КӨЛСАЙ, ҚАЙЫҢДЫ КӨЛДЕРІНДЕ КОНЬКИ ТЕБУГЕ БОЛА МА? МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ

Уақыты: 18.01.2021
Оқылды: 1154
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан Көлсай мен Қайыңды көлдері қыс басталысымен қатып, коньки тебуге арналған мұз айдынына айналады. Алайда бұл дұрыс па? Маңызды сауалға министрлік жауап берді.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Көлсай көлінде коньки тебуге арналған арнайы жабдықталған алаңдар жоқ екенін атап өтті. «Жеке тұлғалардың мұз үстінде болуына (оның ішінде коньки тебуге) заңмен тыйым салынбаған. Келушілер тарапынан коньки тебуге деген сұраныстың артуына байланысты жақын арада ұлттық парк Көлсайдың төменгі жағындағы көлде коньки тебуге арналған орын ашуды қарастырып жатыр. Ал Қайыңды көлінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мұзға шығуға және сырғанауға қатаң тыйым салынады. Төменгі және орта көлдерде балық аулауға рұқсат етіледі», - деді Экология министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева.

Көлсай мен Қайыңды көлдері Райымбек ауданының аумағында, Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 330 шақырым жерде орналасқан. Айта кетейік, Үлкен Алматы көлінде де коньки тебуге қатаң тыйым салынған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"