ЕЛОРДА ТАРИХЫ ЕЛБАСЫ ҚЫЗМЕТІМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТЫ

Уақыты: 02.07.2021
Оқылды: 1302
Бөлім: САЯСАТ

Биыл Астана күні 24-ші мәрте тойлануда. Бұл мереке ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылдың 6 мамырындағы Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілуіне байланысты 10 маусымда аталып өтетін. Ал 2008 жылдан бері мереке шілденің 6-сына ауыстырылып, Қазақстанда мемлекеттік мереке болып жарияланды. Осылайша, «Мерекелер туралы» Заңға енгізілген түзетулерден соң 2009 жылдан бастап 6 шілде мемлекеттік мереке ретінде күнтізбеге енді.

Нұр-Сұлтан қаласы – Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси жетістіктерінің бейнесі, еліміздің өсіп келе жатқан қуатын және оның одан әрі дамуының жоғары әлеуетін көрсетеді. Елорданың тағдыры Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қызметімен тығыз байланысты. Ол еліміздің бас қаласы аумағындағы барлық сәулет нысанын салуға бастамашы болды. Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның халықаралық беделін нығайта түседі және мемлекет дамуының локомотивіне айналды, оның болашақ экономикалық тұрғыдағы көрінісі болып саналады. Бұл – әлемнің жетекші мегаполистерімен сенімді түрде бәсекеге түсетін қала, 24 жыл ішінде әлемдік қауымдас­тықтарды даму қарқынымен және жылдамдығымен таңғалдыра отырып, үлкен серпіліс жасай алды.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанда ел мен оның азаматтарының игілігі жолында орталық және жергілікті атқарушы органдарда Алматы облысы және еліміздің басқа облыстарының тумалары мемлекеттік қызметте еңбек етуде. Әрине, мемлекеттік қызметшілердің Отанымыздың елордасында қызмет ететіндіктерін ұғынуы олар үшін кәсіби өсуге қосымша ынта беретіні жасырын емес. Қай-қайсымыз да Елорданың тарихымен, дәстүрімен, мәдениетімен және қайталанбас қолтаңбасымен мақтанамыз. Бас қаламыздың шаңырағының астында миллионнан астам адам бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде.

Елордамыз одан әрі көркейе берсiн! Барша жетісулықтарға мықты денсаулық, биік жетістіктер тілеймін. Еңсесі биік, туы тұғырлы, береке-бірлігі жарасқан еліміз аман болсын. Мерекелеріңізбен! Астана күні құтты болсын!

 

Ләззат Бейсеқұлова,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы