Қос жоба талқыланды

Уақыты: 06.06.2023
Оқылды: 582
Бөлім: МІНБЕР

«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы және экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңесінің бірлескен отырысы өтті. 

Келелі жиында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және «Ауыл аманаты» мен «Жер аманаты» жобаларының өңірде жүзеге асу барысы таразыланды. Отырысқа тиісті құрылым басшылары мен бейнебайланыс арқылы аудан, қала әкімдері және партия филиалдарының қызметкерлері қатысты. 

Бірлескен жиында сала басшылары атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы істелетін шаруалардың  жайын айта кетті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н. Кененбаев «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесіне  тоқталды. Басқарма басшысы атаулы бағдарламаны өңірде жүзеге асыру үшін осы жылға республикалық бюджеттен 3,2 млрд. теңге қаралғанын, қаржы ауылдық округтер мен шағын қалалар тұрғындарына 2,5%-дық несиемен қамтылатынын алға тартты. Оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтар 8,6 млн. теңгеге, ауыл шаруашылығы кооперативтері 27,6 млн. теңгеге дейін қаржыландырылады. Несиелендіру уақыты да екі бағытта. Мал шаруашылығымен айналысушылар 7 жылға дейін, басқа бағыттар 5 жылға дейін мерзімге несиелендіріледі. Жобаны үйлестіру – «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жүктелген. Бұл құрылымға қаралған қаржыдан 1,56 млрд. теңге аударылған. Басқарма басшысы осы уақытқа дейін жобаға қатысуға 71 өтінім түскенін, оның ішінде Қаратал ауданы белсенді екенін алға тартты. Ұсынылған жобалардың дені, яғни 65-і мал санын молайтуды көздейді екен. 

Мұнан кейін басқарма басшысы субсидиялау жайын таразылады. Өңірдің ауыл шаруашылығын қолдау үшін республикалық қаржы қалтасынан 29,7 млрд. теңге қаралса, оның 23,3 млрд. теңгесі субсидияға бағытталған. Н. Кененбаевтың сөзіне сенсек, осы уақытқа дейін өңірдегі 3346 шаруашылыққа 6,5 млрд. теңге субсидия берілген. Бұл биылға бөлінген қаржының 28%-ын құрап отыр.

Артынша Жетісу облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Әпеков «Жер аманаты» жобасының жүзеге асуы турасында баяндады. Басқарма басшысы өткен жылы өңірде пайдаланылмай жатқан 857,2 мың гектар жер анықталғанын айтты. Сол жылы 1418 жер иесіне анықталған бұзушылықты жоюға 1 жыл мерзімге нұсқама беріліпті. Ал биылға 220 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Бүгінде 85 мың гектары қайтарылыпты. Басқарма басшысы жыл соңына дейін жоспар толық орындалатынын уәде етті.

Айнұр РАХЫМБЕКҚЫЗЫ, 
ЖУ-дің журналистика мамандығының 3-курс студенті