Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"МЕН ЖАНБАСАМ ЛАПЫЛДАП": ЖЕТІСУДЫҢ ЖАС КӨШБАСШЫЛАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 27.11.2020
Оқылды: 1806

Бикен Римова атындағы Алматы облыстық драма театрында аймақ басшысы Амандық БАТАЛОВ дәстүрлі «Көшбасшы-2020» жастар сыйлығының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Тұңғыш Президент күніне орай өткен марапаттау салтанатында еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық санитарлық талап сақталды.

«Көшбасшы» сыйлығы Жетісу жеріндегі жас буынның арасынан үздіктерді анықтап, әр салада еңбек етіп жүрген жас мамандардың еңбегін бағалау мақсатында ұйымдастырылып келеді. Биыл 20 номинация бойынша 402 үміткер өзара сынға түсті. Оның ішінде, 56 үміткердің материалы ереже талаптарына сәйкес келмегендіктен, іріктеу кезеңінен шеттетілді. Байқау нәтижесіне сәйкес, Жетісу өлкесінің 20 жасы өз саласынан үздік деп танылып, жас көшбасшы атанды.

Салтанатты шарада облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ сөз алып, жастарға мемлекет мол үміт артатынын, еліміздің болашағы өскелең ұрпақтың қолында екенін айтып, жастарды білім мен спортқа бейім, жігерлі, ұшқыр ойлы, бастамашыл болуға шақырды. Өз сөзінде әкім облыстың экономикасына, атап айтқанда, ауылшаруашылығы, құрылыс, инвестиция тарту бағытындағы оң көрсеткіштерге тоқталды.

- Елбасымен телефон арқылы сөйлесіп, қайта түлеген Нарынқол жайлы айтып бердім. Туған жерге деген сағыныш жайында әңгіме өрбіттік. Нарынқолға екі мың жас қайтып оралды. Тұрғын үйлер тоқтаусыз салынып жатыр. Көшелер абаттандырылды. Аудандар бойынша 9 дене шынықтыру кешенін тұрғыздық. Тағы жетеуінің құрылысы аяқталуға жақын. Неше жылдан бері жөндеу көрмеген жолдар, ғимараттар, су жүйесі, құбырлар, басқа түрлі нысандар қайта жаңғырудан өткізіліп, ел игілігіне берілді. Мұның барлығы жастар үшін! Жастарға барлық жақсылықты тілеймін. Әр салада үздік болыңдар, - деген Амандық Ғаббасұлы Тұңғыш Президент пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға зор сенім артатынын жеткізді. - Жастардың бойында намыс, айқын мақсат болуы керек. Алдыға нақты меже қойып, соған талпынбаса, адам өмірде еш нәтижеге қол жеткізбейді. Жастар мақсатына сүрінбей жетуі үшін ерінбей еңбек етуі тиіс.

Бүгінде облысымызда 400 мың жас бар. Елбасы атап өткендей, жастар барлық игі бастамалардың қасында жүруі тиіс. Елде төтенше жағдай жарияланғаннан бері індетпен әлемдік күрес сапында Алматы облысының жас еріктілері белсенді жұмыс жүргізуде. Өңірде «Мейірімді Жетісу» еріктілер фронт-кеңсесінің жұмысы қарқынды жүргізілуде. Жыл басында облыста 1043 ерікті болса, қазіргі таңда облысымызда 3200 ден астам ерікті жастар тіркелген.

Осы жас еріктілердің қатысуымен республикалық «Biz Birgemiz» акциясы аясында 2300 қайырымдылық акциясы мен іс-шаралар өткізілді. Әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, жалпы 26000 отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді.

Облыста "Дипломмен ауылға" бағдарламасы да сәтімен жүзеге асып жатыр. Одан бөлек, "Жастар тәжірибесі" жобасы жас мамандардың кәсіби білімін жетілдіруге, ең бастысы – тұрақты жұмыс орындарын табуға оң ықпал етуде. Ағымдағы жылдың қараша айында жұмыспен қамту орталықтарына 15916 жас келіп, оның 15597-і жұмыспен қамтылды. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы 1875 түлек "Жастар тәжірибесіне" жіберілді. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында 848 жас маман көтерме ақы алды. Баспана алу үшін 583 маман 2.3 млрд.теңге көлемінде жеңілдетілген несие қарастырылған.

Салтанатты шарада "Жас әдебиетші" аталымы бойынша көшбасшы атанған Елдос Тоқтарбай сөз сөйлеп, Жетісу жастарының атынан облыс әкіміне алғыс білдірді. Көшбасшы атанғандардың қатарында «Жетісу» газетінің тілшісі, әріптесіміз Алмат Есенбеков те бар. Ол «Үздік ерікті» аталымында топ жарды. Бұл – біздің газет жастарының алғырлығын, қай салада да қатарластарының алдында жүретін бастамашылдығын көрсететін айқын дәлел.

Әріптесіміз Алакөл ауданында 2017 жылы «Бір арман» қайырымдылық қорын құрды. Еріктілерден құралған қордың әр мүшесі өзгенің мұңын өз мұңындай көріп, жоғын түгендеуге сүйемдей болса да үлес қосуға ұмтылып жүр. Алмат Есенбеков бастаған жалынды жастар жетімге жылу, сырқатқа күлкі сыйлаудан жалыққан емес.

Бүгін, міне, еленген еңбек пен теккен тердің жемісін көре отырып, басқаға үлгі болып отырған «Үздік ерікті»:

– Жетісу жастарының басты бәйгесі саналар «Көшбасшы» сыйлығын алу – үлкен жауапкершілікті жүктейтіні жасырын емес. Себебі, өз мамандығыңның, кәсібіңнің көш басында болу – үлкен міндет. Бүгінгі сыйлықты биылғы Еріктілер жылындағы айтулы жетістік деп санаймын. Өйткені, ерікті болу – тағдырымның таңдауы екендігі жасырын емес. Осы күнге дейін атқарған жұмыс, еңбек еленіп, шығамын деп ойламаған биікке бүгін қолым жетіп отыр, – деп, марапаттау рәсімінің жоғары деңгейде өткендігін жеткізді.

Көшбасшыларға  облыс әкімі Амандық Баталовтың арнайы дипломы, естелік мүсінше және 250 000 теңгенің сертификаты табысталды. «Үздік журналист» аталымының жеңімпазы Айман Асыл да газетімізге пікір білдірді. Ол: "Көшбасшы" сыйлығын алу – мен үшін тек мәртебемен шектелмейді, сонымен бірге, үлкен сенім мен жауапкершілік жүктейді. Өзімнің салам – журналистика әлемінде осындай бір белесті бағындырып жатсам, бұл – алтын жүрек ел-жұртымның, атқарған адал еңбегімнің арқасы деп білемін. Жастарға жігер беріп, қанаттандыруда «Көшбасшы» сыйлығының орны ерекше", – деп барлық жүлде алған жетісулық жастарға ақ жол тіледі.

Шара соңы облыс өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Сонымен, "Көшбасшы - 2020" байқауының жеңімпаздары төмендегідей:

Үздік жас мемлекеттік қызметші - Мұхтарұлы Азамат (Қаратал ауд.)

Үздік жас әскери қызметкер - Апасқан Абылайхан Серікұлы (Ескелді ауд.)

Үздік жас дәрігер - Өмірбекова Әсел Жандәулетқызы (Ескелді ауд.)

Үздік жас ұстаз - Оразбаева Альбина Баглановна (Қапшағай қ.)

Үздік жас ғалым - Жігер Берліқожа Бегдаулетұлы (Панфилов ауд.)

Үздік жас спортшы - Жұмабаева Динара Жүнісбайқызы (Көксу ауд.)

Үздік жас журналист - Асылбекова Айман Серікқызы (Талдықорған қ.)

Үздік жас кәсіпкер - Нуркежанов Дамир Муратович (Талдықорған қ.)

Үздік жас батыр - Жарқынбеков Дәурен Елдосұлы (Текелі қ.)

Ауылшаруашылығының үздік жас маманы - Амангельдиева Айгуль Айдарқызы (Қарасай ауд.)

Үздік жас отбасы - Нұрланбеков Әлияс, Кәрім Гүлім (Ақсу ауд.)

Үздік ерікті - Есенбеков Алмат Асхатович (Алакөл ауд.)

Үздік жас өнерпаз - Кенжебаев Бауыржан Кайратович (Алакөл ауд.)

«Жасыл ел» жасағының үздік сарбазы - Сейдахметова Эльмира Ерболатқызы (Талдықорған қ.)

Үздік студент - Тұрдаш Мадина Маратқызы (Талдықорған қ.)

«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үздік көшбасшысы - Сұлтан Ажар Сержанқызы (Қапшағай қ.)

Үздік жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы - Болғамбай Жәнібек Оралқанұлы (Еңбекшіқазақ ауд.)

Аудандық (қалалық) жастар ресурстық орталығының үздік маманы - Досалы Балжан Ерболқызы (Жамбыл ауд.)

Жастар үкіметтік емес ұйымының үздік көшбасшысы - Рахметқазынов Нұржан Нұрланұлы (Қаратал ауд.)

Үздік жас әдебиетші - Тоқтарбай Елдос Нүсіпұлы (Көксу ауд.)

Еңлік АРЫҚБАЙ

Алматы облысы