БАСПАНА БАҚЫТЫ

Уақыты: 13.09.2018
Оқылды: 1143
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Елбасының тапсырмасы негізінде Ұлттық банк әзірлеген «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы осы жылдың шілде айынан іске қосылды. Жобада ипотекалық қарызды бастапқы 20 пайыз жарна төлей отырып 25 жылға 7 пайыздық сыйақы мөлшерімен беру қарастырылған. Аталған бағдарлама бойынша еліміздің кез келген өңіріндегі бастапқы нарықтан баспана алуға несие рәсімдеуге болады. Ипотекаға алынатын үйдің бағасы Астана, Алматы, Ақтау мен Атырауда 25 млн. теңге, ал басқа өңірлер үшін 15 млн. теңге. Бағдарламаның операторы ретінде Қазақстан Ұлттық банкінің еншілес ұйымы – «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ болып белгіленді.

 

   Айта кетерлігі, «7-20-25» бағдарламасының тағы бір ерекшелігі – онда нысаналы мемлекеттік қаржыландыру жоқ. Бағдарламаны қаржыландыру кредиттік ресурстардың тез қайтарылуын қамтамасыз ету үшін қор нарығында ұзақмерзімді ресурстарды тарту есебінен жүзеге асырылады. Ең бастысы, бағдарлама қазақстандықтар үшін көптен күткен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді, ипотекалық кредиттеудің қарқынын жандандырады және жалпы ел экономикасының дамуына оң ықпал етеді.
 Бағдарламаға қатысу үшін әлеуетті қарыз алушы банкке еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісі болуын растайтын құжаттарды, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы туралы мәліметті, тұрғын үйінің болмауы туралы анықтаманы, сатып алатын тұрғын үй құжаттарын және тәуелсіз бағалаушының бағасын ұсынуға тиіс.
  Банктер ипотекалық кредиттерді "7-20-25" бағдарламасының талаптарына сәйкес береді, «Баспана» өз кезегінде банктерден ипотекалық кредиттерді сатып алады. Толық ақпаратты www.baspana72025.kz сайтынан ала аласыз.  Сондай-ақ, + 7 (727) 227-20-25 тегін нөмірі бойынша call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта "7-20-25" бағдарламасының мобильді қосымшасын App Store мен Play Маркет арқылы көшіріп алуға да болады.  
   Аталған бағдарлама бойынша алғашқы ипотека Астана, Алматы, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларында берілді. Сонымен бірге Ұлттық банк пен "Баспана" ипотекалық компаниясының бірлескен брифингінде Қазақстанның жеті коммерциялық банкімен келісім жасалғаны туралы айтылды. Осы уақытқа дейін "Баспана" "Центркредит", Халық банк, Еуразиялық банк, Цесна банк, АТФ банк, РБК банкі және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі келісімге қол қойды. "Сбербанк" пен "Форте банк" бағдарламаға қызығушылық танытып отыр, техникалық жұмыстар біткен соң "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бойынша келісімге қол қойылады деп күтілуде.
  Биыл Алматы облысында «7-20-25» бағдарламасы аясында жалпы аумағы 35 мың шаршы метр болатын  17 тұрғын үй қолданысқа берілмек. Бұған облыстық бюджеттен 5,4 млрд. теңге бөлінген. Бүгінгі күні өңірдегі екінші деңгейлі банктерге 472 млн. теңге сомасында 40-тан аса өтініш келіп түскен. Оның дені оңтайлы шешімін тапқан. Алайда, бұл көрсеткіш әлі де болса төмен. Сондықтан, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ақпараттық түсіндіру тобы құрылып, жиі кездесулер ұйымдастырылуда. Айта кетерлігі, қазіргі таңда «7-20-25» бағдарламасы негізінде Талғар, Қарасай, Іле, Панфилов ауданы мен Қапшағай және Талдықорған қаласы аумағында тұрғын үй құрылысына арнайы жер телімдері бөлінді. Бұл жерлерде жалпы көлемі 3,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. 
    Осы тұста  уақыт өткен сайын бағдарламаның қолжетімділігінің жеңілдей түскенін де айта кету керек. Жуырда штаттан тыс жұмыс істейтіндер «7-20-25» бағдарламасына қатыса алатындығы мәлім болды. Ол үшін үміткердің ресми табысы мен тұрақты зейнетақы аударымы болу керек.  Айта кетерлігі, «7-20-25» бағдарламасында ресми табыстың болуы керектігі туралы міндетті талап бар. Егер бағдарламаға қатысқысы келетін адамның зейнетақы аударымдарымен нақтыланатын ресми табысы болса, онда ол бағдарламаға қатыса алады.
         Осыған орай Ұлттық банк: «Бағдарламада жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін шектеу қарастырылмаған, бағдарлама халықтың тұрмысы нашар тобын қоса алғанда, олардың әлеуметтік дәрежесіне қарамай, барлық азаматқа қолжетімді болады», – деп мәлім етті.
         Қазақстандықтардың жайлы баспанаға ие болып, алаңсыз тіршілік етуіне арналған бағдарлама өмірімізге ресми енді. Тұрғындар оның алғашқы игілігін де көре бастады. Алдағы уақытта бұл бағдарлама әлі көптеген отандасымызға шаттық сыйлайтынына сенімдіміз.

Қажет АНДАС.

   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде көкейде жүрген көптеген мәселе көтерілді. Айталық, жастарды біліммен қамту, жатақханадан таршылық көрсетпеу, жалақыны көтеру сынды маңызды жайттар сөз болды.
  Солардың ішінде «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бастама халықты бір серпілтті. Неге десеңіз, осы уақытқа дейін дәл осы нәрсе барлық отбасын алаңдатып келген еді. Пәтерсіз, өзгенің үйінде күнелтіп жүргендер қаншама?! Соларды ойлаған Президент «7–20–25» бағдарламасын ұсынды. Бұл бастама ел ішінде қызу талқыға түсіп, бірден қолдауға ие болды. Банктер де іске кірісіп, несие беруді қолға алды. Тиімді тұсы сол, несие өсімінің мөлшерлемесі 14-16-дан 7 пайызға дейін төмендеді. Ал оны өтеу мерзімі 25 жылға дейін созылады. Бұл дегеніміз, әсіресе, жас маман, жас отбасыларға таптырмас мүмкіндік. Енді миллиондаған жан өз шаңырақтарын иеленіп, өнімді еңбек етпек. Халықтың әлеуметтік жағдайы өсіп, өз есебінде республикамыздың да қарыштап дамуына септігін тигізбек. Мен де осы бағдарлама арқылы баспаналы болғым келеді. Бұл – маған берілген үлкен мүмкіндік. Өзім секілді азаматтарды да осы бағдарлама арқылы пәтер алуға шақырамын.

Айым МОЛДАҒАЛИЕВА.
Талдықорған қаласының тұрғыны.

   « 7–20–25» бағдарламасы шыққалы бері біраз жұмыс іске асуда. Оған түрткі болған – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы.  Қазақстандағы әрбір отбасының баспаналы болуы үшін барлық жағдай қарастыруда.
   Бұл бағдарламаның маған ұнаған тұсы – мерзімінің ұзартылғандығы. Әйтпесе, қысқа уақытта алған несиені өтеу қиындық туғызады. Содан кейін қуантатыны, бастапқы жарна құнының көлемі азайғандығы. Бұрындары баспана құнының 30-дан 50 пайызға дейінгі соммасын талап етсе, осы бағдарлама арқылы ол 20 пайыздан аспайтын болады. Менің ойымша, бұл бастама дәл уақытында қозғалып, ұсынылып отыр. Енді пәтерсіз жүрген отбасылар жаңа баспанаға қол жеткізіп, қуаныштарын еселей түспек.
   Халықтың жағдайы жақсарса, онда мемлекеттің де әлеуеті көтеріледі. Сондықтан, Президенттің жуырда ұсынған Бес әлеуметтік бастамасы көпшіліктің көңілінен шықты деп сеніммен айта аламын. Қазірдің өзінде ақпарат құралдарынан осы бастама бойынша құжаттарын жинастырып жүрген жас отбасылар жайлы жиі естимін. Кез-келген жас отбасы пәтердің тауқыметін айналып өте алмайтын бүгінгідей заманда Елбасы ұсынған мүмкіндікті толық пайдалануымыз керек деп есептеймін. Сөзімнің соңында әр қазақ баспаналы болсын деген ізгі тілек жолдағым келеді.

Әйгерім СЕРІКҚЫЗЫ,
«МАСЛОДЕЛ-ТРЕЙД» ЖШС Талдықорған өңірлік филиалының операторы