МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ АУЫЛ ӘКІМДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 27.09.2022
Оқылды: 1368
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданына қарасты ауылдық округ әкімдерімен кездесу өткізді. Жиын барысында тез арада шешімін табуы тиіс өзекті мәселелер көтерілді.

– Баршаңызға белгілі, осы жылдың тамызында Райымбек ауданының тұрғындарымен кездесіп, сапар аясында түйткілді мәселелердің барлығымен танысып шыққан едім. Нәтижесінде аталған мәселелерді шешу бойынша іс-шара жоспары бекітілді. Бүгінде олардың бірқатары оң шешімін тапса, қалғаны іске асу үстінде. Сондай-ақ, менің тапсырмам бойынша проблемалық мәселелерге арналған арнайы карта әзірленген. Біз әр ауданда проблемалық аймақтарды белгіледік, енді бұл карта біздің сайтта да қолжетімді. Барлық жұмыстар ретімен орындалады. Дегенмен, бұл қатып қалған құжат емес, толықтырып, өзгерістер енгізуге болады, – деді облыс басшысы.

Облыс әкімі атап өткендей, бірінші кезекте халықтың әлеуметтік мәселелеріне назар аудару қажет. «Балаларға сапалы білім беру – біздің басты міндетіміз. Егер Алматы агломерациясы аймағында үш ауысым мәселесі өте өзекті болса, ал Нарынқол өңірінде сыныптарға оқушы жетпей жатады. Мәселен, Ұйғыр ауданына барғанымызда бір мектептің 50 оқушысына 30-дан астам мұғалім сабақ беретінін көрдік. Осындай мәселелерден кейін балаларды бір мектепке топтастыру туралы шешім қабылданды. Оның үстіне үш шақырым жерде жақсы мектеп болды. Қазіргі кезде мұнда мектепке дейін тасымалдау жұмысы ұйымдастырылған», – дейді Марат Елеусізұлы.

Аймақ басшысы жиында жол қауіпсіздігі мәселесін көтеріп, аудан әкімдігіне ауылдық округ әкімдерімен бірлесе отырып, мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды. Өңірдегі елді мекендердің көбі көлік жүретін күрежол бойында орналасқанын айтқан Текес ауылдық округінің әкімі Нұрболат Тауыпалдиев облыс әкімінен бас көше бойына жаяу жүргіншілер жолы мен арық желілерін тартуға қолдау көрсетуді сұрады. Марат Сұлтанғазиев айтылған ұсыныс-тілекті қолдап қана қоймай, осындай жағдай қалыптасқан барлық ауылдарға жаяу жүргіншілер жолы, көшелерді жарықтандыру, заманауи жаяу жүргіншілер өткелін салуға өтінім беруді тапсырды.

Жиын соңында облыс әкімі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» мемлекет тұжырымдамасын негізге алып, алдағы уақытта айтылған мәселелерді дер кезінде әрі сапалы шешуді, халықпен тығыз жұмыс жасауды тапсырды. Сонымен бірге, жаңадан сайланған ауылдық округтердің мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ әкімдеріне жан-жақты тәлімгерлік көмек көрсетілетінін атап өтті.

Қуаныш  ТҰНҒАТАР

Райымбек ауданы,

Алматы облысы