АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА МҰҒАЛІМДЕР ӘЗІЛ-ҚАЛЖЫҢ АЙТУДАН ЖАРЫСТЫ

Уақыты: 31.12.2019
Оқылды: 1030
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Жетісу ғажайыптары» атты жас мамандардың алғырлар мен тапқырлар клубы ойыны өтті. Сайыс педагогтардың мәртебесін арттыру, жас мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту, олардың қарым-қатынас кеңістігін кеңейтуді көздеді.

Шараны орталық директоры Алуа Жанатайқызы ашып, бұл ойынның Жастар жылы аясында облысымызда алғаш ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

– Әрбір жас туған жерін сүйіп, өз өлкесінің тарихын жете білуі керек. Осыған орай өткен жылы оқу бағдарламасына қосылған «Өлкетану» оқулығын негізге алып, алғырлар мен тапқырлар клубы ойынын өткізуді жөн көрдік. Әрі ол арқылы жас мамандардың бұл пәнге деген қызығушылығы мен білімін арттыруды, оқулықты қаншалықты деңгейде меңгергендігін білу мақсатын көздедік. Бұл шара шығармашыл мамандарды да анықтап, олардың ары қарайғы дамуына септігін тигізеді деген ойдамыз. Әр жас маман өзімен бірге жаңа леп ала келеді. Бүгінгі ойынымыз да қызықты, тартысты өтеді деп сенеміз, – деді ол.

Сайысқа 18 команда қатысып, «Өлкетану. Алматы облысы» оқулығы негізінде туған өлкелерінің өзіндік ерекшелігін насихаттады. Шара алғырлар мен тапқырлар клубы ойыны негізінде өткендіктен қатысушылар оқулықтың ерекшелігін, мектептегі түрлі қызықты жайттарды қатыстырып, әдемі әзіл-қалжың түрінде жеткізді. Осы орайда олар «Шежірелі туған өлкем» таныстырылымы, капитандар байқауы, «Өлке тынысы» шығармашылық кезеңдері бойынша сайысқа түсті.

Әр аудан-қаладан келген құрама командалар ойынына арнайы бекітілген әділқазылар алқасы бағасын берді. Атап айтар болсақ, барлық сыннан сүрінбей өткен Көксу ауданы 1-орынды, Жамбыл, Қаратал аудандары 2-орынды, Сарқан, Талғар аудандары мен Текелі қаласы 3-орынды еншіледі. Ал, Қарасай ауданы «Ең бірлескен команда», Іле ауданы «Ең көңілді команда», Алакөл ауданы «Ең алғыр команда», Еңбекшіқазақ ауданы «Көрермен көзайымы» номинацияларын иеленді. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталды.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды