ПАНФИЛОВ АУДАНЫНДА ЕГІСТІК НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 18.04.2024
Оқылды: 333
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Панфилов ауданында көктемгі егістік жұмыстары басталды. Осыған орай өңірде диқандар мен шаруалар бас қосып, көктемгі егістіктің жайын талқылады. Ауданда өткен «Дала күні» жиынында шаруаларға ауылшаруашылық техникалары мен сапалы тыңайтқыштар және тұқымдар таныстырылды.


Биыл ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабын 44 529,6 гектарға жеткізу жоспарланған. Бұл өткен жылғыдан 122,7 гектарға артық.

Аудан әкімі Марат Сағымбек жүгері қабылдайты кәсіпорындармен меморандум жасалатынын хабардар етті. "Қазір бізге Көкшетау қаласындағы кәсіпорыннан 50 тонна, Жаркент крахмал-сірне зауытынан 100 мың тоннна жүгері қабылдау бойынша өтініш келген. Алдағы уақытта шаруа қожалықтар шығынға ұшырамайтындай, тиімді бағамен өткізу бойынша жұмыстар жүргізіледі" деді аудан басшысы.

Қазіргі сәтте қара жердің бабын тауып, нәрін алып отырған шаруаларға ең қажеттісі техника.

Егістік басында өткен кездесуде "Eurasia group" компаниясы ауылшаруашылығы бойынша соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған түрлі техникаларды таныстырды. Айта кету керек, Панфилов ауданында соңғы 3 ай ішінде 143,8 млн.теңгеге 14 бірлік жаңа техника сатып алынған. Оның ішінде «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизинг бойынша 97,3 млн.теңгеге 8 бірлік, жеке қаражаттарына 46,5 млн сомаға түрлі бағытта қызмет көрсететін 6 бірлік техника сатып алынды.

Аудандағы ауылшаруашылық техникалары толықтай көктемгі егістік жұмыстарына дайын. Тракторлардың 97%, соқалардың, жер тырмалардың дән сепкіштердің және культиваторлардың 97% толығымен тиісті жөндеуден өткізілді. Атап айтқанда трактор - 904, соқалар - 237, сепкіштер - 75, қопсытқыштар – 58, жер өндеу техникалар – 165 дайындалды.

Көктемгі дала жұмыстарына қатысатын тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті қосалқы бөлшектер уақытылы жеткізілуде.

Егістік алқаптарында жұмыс істейтін техникаларға мемлекет тарапынан арзандатылған кепілдендірілген 610 тонна дизель отыны бөлінді.