ЕЛІМІЗДЕГІ АСФАЛЬТ-БЕТОН ЗАУЫТТАРЫ ТЕКСЕРІЛЕДІ

Уақыты: 24.04.2024
Оқылды: 309
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Қазақстан аумағындағы асфальт-бетон зауыттарын тексеріп жатыр.


«Биыл жол-құрылысы маусымы су тасқынына байланысты төтенше жағдайда басталды. Оған қарамастан, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК (ЖАСҰО) маусымдық жұмыстарға тыңғылықты дайындалды. Қазіргі кезде Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Көлік министрлігінің тапсырмасы бойынша еліміздегі барлық асфальт-бетон зауыттарын тексеруді бастады. Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін ЖАСҰО-ның аймақтарда 15 сынақ зертханасы бар. Биыл жаңадан ашылған облыс филиалдарында тағы 2 зертхана ашу жоспарда бар», - делінген аталған орталықтың мәліметінде.

Компания сарапшылары осы маусымда жол-құрылыс материалдарының республикалық желіден 10 000 сынамасын және жергілікті жолдардан 30 мың сынамасын алып, зерттеу жасады. Жалпы, қазірге дейін ЖАСҰО филиалдары 1,5 мың инспекциялық тексеріске шықты, 2 мың жол құрылыс материалдары сынамасы іріктеліп, сынақтан өткізілді

Сонымен қатар, инженерлік-техникалық қызметкерлер, сарапшылар мен ЖАСҰО сынақ зертханаларының қызметкерлері Қазақстанда ғана емес, шетелде де,яғни автожол саласының озық ғылыми-техникалық ұйымдарында (Қытай, Беларусь, Германия, Польша және т. б.) тәжірибе жинақтады.

Таратылған мәліметке қарағанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 11,4 мың инспекциялық тексеріс болып (республикалық желі – 3,6 мың, жергілікті желі – 7,8 мың), 40,3 мың ЖҚМ сынамасы (республикалық желі – 10,1 мың, жергілікті желі – 30,2 мың) іріктеліп, сыналды. Орталық мамандарының тексеріс нәтижелеріне сай мердігер ұйымдар өз қаражаты есебінен 4,1 млрд теңге сомасына жұмыстарды қайта жасады.