әміренов, М.Жебегенов, Р.Тәпенов, А.Шмелева, төртінші шақырылым депутаттары Л.Котова, А.Пұсырманов сынды азаматтар өз кәсіптерімен қоса депутаттық мандаттарын да абыроймен атқарды.

Ерекше айта кетерлігі, төртінші шақырылымда халықтың сенімінен шығып, бесінші шақырылымға қайта сайланған С.Дәркенбаева, Ұ.Досмолданова, М.Тілеубай, Ю.Мальгин И.Молжігітов сынды халық қалаулыларының атын ерекше атауға болады. Ең алғаш құрылған мәслихаттың тізгінін ұстап, бірінші шақырылымның мәслихат хатшысы, ал екінші және үшінші шақырылымдарда мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы болған Болат Байтілеуов пен үшінші және төртінші шақырылымдардың мәслихат хатшысы болған, Алматы облысы мен Қаратал ауданының Құрметті азаматы Мақсат Рақымбаевтың есімдерін мәслихатпен тығыз байланыстыруға болады.

Үлкен құрметке ие болып, депутаттық мандатын абыроймен атқара білген, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып, қоғамдық өмірге белсене атсалысқан, өмірден озған Рысбек Жұмашев, Тайтілеу Сәрсембекова, Асылбек Пұсырманов, Афанасий Эм, Қайрат Рысқұлов, Юрий Мальгин, Исатай Молжігітов сынды азаматтар да халық сенімінен шыға білген еді. Кейінгі жылдары депутаттар корпусы білікті мекеме басшылары мен білімді жастар Біржан Құмаров, Әміржан Андасбаев, Алтай Смаилов, Асқар Пұсырманов, Жандос Теңелбаев, Гүлшәкира Құйқалақова, Саят Төлеубеков есебінен толысты.

– Қоғамдық кеңестің құрамын депутаттар бекітеді. Осы бағытта қандай шаралар атқарылды?

–  Елбасы Н. Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 99-қадамында атап көрсетілген, «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңда айқындалған міндетті жүзеге асыру мақсатында аудандық Қоғамдық кеңес құрылды. Үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестік өкілдері және жекелеген адамдардың өзін-өзі ұсынуы арқылы қалыптастырылатын кеңестің құрамын мәслихат сессиясында депутаттар ашық дауыс беру жолымен 3 жылдық мерзімге бекітеді. Қоғамдық кеңес мүшелері өз міндеттерін мінсіз атқарды. Олар аудандағы көптеген тұрмыстық-әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына, атқарушы билік пен әлеумет арасындағы келісім мен түсінушілікті жандандыра түсу тәрізді түйткілдерді тарқатуға себепкер болды.

Бұл құрылым аз уақытта жергілікті өзін-өзі басқару тәртібінің бір саласы есебінде азаматтық ақылдасу алаңына айналып үлгерді. Құрамына тек депутаттар кіретін тұрақты комиссиялар мәслихаттар жұмысының тағы да бір маңызды тармағы саналады. Күн тәртібіндегі барлық маңызды мәселелер алдын ала осы комиссиялардың қарауына ұсынылып, жан-жақты қызу талқылаудан өтеді. Осы арқылы шағын және орта бизнес саласын дамытуды жолға қою, заң шеңберінде оларды қаржыландыру, ауылшаруашылығы кооперативтерін дамыту мәселелерін назарда ұстайды. Сондай-ақ, тұрғындар денсаулығын сақтау, білім және мәдениет салаларының қолжетімділігі мен олардың заманауи талаптарға сәйкестігіне аса мән береді. Депутаттық корпус жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық және рухани өсу жолындағы бағдарламаларын жүзеге асыруға және бұл мақсатқа жұмсалатын қаржының мақсатты игерілуін қадағалап отырады.

– Сіз үшін мәслихаттың 25 жылдығы несімен ерекше? Осы жылдар ішінде тәжірибе жинақталып, мәслихат маңызы зор үлкен саяси күшке айналғанын білеміз. Мерекеге орай әріптестеріңізге айтар тілегіңіз.

–  Иә, мәслихаттардың 25 жылдығы өткен істерге марқайып, жинаған іс-тәжірибені бағамдай ой қорытып, есеп беретін кезең ғана емес, бұл – алға ауқымды жоспарлар жасап, әлеуметтік дамудың болашақ бағыт-бағдарларын айқындайтын жауапты уақыт. 25 жылдың ішінде құрамында әртүрлі салада еңбек ететін халық қалаулылары бар аудандық, облыстық мәслихат өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өмірінде маңызды істердің жүзеге асуына зор үлесін қосты.

Сессия отырыстарында маңызды шешімдер қабылданып, ол өңірдің әлеуметтік жағдайын түзеуге ықпал етті. Елдің ілгері дамуы үшін еңбек ететін органның назарынан қоғамдағы өткір мәселелер, жұрттың мұң-мұқтажы ешуақытта тыс қалған емес. Депутаттар Елбасы алға қойған саяси-әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға сүбелі үлес қоса береді.

Аудандық мәслихаттың барлық шақырылым депутаттарын барлық деңгейдегі мәслихаттардың 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Халық пен билік арасындағы алтын көпір болып отырған әріптестеріме зор денсаулық, қажымас қайрат, мол бақыт тілеймін. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз түзу болып, тәуелсіз еліміздің абыройы арта берсін!

–  Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан - Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы