Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛЫН ШЫҒАРАТЫН ЖАҢА ЗАУЫТТАР САЛЫНАДЫ

Уақыты: 13.05.2022
Оқылды: 962
Бөлім: ЭКОНОМИКА

"Алматы облысында құрылыс материалдарын өндіретін 5 жаңа кәсіпорын ашылады. Бүгін облыс әкімі Қанат Бозымбаев «ТК «Газоблок» компаниясы мен «Алмпласт» ЖШС басшыларымен кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды", - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев өз сөзінде елімізде құрылыс саласы қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті.

- Бүгінгі таңда құрылыс секторы ел экономикасының негізгі драйвері болып табылады. Соның ішінде біздің облыста құрылыста жаңа серпін байқалады. Құрылыс материалдарын шығаруға инвестициялық белсенділік артып отыр. Бұл өз кезегінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпалын тигізетін болады. Бүгін Іле ауданы мен Талдықорған қаласында жаңа зауыттар салуды жоспарлап отырған екі инвестормен арнайы кездесіп отырмын, - деп атап өтті Қ.Бозымбаев.

Меморандум аясында құрылыс саласындағы 5 жаңа жоба қолға алынбақ. Мәселен, «ТК «Газоблок» компаниясы Іле ауданында 3 зауыт, Талдықорғанда 1 зауыт салуға ниетті. Бұл кәсіпорындар газоблоктар, цемент панельдердің талшықтарын, шыны мақталарын шығаратын болады. Жобалар жеті жылға жоспарланған. Шамамен 26 млрд. теңге инвестиция тартылып, 240 жұмыс орны ашылады.

- Біз шығаратын құрылыс материалдары негізінен сырт елдерден әкелінеді. Қысқаша айтқанда, импортқа тәуелді. Сондықтан біз ішкі нарықтың сұранысын отандық өнімдермен толықтыруды мақсат етіп отырмыз, - деді «ТК «Газоблок» компаниясының бас директоры Максим Ким жоба жайлы қысқаша баяндап.

Ал «Алмпласт» ЖШС «Талдықорған» индустриалды аймағында диаметрі 20-1200 мм пластик құбырлар шығаратын өндіріс орнын ашады. Жоба 2022-2023 жылдары іске асырылады. Тартылатын инвестиция көлемі – 2,6 млрд. теңге, 37 жұмыс орны құрылады. Жобаның жылдық қуаты - 16,8 мың тонна.

Бұл жобалар құрылыс индустриясының дамуына жаңа серпін беріп, ел нарығына отандық құрылыс материалдарын көптеп шығаруға үлес қоспақ.

Меморандумға Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, «ТК «Газоблок» компаниясының бас директоры Максим Ким мен «Алмпласт» ЖШС директоры Сабырхан Қасымов қол қойды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"