Жұмыс жобасы жария талқыланды

Уақыты: 16.09.2018
Оқылды: 1116
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, өңірдің дамуына арналған өзекті бес мәселенің барысы тыңдалды. Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған Қоғамдық кеңес төрағасы Әлихан Тойбаев отырыста облыстық туризм, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшыларының есебі тыңдалатынын және облыс әкімдігінің «Субсидияланатын өсімдіктерді қорғау құралдары түрлерінің тізбесін және 1 бірлікке (литрге, килограмға, граммға, данаға) арналған субсидиялардың нормасын бекіту туралы», «2018 жылға арналған басым ауылшаруашылығы дақылдарының тізбесін және субсидиялар нормаларын бекіту туралы» және облыс әкімдігінің «Алматы облысы аумағында таралатын шетелдік мерзімді баспасөз басылымдарын есепке алу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентін бекіту туралы» облыс әкімдігінің 2015 жылғы 26 тамыздағы №391 қаулысының күші жойылды деп тану туралы» қаулыларының жобасы жария талқыланатынын жеткізді.

Осыған орай алғашқы болып мінберге шақырылған облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алчимбаева туризмді дамытудың жай-күйі мен перспективалары және аталған мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдармен атқарылған шаралар туралы» баяндама жасап, Алматы облысындағы туризмнің даму мүмкіндіктеріне тоқталды. Баяндамашының айтуынша, Жетісу жерінің әсем табиғаты мен көрікті жерлері туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді. Әсіресе, облыс аумағындағы айтулы орындар мен өзен-көлдер шетелдік туристер үшін таптырмас мекен. Сондықтан, жыл өткен сайын келетін шетелдіктердің саны артып отыр. Мысалы, келген туристер саны 2016 жылы 887,2 мың адам болса, былтыр 1227,1 мың адамға жеткен. Биыл жыл соңына дейін келушілер саны 2 миллион адамға жетеді деп жоспарлануда. Былтыр туристерді орналастыру орындары көрсеткен қызметтен түскен табыс көлемі 8,3 миллиард теңгені құрады. Облысқа келген әрбір турист қонақүйге түнеу үшін тәулігіне орта есеппен 5000 теңге жұмсап, бас-аяғы 5-7 күн қонып шығады. Соған орай табиғаты көркем жерлерге келушілердің жайғасуына ыңғайлы орындар саны былтыр жыл соңында 680 нысанға жетсе, жеке инвестиция есебінен 117 туристік нысан пайдалануға беріліп, мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, Алакөл жағасындағы 59 нысан, Ұйғыр ауданындағы ыстық су көздеріндегі 14  нысан, Талғар ауданындағы «Ақбұлақ» және «Лесная сказка» шипажайлары, Талдықорған қаласындағы бес жұлдызды қонақүй бар. Биыл жеке инвестиция есебінен 5,5 миллиард теңгеге 30 инвестициялық жоба іске асырылмақшы. Оның бірі Алакөл жағасындағы бес жұлдызды  «КөктемГрандРесорт» қонақүйі. Одан бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында, соңғы жылдары жалпы жобалық құны 600 миллион теңгені құрайтын 21 жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Бір сөзбен айтқанда, отандық туризмді дамыту үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. 
Одан соң көпшілік алдында есеп берген облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жасыбаев бюджеттік бағдарламаларды орындау және нысаналы индикаторларға қол жеткізу тақырыбында арнайы ақпарат беріп, өңірдің күретамыры іспеттес жолдарды салу, жасау, күрделі жөндеу сынды өзекті мәселелерді таныстырды. Оның айтуынша, облыста ұзындығы 6138,6 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары бар. Олардың ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 78  пайызды құрайды. Жолдардағы қозғалысты қауіпсіз және үзіліссіз жүруін қамтамасыз ету үшін биыл жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарына 16 048,7 миллион теңге қарастырылған. Оның 4790,6 миллион теңгесі республикалық бюджеттен,     11 258,1 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді. Биылғы жоспар бойынша қайта жаңғыртылуы тиіс 11 шақырым автомобиль жолдарының   6 шақырымы жаңғыртылды. Жыл басынан автожолдарды қайта жаңғырту мен салуға, жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге бөлінген 2 839,3 миллион теңгенің 1 571,8 миллион теңгесі игерілді. Сондай-ақ, облыстың туристік кластерін дамыту мақсатында Ақши ауылынан Алакөл көлінің жағалауында орналасқан демалыс аймақтарына баратын автомобиль жолын, Балқаш жағалауындағы  демалыс аймақтарына апаратын автожолдарды, Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай, Алматы – Өскемен – Қызылқайың – Лепсі, Лепсі – Балқаш көлі бағыттарындағы жолдарды қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Соған орай Сарқан ауданына қарасты аумақта дайындау және жер қазу жұмыстары, Алматы –Өскемен – Лепсі – Ақтоғай, «Алматы – Өскемен – Қызылқайың –Лепсі автожолдары учаскелерінде құбырлар мен көпірлерді орнату жұмыстары басталды. Одан бөлек, Шарын шатқалына апаратын кірме жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, қазір 8 шақырым жөнделді. Сондай-ақ, Сарыөзек – Қорғас –Қоғалы – Көксу – Қарабұлақ бағытындағы жол учаскелерін қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Қысқасы, облыс аумағындағы маңызды жолдарға күрделі жөндеу, жаңғырту, жаңадан салу сынды жұмыстар жүргізілуде. Жоспарланған жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Қажетті қаржысы толық қарастырылған. Бөлінген қаржыны толық игеру жұмыстары тұр. Осыған орай жобаланған жұмыстардың орындалуын тексеру, анықтау жұмыстары қосымша жүргізіліп отыр. Сонымен қатар, ауданаралық, қалааралық маршруттар іске қосылып, жолаушы тасымалдау қызметі жанданып келеді. Жаңа ашылған маршруттардың қатарында автобустар мен ұшақ тасымалы кірген.
Қос басқарма басшысының есебіне қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қойған Қоғамдық кеңес мүшелері лайықты жауап алып, өңірдің дамуына қажетті қаржының мақсатты жұмсалуы керектігін ескертті. Жиында қаралған өзге де тақырыптар жария талқыланып, бірауыздан мақұлданды.

Мәди АЛЖАНБАЙ