Еңбек түбі - зейнет

Уақыты: 28.09.2017
Оқылды: 1434
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Сонау 90-шы жылдардың басында атажұртқа моңғол жерінен көшіп келген ерлі-зайыпты Жәрдембек пен Зағипа елдегі экономикалық қиындықтарға қарамастан өз кәсібін ашып, жаңа тірлік бастаған болатын. Қажымай-талмай еңбек етіп, өз бизнесін ұршықша иіріп, жерлестеріне де жұмыс беріп отыр.

Монғолияның Шойыр  деген өлкесінде туған  Зағипа алты әпке, үш бауырының ортасында ерке қыз болып өсті. Ал қарапайым ғана еңбек адамының отбасындағы он баланың  кенжесі болған Жәрдембек те аға-әпкелерінің қамқорлығына мейлінше бөленді.
– Ынтымағы жарасқан отбасында бір-бірімізді жетектеп, ересегіміз кішкенемізге бас-көз бола жүріп ержеттік, – дейді Зағипа балалық, жастық шағын еске алғанда. – Алайда, тағдырдың жазуымен бүгіндері әр тарапқа кетуге мәжбүр болғанбыз.  Он баланың бесеуі, атап айтқанда, Мәулипа, Қанипа, Үмітжан, Серікжан және егіздің сыңары Дина Монғолияда қалса, Мағрипа, Өміржан және Динаның сыңары  Теміржан Солтүстік Қазақстан облысының Ақсу ауданына қоныстанған.  Сіңлім Дәметкен көп жылдан бері АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында тұрады.  Мен атамекенге оралғаннан кейін Үшқоңыр ауылына орналасып, тұрақтап қалдым. Әр жақта жүрсек те бір-бірімізбен хабарласып, байланысымызды үзбей келеміз.
Көпбалалы отбасында өскен балалар еңбектің дәмін ерте тататыны белгілі.  Бір-біріне қамқор болуымен қатар олар үй шаруасына қарайласуды өз мойындарына алған.  Жұмыстан қорықпайтын, жақсылық жасауға дайын тұратындар да солардың қатарынан шығатыны анық. Баланың үлкені  Мәулипа ұн өндіретін кәсіпорында лаборант-технолог болып еңбек етсе, Мағрипа мал шаруашылығын таңдап алды. Бүгіндері зейнет демалысында болса да олар кәсіптерін жалғастыруда. Қанипа жолдасымен бірлесіп мал өнімдерін дайындап, Голландияға жөнелтумен айналысады.  Ал, Германиядан инженер-технолог мамандығын меңгеріп келген Өміржан кәсіптің жаңа түрін игеріп, қой және түйе жүнінен киім тоқуды қолға алып отыр.  Америкада тұрып жатқан Дәметкен косметолог ретінде танымал болса, Үмітжан  кәсіпкер, Серікжан  кеден қызметкері. Бір сөзбен айтқанда, ағайынды он баланың барлығы да адал еңбектің арқасында өмірден өз орындарын тауып, болашаққа нық сеніммен қарауда.
– Жәрдембек екеуміз 1986 жылы Монғол жерінде шаңырақ көтердік, – дейді Зағипа өзі жайлы әңгіме қозғалғанда. – Тұңғыш қызымыз Ырыскелді де сонда дүниеге келді. 1991 жылы Қазақ елі тәуелсіздігін жариялағанда алғашқылардың бірі болып атажұртқа табан тіредік.  Бұл жаққа келгеннен кейін де жоғары білім алуды жалғастырып, 1994 жылы Асфандияров атындағы медицина институтының емдеу факультетін тамамдадым.  Осы уақытта Үшқоңыр ауылынан үй сатып алған болатынбыз. Ол еліміз үшін экономикалық қиындықтарға толы кезең еді-ау. Сондықтан мамандығым бойынша жұмысқа орналасудың реті келмеді.
1994 жылы Ырысжан атты қыз, келесі жылы дүниеге Ырысберген есімді ұл келіп, араға екі жыл салып Ырыс  та дүние есігін ашқан болатын. Жас балаларға қарау, олардың тәрбиесі мен сапалы білім алуын қадағалау уақыт пен үлкен күшті қажет ететіні белгілі. Сондықтан Зағипа дәрігерлік қызметті ұмытуға мәжбүр болған.
Монғолияда тұрған кезінде Зағипа Германия, Чехословакия және Польшада болған еді. Дамыған елдерде тұрғындардың көпшілігі негізінен  шағын және орта бизнеспен айналысатынын сонда көрген.  Отанына оралып, жаңа өлкеге қоныс тепкенде сол көргендері есіне түсіп: «Біздің олардан қай жеріміз кем? Неге шағын бизнеспен айналыспасқа?!» – деген тұжырымға келді.  Осылайша Жәрдембек екеуі көрші Еңбекші ауылындағы биокомбинаттың ағаш шеберханасын жалға алып, жиһаз жасауды қолға алады. Ол жылдары халықтың тұрмыс-жағдайы қымбат жиһаздар алуға жарай бермейтін. Сондықтан алғашында ескі төсектерді, орындық-үстелдерді, дивандарды қалпына келтіріп, қайта қаптауды жүзеге асырған. Осылайша бірте-бірте жұмыстары жүріп, бүгінде үй маңындағы цехта жұмысын жалғастыруда. Енді олар ескіні жөндемей, жаңа да сәнді жиһаздар жасауды жолға қойған. Тапсырыс берушінің тілегі мен талғамына орай  жаңадан тұрғызылған үйлерді толықтай жиһазбен қамтамасыз етуге толық мүмкіндіктері бар. Бұл жерде Жәрдембек тапсырысты қабылдап, көз жауын алар бұйымдар жасаумен айналысса, Зағипа қаржы мәселесін, қажетті материалдарды таңдап, жиһаздың дизайнын жасауды терең меңгерген. 
– Бүгіндері негізінен жаңа үйлерді толықтай жиһазбен қамтамасыз етуді жолға қойдық. – Жатын бөлмелердің, балалар және  қонақ бөлмесінің, ас үйдің, кіреберістің жабдықтарын бір-біріне сәйкестендіріп, тапсырыс берушінің талғамына сай жарасымды етіп жасап береміз. Біздің қолдан шыққан дүниелерді көргендер жасаған заттарымызды ұнатып, көптеп келе бастаған. Міне, бизнесіміздің негізгі қозғаушы күші де осылар, – деді Зағипа.
 Ерлі-зайыпты Зағипа мен Жәрдембек жиһаз жасау бизнесімен шектеліп қалмауды да ойластырып қойған. Мысалы, Зағипа дәрігер ретінде қазақстандықтардың асқазан ауруларымен, семіздікпен жиі ауыратындарын ойлап, алаңдайды.  Сол үшін де Түркияға арнайы сапарлап, ондағы дәмханаларды көріп, денсаулыққа пайдалы тағам дайындаудың әдіс-тәсілдерін меңгеріп қайтты.  Әсіресе, асқазанға жеңіл, ағзаға салмақ түсірмейтін көкөніс өнімінің пайдасы мол екенін түсінген. Алайда Еуропа бір де, Азия мүлдем бөлек емес пе?  Бұл жерде ғасырлар бойы қалыптасқан тамақтану мәдениетін бірден өзгертуге болмайтынын ескерту керек.  Міне, сондықтан олар ұлттық сүт өнімдерін шығарудан бастау керек деген шешім қабылдайды.  Жаңа жобаны жүзеге асыру үшін қажетті көмек мемлекет тарапынан келіп жетті.
Осылайша, «Ауылшаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы  арқылы берілген 5 млн. 900 мың теңгеге  асыл тұқымды 30 сиыр мен бір бұқаны қоса сатып алған. Жаңа істі енді бастаған олар қиындықтан жасқанып, именіп отырған жоқ. Көз ашқалы малдың жайын көріп өскен жігерлі жандар көп болып бірігіп, бұл жобаны да жүзеге асыратынына сенімді.  Осылайша бастапқыда дәмі тіл үйіретін сүт, айран, кілегей,  ірімшік, сыр және басқа да сүт өнімдерін өндірмекші.  

Қуат Қайранбаев,

Қарасай ауданы.