Көктемнің бір күні жылға азық

Уақыты: 23.04.2024
Оқылды: 284
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Дәл қазір жетісулық жер қойнауын игерушілер үшін қауырт мезгіл. Өңірде көктемгі дала жұмыстары қарқын алған. Биыл талдықорғандық диқандар егін егуге тиісті жер көлемі 6 мың гектардан асады. Оған дәнді және майлы дақылдармен қатар бақша өнімдері, мал азықтары, сондай-ақ, өңірдің төл өнімі  қант қызылшасын  себу көзделген.

Шаһар шаруаларының бірі – «Самай» шаруа қожалығының басшысы Еркінбек Сіламов. Қазіргі кезде кәсіпкер басқа тұқым түрлерін негізінен сеуіп болып, қант қызылшасын егуді қолға алған.

– «Өткен жылы Аллаға шүкір, басқа да дақылдармен қатар 20 гектар жерге қант қызылшасын егіп, одан 1100 тонна өнім алғанбыз. Бұл әрине ең жоғарғы көрсеткіш. Әр гектар жердің өнімі  450 центнерден айналып,  Көксу қант зауытына 900 тонна қызылша өткіздік. Биылғы жылы тәтті түбір егісітігінің көлемін 40 гектарға дейін ұлғайтып өнім көлемін екі есе арттыруды көздеп отырымыз. Жалпы «Көктемнің бір күні жылға азық» деген ғой. Аймағымыздағы шаруалар дәл қазір көктемгі егін егу мен бірге мал төлдетуде. «Балапанды күзде сана» деген, енді күзде мол өнім алуға қам жасаудамыз»,  – дейді қожалық иесі.

Талдықорған қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Абзал Секенұлының сөзінше, жыл сайын мемлекеттен ауыл шаруашылығын  қолдауға қыруар қаражат бөлініп, басқа да отандық өнім өндірушілерге түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Соның нәтижесінде соңғы кездері өңірдегі мал басы өсіп, жер қойнауын игерушілердің саны артқан.

Міне, бұл біріншіден, бүгінгідей нарықтық заманда жұрттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тың серпін берсе, екіншіден, ауыл-аймақтағы егінші-малшы қауымның өз кәсібін ойдағыдай дөңгелетіп, табысын еселеуге мол мүмкіндік береді.

Мамандардың мәліметінше, бүгінде Талдықорған қаласына қарасты 560-тан астам шаруашылық құрылымы бар. Олардың басым көпшілігі мал және егін шаруашылығымен шұғылданады. Соның ішінде «Самай», «Мақан-Алмас», «Бейсенбаев Б.Д.» және «Сәпи» шаруа қожалықтары және «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» шектеулі серіктестіктері жыл сайын өнім алудан көш басында. Қазіргі кезде жалпы аймақтағы шаруаларға қажетті заманауи техникалық құрал-жабдықтар мен тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағар маймен толық қамтылған.

Сондай-ақ, биыл көктемгі дала жұмыстары үшін шаруаларға «КазАгро» АҚ арқылы 75 млн. теңге жеңілдетілген несие беріліп, 27 шаруа қожалығанан түскен өтінімдер негізінде 103 тонна дизель отыны қарастырылған. Сонымен бірге алдын ала арық жүйелері тазаланып, «Қазсушар» қалалық филиалы арасында келісімшартқа сәйкес мамыр айының орта шенінен бастап суармалы алқапқа су беріле бастамақ.  

Ал Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылында орналасқан «Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС-нің аймақтық филиалының өкілдерінің сөзінше, қазір өңірдегі қант қызылшасын егуді қолға алған диқандар үшін тәтті түбірдің отандық және шетелдік тұқымының түрі көп. Егіншілік және өсімдікті зерттеу орталығында негізінен жергілікті тұқым түріне баса мән беріледі.

Себебі, ондағы отандық тұқым қазіргі Франция мемлекетінің сапасы ең жоғары «Ардан» атты тұқым түрінен еш кем еместігі дәлелденген. Оның үстіне зерттеу орталығына тиесілі жерлерде жаңа жүйе арқылы  тамшылатып суару әдісі қолданылады. Осындай тәжірибе арқылы шаруашылық  көп жылдан бері жергілікті және шетелдік қызылша тұқымын жан-жақты зерттеп, сұрыптап өсіру арқылы мол өнімге қол жеткізіп келеді.

Айдын КӘЛІМХАН.