АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ НАРЫҚТАҒЫ БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ ЖАЙЛЫ АЙТТЫ

Уақыты: 16.11.2019
Оқылды: 1124
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Вице-Премьер Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ Алматы облысындағы іссапары сенбі күні болғанына қарамастан ары қарай жалғасын тапты. Елордалық қонақ Көксу ауданына қарасты Мәмбет ауылының тұрғындарымен кездесті.

Мәдениет үйінде өткен жиын барысында Бердібек Машбекұлы елдің экономикалық-әлеуметтік көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда артқандығын жеткізді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың дер кезінде жүзеге асырылуы керектігін айтты. Елордалық қонақ елдің дамуына серпін беріп отырған инвестиция тарту мәселеніне тоқталып, шетелдік компаниялармен бірлесе жұмыс жасаудың тиімділігін тілге тиек етті.

Бүгінгі күнгі баға тұрақсыздығына тоқталған Үкімет басшысының орынбасары:

- Нарық заманы болғаннан кейін баға мемлекет тарапынан реттеле алмайды. Бағаның тұрақталуы сұранысқа байланысты. Неғұрлым сұраныс көп болса, бәсекелестік соғұрлым дамиды. Зауыт, фабрикалар көптеп ашылса, баға да төмендейді, - дей келе, ауызсу, жарықтандыру, басқа әлеуметтік және денсаулық саласындағы мәселелерге тоқталды.

Ауыл тұрғындарымен кездесуде Бердібек Машбекұлы бірнеше ауқымды мәселелердің шешімін айтты. Мемлекет тарапынан ауылды жерді дамытуға арналған бағдарламаларды ұтымды пайдалану қажеттігін атап өтіп, тұрғындармен емен-жарқын әңгімелесті. Кей ауылды жерлерде "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы ауызсу мәселесі өз шешімін табуда. Одан бөлек, Үкімет басшысының орынбасары атаулы әлеуметтік көмектің берілу ретіне енгізілген өзгерістерге тоқталып, масылдықтан арылу керектігін ескертті. Жиындағы сөзін ол:

- Бүгінгі күні елімізде қантқа деген сұраныс жоғары. Елімізде қант тапшылығы сезіледі. Сондықтан, қант қызылшасының өндірісін дамытуымыз керек. Көксу ауданындағы қант зауыты күніне 2-3 мың тонна тәтті түбір қабылдай алады. Оны біз зауытты аралау барысында, шаруашалардың өткізген қант қызылшасының көлеміне қарап көз жеткіздік. Біз өзімізді-өзіміз қантпен қамтамасыз ететін дәрежеге жеткізуіміз керек, - деп қорытындылады.

Жергілікті халық атынан сөз алған Лабасы ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Тәңірберген Әшімбайұлы өңірдің күннен-күнге көркейіп келе жатқандығын жеткізді. Одан бөлек, мемлекет тарапынан жасалған жақсылықтың шарапатын көріп отырғандарын айтты. Сөзінің соңында ақсақал Үкіметтің жұмыс тобы өкілдеріне өз батасын берді.

Еңлік ҚАБДЕШ

Көксу ауданы

Алматы облысы