Арпа, бидай ас екен...

Уақыты: 11.04.2024
Оқылды: 248
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өткен жылы аудан диқандары жалпы 26 мың гектардан аса алқапқа жүгерінің әртүрлі сұрпын өсіріп, одан 170 мың тоннадан аса өнім жиналды.

Өкінішке қарай, сатып алушының табылмауына және бағаның төмендігіне байланысты 21,1 мың тоннасы қоймаларда, 6 мың тоннасы қырмандарда сақталды. Нарықтағы жүгері дәнінің құнсыздануына байланысты биыл «дала аруының» егіс көлемі біршама төмендемек. 

Өңірде биыл жалпы егістік көлемін 44,5 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Оның 24,2 мың гектарына дәнді дақыл өсіріліп, 23,8 мың гектарына жүгері, 3 гектарына бидай, 15 гектарына арпа тұқымы егіледі. Бұдан басқа 14 гектар майлы дақыл, 3 гектар тұқымдық қант қызылшасы, 792 гектар картоп, 715 гектар көкөніс-бақша дақылдары, 18,6 мың гектарға көпжылдық шөп өсірілмек. Қазір ауданда арпа, бидай егу жұмыстары басталды.

Егін егу науқанына жалпы 694 тонна тұқым қажет, соның басым бөлігі жүгері тұқымы. Ауданда «дала аруын» өсіруге 400 тонна тұқым әзірленген. Бидай мен арпа тұқымдары 100 пайыз дайындалған. Шаруашылықтардың мемлекеттік агро порталына берген өтінімдеріне сәйкес көктемгі дала жұмысына 247,4 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. 

Белгіленген кесте бойынша оның 100 тоннасы сәуір айында, 147,4 тоннасы мамыр айында әкелінеді. Шаруашылықтарға көктемгі егін егу науқанына жалпы 610 тонна жанармай қажет.

Аудандағы жүгері егістігінің көлемін игеру техникаға тәуелді. Сондықтан өңірдегі жеке шаруа қожалықтары тапқан табысының басым бөлігін ауылшаруашылығы техникасын сатып алуға жұмсауда. Биыл шаруа қожалықтары 120,7 миллион теңгеге 10 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Көктемгі егін егу науқанына 904 трактор, 237 соқа, 75 тұқым сепкіш, 58 қопсытқыш, 165 жер өңдейтін техника, жалпы 1 439 техника жұмыс атқарады.

Егіннен мол өнім алу үшін өңір қожалықтарына 14 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыш қажет. Ақтау қаласындағы ҚазАзот, Тараз қаласындағы ҚазФосфат кәсіпорындарымен келісімшарт жасалып, қазір 3455 тонна минералды тыңайтқыш келіп, шаруаларға таратылуда. Одан басқа 30 мың тоннаға жуық органикалық тыңайтқыш егістік алқаптарына тасымалданды.

Егіншілер дала өндірісінің жаңа технологияларын қолдануға ерекше ден қойып келеді. Әсіресе, тамшылатып суару әдісі тиімділігін танытып тұр. Аудан бойынша 2 мың гектарға жуық егістік алқабына жаңа технология пайдаланылуда. Оның ішінде «Көктал-Агро» ЖШС 290 гектар егістік алқабын тамшылатып, 300 гектар көпжылдық шөбі мен жүгерісін жаңбырлатып суаруды бастағалы 3 жыл болса, өткен жылдан бастап Қоңырөлең ауылдық округінің диқандары 72 гектар көпжылдық шөпті жаңбырлатып суаруды қолға алды. Бұл егін суаратын суды үнемдеуге айтарлықтай көмек.
 

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы