МЕМЛЕКЕТТІҢ АҚШАСЫ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАТЫНЫ АШЫҚ КӨРСЕТІЛУІ ТИІС

Уақыты: 16.11.2022
Оқылды: 843
Бөлім: САЯСАТ

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында кездесу өткізді. 

Бұны әлеуметтік желідегі парақшасына хабарлаған кандидат жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, алға қойған мақсат-мұраттарын паш еткенін жариялады.

Жергілікті тұрғындардың қойған сауалына жауап берген президенттіктен үміткер «Мәслихаттар қалай құрылуы керек?» деген мәселені талқылап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, мұнай-газ саласы ел бюджетінің басым бөлігін құрайтынын атап өткен кандидат Маңғыстау өңірі инфрақұрылым жағынан кенжелеп қалған аймақтың бірі екенін, теңгерімсіз өңірлік саясаттың салдарына жататын тығырықтан барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау арқылы шығуға болатынын алға тартты.

Әуесбаевтың айтуынша, әр елді мекенде өзіне тиесілі ашық бюджет жасақталып, мемлекет ақшасының қалай және қайда жұмсалып жатқаны ашық көрсетілуі тиіс. Жалпы үміткердің сайлауалды бағдарламасын насихаттау, халыққа түсіндіру мақсатында елімізде 21 штаб жұмыс істеп тұр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"