Көксу ауданының әкімі тағайындалды

Уақыты: 04.12.2023
Оқылды: 2025
Бөлім: САЯСАТ

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Көксу аудандық мәслихатының келісімімен аудан әкімі лауазымына Дәулет Халеловты тағайындады.

Аудан активіне қатысқан облыс басшысы, аудан әкімін таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Көксу ауданы – бірлігі мен берекесі жарасқан аудан. Ауданның әлеуметтік экономикалық бағытын дамытып, халықпен тікелей ашық, әділетті жұмыс істеу – әкімнің міндеті. Осы ауданның төл перзенті ретінде Дәулет Кенжеханұлы мемлекеттік қызметте 22 жыл абыройлы қызмет еткен өте тәжірибелі маман. Жерлестеріңіздің сенімін ақтап, біліміңіз бен біліктілігіңізді ұштастырып, ауданның, елдің дамуы жолында нәтижелі қызмет етеді деп сенім білдіремін, – деді облыс әкімі. 

Қант қызылшасын өсіру мен өңдеу ісі бойынша маңызды аймақтың бірі – Көксу ауданы. Осыны алға тартқан облыс басшысы қант өндірісін жандандыру мақсатында мемлекет тарапынан қолға алынған жұмыстарды қысқаша баяндады. Аймақ басшысы,  қант қызылшасы алқаптарының ауқымын ұлғайту, суару жүйелерін жаңғырту, шаруаларға берілетін субсидия көлемін арттыру, тыңайтқыштардың бағасын тұрақтандыру сынды жұмыстардың жүйелі атқарылуына қысқаша тоқталды.

–  Мен облыс көлемінде аудан, қалаларды аралап, халықпен тұрақты түрде кездесу өткізіп, қордаланған мәселелерді шешуде барлық күш-жігерімізді арнап жүргенімізді жақсы білесіздер.  Осы уақытқа дейін аудан тұрғындарымен кездестім. Мәселелер жоқ емес бар. Мәселен, аудандағы Мұсабек, Мұқаншы ауылдарында жайылымдық жерлердің жетіспеуі үлкен мәселеге айналуда. Дәулет Кенжеханұлы, соны түгелдей зерделеп, жерді басқару комиссиясын құрып, жайылымдық жерді ауыл балансына өткізу жұмыстарын атқаруды тапсырамын. Ауызсу, газ мәселесі өз шешімін табуы тиіс. Аудан бойынша емханаға келген 18 маманның баспана мәслесін шешіп, олардың дұрыс жұмыс істеуіне жағдай жасау керек. Қандай да бір мәселе орын алған болса ауданның Жол картасына енгізуді тапсырамын. Аталған мәселелердің мерзімінде орындалуы қатаң бақылауға алынсын. Халықпен ашық жұмыс істеңіз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгіну рәсімдерін оңтайландырыңыз. Жұмысыңызға табыс тілеймін, артылған сенімді ақтайсыз деп ойлаймын, – деді облыс әкімі.

Сөзінің қорытындысында облыс басшысы өңірдегі әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мәселелерін шешуге ықпал етіп, халықпен ашық жұмыс істеу керектігін айтты.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай