Қорғаста ауқымды істер атқарылуда

Уақыты: 18.01.2018
Оқылды: 1216
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР ҮкіметІ басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиев Алтынкөл бекетіне келді. Вице-премьердің жанында облыс әкімі Амандық Баталов болды. Мұнда Үкімет басшысының орынбасарын “Қазақстан теміржолы” ұлттық компаниясы АҚ басшылары, жергілікті мемлекеттік билік өкілдері қарсы алды.

Халықаралық үлкен жоба жұмысының жемісін көруге келген үкіметтік топ алдымен Халықаралық Алтынкөл теміржол бекетінің жұмысымен танысты. Теміржол бекетінің әкімшілік ғимаратында Үкімет басшысының орынбасарына Алтынкөл бекетінің басшысы Жандос Ұнтақбаев арнайы сызылған карта мен макет арқылы бекетте атқарылып жатқан жұмыстардың барысын, шойынжолдың әлеуетін тәптіштеп жеткізді. Еліміздің экономикасына ұлан-ғайыр табыс әкелетін бұл жолдың құрлықаралық қарым-қатынаста да маңызы өте зор.
2013 жылы пайдалануға берілген Алтынкөл теміржол бекеті өткен бес жыл барысында халықаралық үлкен өткелге айналды. Бекет бастығы Жандос Ұнтақбаевтың айтуынша мұнда қазір 113 нысан орналасқан. Бекеттің вагон өңдеу мүмкіндігі тәулігіне 700-800-ге жетіп отыр. Көршілес Қытай елі тарапынан тәулігіне 20 пойыз қабылдау мүмкіндігі бар. Теміржолшыларға арналып салынған Нұркент қалашығының іргесіндегі 600 гектарға жуық жерге орын тепкен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ құрамына теміржол құрғақ айлағы, логистикалық және индустриалдық орталықтар кіреді. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мемлекеттік бағдарлама негізінде еліміздің индустриалды-инновациялық дамуын жеделдету үшін Қазақстан Президентінің 2011 жылғы 29 қарашадағы Жарлығымен құрылды.
Теміржол бекетіндегі басқосудан кейін вице-премьер «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодаңғылының шекара өткеліндегі болашақ жүк көліктерін қабылдау орталығына келіп, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Ал, құрғақ айлақтағы кездесуде вице-премьерге айлақ жұмысының жайын арнайы экономикалық аймақтың бас директоры Марат Баймұхамбетов баяндады. Мұндағы 129,4 гектар аумаққа салынған “Құрғақ порт” айлағының еліміздің экономикалық дамуы мен халықаралық транзиттік әлеуетінің артуына ықпалы ерекше. Құрғақ айлаққа Қытай мемлекеті тарапынан тар танапты 3, Қазақстан тарапынан кең жолақты осыншама теміржол желісі тартылып, бір-бірімен жүк алмасуда. “Құрғақ порт” іске қосылған 2015 жылдан бері одан жалпы 85889 контейнер тиелген 3965 жүк пойызы жөнелтілді. Сол сияқты бұл аймақта Құрғақ айлақпен жапсарластырып 224,9 гектар аумаққа логистикалық орталық жасалып, ондағы қоймаларда мыңдаған тонна жүк сақталып, сан тарапқа аттандырылатын болады. Сонымен қатар, 224,6 гектар жерге индустриалды аймақ жасауға орын дайындалуда. Яғни бұл арнайы экономикалық аймақ қуатты өндіріс орындарының өркендеуіне де жол ашпақ. Құрылыс жұмыстарына бастапқыда 77 миллиард 280 миллион теңге жұмсалатын болса, оның 36 миллиард 848 миллион теңгесі республикалық бюджеттен, 40 миллиардтан астамы «ҚТЖ» ҰК» АҚ есебінен қарастырылған. Осы алып құрылыстың бәрі алдағы екі-үш жылда толық қуатында іске қосылып, қазіргі болжам бойынша 30 мыңнан астам адамға жұмыс орны ашылмақшы.
Бұдан кейін Асқар Қуанышұлы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына тізгін тартты. Орталықта Үкімет басшысының орынбасарына «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының президенті Қаһарман Жазин осында жүзеге асқан және болашақта атқарылуға тиіс жұмыстарды таныстырды. Вице-премьер орталықтағы қазақстандық «Самұрық» сауда үйін аралап көрді.
Бұл орталық көршілес Қазақстан, Қытай мемлекеттері басшыларының бастамасымен құрылған. Жоба құрылысы 2005 жылы басталды. Екі ел шекараларының ортасынан орын тепкен жаңа орталықтың жалпы көлемі 528 гектар, оның Қазақстан тарапына тиесілісі 185 гектар жерге орналастырылған. Жобаның жалпы құны 382,8 миллиард теңге. Орталықтың жалпы инфрақұрылымы жасалып болды. Болашақта мұнда 65 миллиард теңгеге тағы 110 құрылыс нысаны салынатын болады. Бүгінгі күнге дейін 26 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Бұл жобаны Үкімет 2018-2019 жылдары толық аяқтауды жоспарлаған.
Сапар соңында орталықтың әкімшілік үйіне келіп, қорытынды жиын өткізген Асқар Қуанышұлы сөз түйінінде еліміздің оңтүстік шығыс шебінде жүзеге асып жатқан үлкен мемлекеттік жобаның еліміздің экономикасы мен әлеуметтік дамуына  тигізер орасан зор ықпалына тоқталып өтті. 

Мырзағали Нұрсейіт
 Панфилов ауданы