"ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ": ТЕЛЕДЕБАТ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Уақыты: 14.11.2022
Оқылды: 1453
Бөлім: САЯСАТ

Биылғы 20 қарашада өтетін кезектен тыс Президент сайлауына қатысушы кандидаттардың арасындағы теледебат халықтың көңілінен шықты. «Хабар» телеарнасында сағат 20.00-де басталған пікірсайыс 1 сағат 40 минутқа ұласты. Президенттіктен үміткер Қарақат Әбден, Нұрлан Әуесбаев, Жигули Дайрабаев, Мейрам Қажыкен, Салтанат Тұрсынбекова және іс басындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Самарқан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысуына байланысты алдын ала жоспарланған жұмыс сапарына орай сенімді өкілі Ерлан Қошанов қатысқан теледебат ҚР Орталық сайлау комиссиясымен келісілген регламентке сәйкес, «Сайлауалды бағдарламаның таныстырылымы», «Пікірсайыс сессиясы», «Сайлаушылардың сұрақтары», «Сайлаушыларға үндеу» деген 4 раундқа бөлінген.

Шетелдегі қазына қайтарылады

Бірінші раундта кандидаттар және олардың сенім білдірген өкілдері сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, алға межеленген міндеттердің маңыздылығын түсіндірді. Жеребеге орай алғашқы болып сөз алған Ерлан Қошанов: «Алдағы жеті жылда Қазақстан қандай болады?» деген сауалға Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасы жауап беретінін атап, өзекті мәселелерді талқылады. – Біріншіден – әділетті қоғам! Яғни, қоғамда заң үстемдігі мен тәртіп салтанат құруы тиіс. Екіншіден – әділетті экономика! Ендігі жерде билік те, байлық та бір қолға шоғырланбайды. Шетел асқан халықтың қазынасы елімізге толықтай қайтып оралады. Үшіншіден – әділетті мемлекет! Яғни, мемлекет ешкімнің жекеменшігі емес. Әділетті, бақуатты, қауіпсіз мемлекетті бәріміз бірге құрамыз! – деген Ерлан Қошанов мемлекеттік тіл – ұлттың бойтұмары екендігіне ерекше тоқталды.

Келешек жарқын болады

Сөз кезегі тигенде мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту, балалардың бос уақытында талантын жетілдіріп, қарым-қабілетін ұштауға көмектесу, ойлаған арманын жүзеге асыруға жағдай жасау. Мектеп бағдарламасында ұлттық құндылықтар мен рухани даму бағыттары бойынша тәлім беретін жаңа пән енгізу, орфанды аурулармен ауыратын балаларға бөлек грант беру, жастарды тегін орта және жоғары біліммен қамту, шәкіртақыны еңбекақы жүйесіне сай есептеп, төлеу мәселесін көтерген кандидат Қарақат Әбден ата-әже мен немерешөберенің арасындағы қарымқатынасты қалыптастырудың қажеттігіне тоқталды. – Қариясы жоқ ел жетім. Ақ жаулықты әжелеріміз бен ақсақал аталарымыз көненің көзі ғана емес, ұрпақ үшін маңызды өмірлік тәжірибесін жинаған қазыналар. Оларды қолдау арымызға, елдігімізге сын, – деген кандидат ұрпақтардың алғысы ретінде ұсынылатын іс-шаралар- ды атап өтіп, шетелдіктермен некелескен бойжеткендерге салық салуды ұсыныс ретінде ортаға салды.

Еңбек адамына көмек керек

Жигули Дайрабаев мемлекетті дамытудың 3 бағытын талдап, түсіндірді. Атап айтқанда, бірінші бағыт – дала демократиясы принципін орнату. Екінші бағыт – сана-сенімізді жаңартып, әр азаматты жоғары мәдениеттілікке шақыру. Үшінші бағыт – Қазақстанды ауылдары дамыған агродержаваға айналдыру.

– Кәсіпті қолға алып, елді асыраймын дейтіндерге жол ашық болуы керек. Оған қажетті бастапқы капитал – субсидия, несие еш кедергісіз берілуі тиіс. Азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген фермерлер салықтың барлық түрлерінен босатылуы керек, – деген ол еліміздегі 280 мың шаруа қожалығының құқын қорғауды, табысты жұмыс істеу мен көмектесуді мақсат ететінін, бос мақтанға сүйенбейтін, көпшілікті бүлікке үгіттейтін ұйымға жатпайтынын, ауыл шаруашылығына жетіспейтін техникамен қамтамасыз етуді көздегенін, шаруаларға 10 жылға берілетін 6 пайызбен жеңілдетілген несиеден бастапқы жарна алынбауы тиістігін атап өтті.

Жүйені өзгертуді қалайды

Өзі Президент болса саяси реформалар жүр- гізіп, сыбайлас жемқорлықпен күреске баса мән беретінін атап өткен кандидат Нұрлан Әуесбаев елімізді парламенттік-президенттік республикаға айналдыру қажеттігіне тоқталды.

– Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту керек. Жемқорлық қылмыс барынша ұзақ мерзімге жазалануы тиіс. Олигархиялық капитализм емес, халықтық экономика құру керек, – деген үміткер мемлекеттің басты назарында адам тұруы тиістігін алға тартты. Одан соң Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Еуропадағы ұжымдық демократиялық бірлестіктің құрамына енетін бірден-бір демократиялық партия екендігін, кез келген жағдайда үнсіз қалмаған партия пандемия кезеңінде міндетті вакицинация бойынша Үкіметке хат жазып, мәселені шешуге қатысқанын, ауыл шаруашылығы жерлері сатылуына қарсы болғанын атап өтті.

Ұлтқа жат ұғымға қарсы

Теледебатта бесінші болып сөз алған Салтанат Тұрсынбекова әлеуметтік мәселелер бірінші кезекте тұруы тиістігін алға тартты.

– Ең төменгі жалақы мен күнкөріс мөлшерін қайта қарау, кедейшілікпен күрес бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыру қажет. Баспанамен қамту мәселесін де шешу керек. Отбасыларға ана капиталын беріп, барлық баланы жәрдемақымен қамтуға тиіспіз. Ең бастысы, әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендетуіміз керек, – деген кандидат қазақ халқының қастерлі салт-дәстүрі аяқсыз қалмауы тиістігін, шетелден келіп жатқан дүниетаным мен азғындықтың ұлтымызға жат екендігін, халқымызда ешқашан сексизм деген болмағанын, кәсіби заңгер ретінде адамның құқығын қорғайтынын, алайда ешкімді қорлай алмайтынын, тағдырдың тауқыметін тартқан әйелдердің, соның ішінде ішкілікке салынған жандардың отбасына көмектесетінін атап өтіп, сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттарды таныстырды.

Теңдей мүмкіндік беріледі

Теледебатта соңғы болып сөз алған Мейрам Қажыкен әрбір Қазақстан азаматына теңдей мүмкіндік беру қажеттігін алға тартып, жас ұрпаққа ерекше үміт артатынын жеткізді.

Сондай-ақ, өзі Президент болғанда жоғары білім беру саласын жаңғыртып, жастарға тегін білім алуға мүмкіндік берілетінін атап өтті. – Өңірлерді мемлекеттік басқару жүйесі дамитын болады. Әкімдердің дербес шешім қабылдау мүмкіндігі кеңейеді. Қуатты өңірлер – қуатты республика. Халық барлық әкімді өзі сайлайды. Бұл азаматтардың жергілікті биліктің халық алдындағы шешім қабылдау және есеп беру деңгейін арттыратын болады, – деген ол сайлауалды бағдарламасында қамтылған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, межелеген биігінің аласа еместігін, барлық салада көпшіліктің көкейінен шығатын реформалар жасайтынын алға тартты.

 Дайындаған: Мәди ӘСЕТҰЛЫ
Фото ғаламтордан алынды