"ЖАЛҒАСТЫРАМЫЗ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЖАҢАЖЫЛДЫҚ КОНЦЕРТКЕ ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 31.12.2019
Оқылды: 1237
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Келе жатқан 2020 – Тышқан жылын облыс орталығының тұрғындары асқан салтанатпен қарсы алып, отшашудан шашу шашты. Көпшілік алдымен қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың шаһарда өткізілген «Жаңа жылдық безендіру» байқауынан үздік шыққан мекемелерді марапаттауын тамашалап, ғимараттарын неше түрлі ою-өрнекпен әшекейлеген ұжымдармен танысты. Сонымен, биылғы ғимараттардың қасбетін көріктендіру бойынша «Талдықорған орман шаруашылығы» мемлекеттік-коммуналдық мекемесі бірінші орынды еншілеп, қала басшылығының бағалы сыйлығын иеленді.

Бұдан соң қала тұрғындары Жаңа жыл мерекесіне орай қойылған театрландырылған көріністі тамашалап, эстрада жұлдыздары дайындаған концерттік бағдарламаға куә болды. Көпшілікті келе жатқан – Тышқан жылымен құттықтаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өз сөзін:

– Құрметті талдықорғандықтар мен қала тұрғындары! Санаулы сағаттан кейін біз 2019 жылды шығарып салып, 2020 жылды қарсы алғалы тұрмыз. Облысымыз үшін 2019 жыл табысты, берекелі жыл болды. Көптеген мәселелер жүйелі шешілді. Алдымызға қойылған міндеттерді абыроймен орындадық. Барлық салада өсу динамикасы сақталды, ­– деп бастап, Жетісу жерінің жетістіктерін таныстырды.

Сөзін ары қарай сабақтаған Амандық Ғаббасұлы: "2019 жылы елімізде үлкен тарихи оқиға болғанын білесіздер. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Елбасы жолын жалғастырып келеді. Мемлекет басшысы алдымызға үлкен міндеттер қойып отыр. Соған сәйкес алдағы 2020 жылы да өңірлердің экономикалық қуатын арттыру, технологиялық жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік мәселелерді шешу, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру сияқты маңызды тапсырмаларды орындауды одан әрі жалғастырамыз. Есігімізден енгелі тұрған 2020 - Жаңа жыл бәріміздің отбасымызға, жақын жандарымызға құт-береке, қуаныш пен шаттық алып келсін! Жаңа жылдан әрбір адам жаңалық, жаңа өмір күтеді. Бірақ сол игіліктің бәрін жасау адамның өз қолында. Сондықтан Жаңа жыл сіздерді жаңа белестерге, айтулы жетістіктерге, үлкен жеңістерге бастайтын жыл болсын! Ойға алған барлық арман-тілектеріңіз орындалсын! Баршаңызға зор денсаулық, толайым табыс, қажымас қайрат, мол бақыт тілеймін! Жаңа жыл құтты болсын!" - деді.

Құттықтау сөзден кейінгі арнайы отшашу Талдықорған аспанын жарықтандырып жіберді. Мерекелік кеш жергілікті өнерпаздар – «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды