Жуырда «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының ғимаратында облыстық мәслихаттың VIIІ шақырылым депутаты Римма Салықова баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында халық қалаулысы сайлау науқанынан бері атқарған жұмыстарын, көтерген бастамаларын ортаға салды.
«AMANAT» партиясының партиялық тізімімен облыстық мәслихатқа өткен Р.Аждарқызы жыл басынан бері 5 қоғамдық қабылдау өткізіпті. Сол қабылдауларда жергілікті жердің тұрғындарының отбасылық, әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып келеді екен. Тұрғындар халық қалаулысына баспана, денсаулық, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жұмыссыздық мәселелері бойынша шағымданған.
Осындай ауқымды мәселелердің нәтижесінде Р.Аждарқызы тиісті құрылымдарға 5 депутаттық сауал жолдаған. Нәтижесінде 4 мәселе түсіндірме жұмыстары өзегінде шешімін тапса, 2 жағдайда тұрғындар көтерген материалдық көмек мәселесі қоғамдық қабылдау барысында шешімін тапқан.
Римма Салықова депутаттық құзіретіне сай бюджет қаржысын тиімді жұмсауға септесуді мықтап қолға алған. Спикердің айтуынша, бір ғана денсаулық сақтау саласы бойынша 5 медициналық нысандағы жұмыстар сараланған.
Айтуынша, халық қалаулысы «Күншуақ» реабилитациялық орталығы, Сарыөзек елді мекеніндегі амбулатория, Талдықорған қаласындағы облыстық инфекциондық ауруханасының жұмысымен танысыпты.