Берік Асылов: Инвестициялық жобаларды қорғау – маңызды міндет

Уақыты: 30.01.2024
Оқылды: 854
Бөлім: МІНБЕР

Мемлекет басшысы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелден қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыру жөнінде ұдайы айтып, тиісті тапсырма беріп келеді. Әділ және бәсекелі экономиканың басты талабы – заңдылықтың сақталуы. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы жұмыстардың құқықтық тұрғыдан қорғалуына ерекше мән беріліп отыр. Инвестицияны қорғау қалай жүзеге асырылады? Олардың тұрақтылығын қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының, атап айтқанда, прокуратураның жаңа рөлі қандай? Осы мәселеге қатысты еліміздің Бас прокуроры Берік Асыловқа бірқатар сұрақ қойған едік.

– Берік Ноғайұлы, өткен жылы Президент Бас проку­ра­тураға инвестицияларды қорғауды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл бастама инвес­торлар тарапынан қолдау тапқаны да рас. Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

– Өздеріңізге мәлім, қазір ел экономикасын дамыту, оны монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау және инвестициялар тарту бағытында біраз жұмыс атқарылып келеді. Әсі­ре­се еліміз үшін инвестиция тарту­дың маңызы зор. Өйткені инвес­тиция – ел экономикасының темірқазығы, еліміздің жаhан­­дық деңгейдегі бәсекеге қабілет­ті­лігін арттырудың кілті.

Мемлекет басшысы инвестицияларды ынталандыру ұлттық басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Тәуелсіздік жылдары елімізге тартылған инвестиция көлемі 400 миллиард доллардан асады. Тек 2022 жылы шетелден 28 миллиард долларды құрайтын инвес­­тиция кірді. Бұл – кейінгі 10 жыл ішіндегі рекорд. Ел экономи­касына әлемнің ірі инвесторларын тарту мүмкіндігіміз мол. Мемлекет басшысының АҚШ пен Германияға ресми сапарынан кейін IT, медицина, көлік және метал­лургия салаларындағы ірі әлем­дік компаниялар қазақ­стан­­дық нарыққа келуге ынталы екен­­діктерін көрсетті. Себебі бізде энергетика, табиғи ресурс­тар, ауыл шаруашылығы мен көлік-логистикалық жүйелердің ­әле­уе­ті мол.

Елімізге тартылған инвести­циялар экономикамызға тамыр жаюы үшін бар мүмкіндікті жасауымыз қажет. Сол себеп­ті, мемлекеттік органдар инвес­ти­циялық қызметті қолдауға ба­рынша атсалысуға тиіс. Бұл бағытта жасалған нақты және аса маңызды қадам ретінде Мем­ле­кет басшысының 2023 жылғы 4 желтоқсандағы «Ел экономикасына инвестициялар тарту жөнін­дегі жұмыстың тиімділігін арт­тыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын атап өтуге болады. Себебі құжат тез шешім қабыл­дау­дың жаңа жүйесін енгізді.

Жарлық негізінде инвес­ти­­циялық штабтың жұмысы қайта құрылды. Ендігі жерде штаб қабылдаған шешімдер мем­лекеттік органдар мен ұлттық компаниялар үшін міндетті болып саналады. Бұл инвестициялық ортаны жақсартуды едәуір жедел­де­теді.

Президент Бас прокуратураға инвестициялық жобаларды сүйе­мел­деу мен оларды қорғауды жүк­­теді. Басқаша айтсақ, жо­ға­ры қадағалау органының та­ри­­хында жаңа сала пайда болып, прокуратураға жаңа міндет жүктелді. Осы арқылы қыз­ме­тімізге өзгеріс енгізілді деп айтуға да болады.

Біз үшін жүктелген міндет анық, ол – бизнесті жүргізу мен инвестиция тарту үдерісін барынша ашық, түсінікті және жеңіл ету. Инвесторлардың проблемаларын біз жөнсіз бөгеттер мен кедергілерсіз тікелей шешуіміз керек. Ол үшін біз ең алдымен Сыртқы істер министрлігімен байланыс орнаттық. Себебі Инвестиция комитеті осы министрліктің құрамында. Алдағы уақытта прокурорлар комитетпен тығыз жұмыс істейді.

Қазіргі таңда инвестицияларды тартуды және инвестициялық жобаларды кешенді сүйемел­деуді қамтамасыз ететін «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Өңірлерде «бір терезе» қағидаты бойын­ша фронт-офистер ашылып, әр прокуратурада call-орталықтар іске қосылды.

– Жалпы, инвестициялық жоба­ларды сүйемелдеу не үшін қажет? Қазіргі таңда прокурорлардың өндірісінде қанша жоба бар?

– Инвестициялық жоба­лар­ды сүйемелдеудің бас­ты­ мақ­са­ты – оларды іске асы­ру­дың бар­лық сатысында инвес­тор­­лар­ға құқықтық қолдау көр­се­ту және қорғау. Оның да бір­қа­тар сатысы бар. Мысалы, объек­тінің құрылысын бастау үшін мемлекеттік сараптама, сәу­лет, экологиялық бақылау және басқаларын қоса алғанда, түр­лі­ инстанциядан 60-тан астам рұқ­сат талап етіледі. Инженерлік желі­­лерге қосылу – мүлде бөлек мәсе­ле.

Бүкіл үдеріс бір жарым жылға дейін созылуы мүмкін. Кейде, тіпті, инвестордың дегеніне қолы жетпей, сағы сынып жатады. Кейде кейбір мемлекеттік орган инфрақұрылымдарды пайдалануға рұқсат бермесе, екіншісі, инвестордың жұмысын тоқтатып қояды, ал үшіншісі, бұрын алған жерін қайтарып беруді талап ететін жағдайлар да болып жатады.

Енді прокурорлар өздеріне жүктелген міндет аясында жұмысқа кірісіп, шенеуніктердің іс-әрекеттеріне құқықтық баға беруде. Мәселен, Алматының Өндіріс аймағында 26 инвес­тор Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының рұқсат бермеуіне байланысты бір жарым жылдан астам уақыт газбен жабдықталмаған. Тексере келе шенеуніктердің әр нәрсені сылтауратқаны анықталып отыр. Кәсіпкерлер қосылуға тиіс газ құбыры коммуналдық меншіктен пайдаланушыға – «ҚазТрансгазаймаққа» беріл­меген. Ал әкімдік газ құбы­рының меншік иесі ретінде қосылуына келісім беруге тиіс еді. Мәселе прокурорлар араласқаннан кейін шешімін тапты. Қадағалау актісі енгізіліп, кінәлі лауазымды адамдар жауапқа тартылды.

Ал Ақмола облысында испан­ инвесторы 3 жыл бойы жер ала алмаған соң, Қазақстаннан кетпек болған. Прокурорлардың араласуынан кейін 63 млрд теңге құрайтын жоба жұмысын бастады. Жобаны біздің қызметкерлер қоғамдық тыңдаулар сатысынан бастап, жер учаскесін беруге дейін сүйемелдеді.

Павлодар қаласында да француз инвесторының проблемасы шешілді. Одан әкімдік сүт өнімдерін өндіретін зауытты қаладан көшіруді заңсыз талап еткен. Сылтау – қаланың бас жоспары өзгерген. Ал кәсіпкер болса зауытқа бір жарым миллиард теңге инвестиция салған. Жобаларды сүйемелдеу кезінде прокурорлар мемлекет­тік орган­дардың іс-әрекетте­ріне баға беріп қана қоймайды, сот шешімдерін де мұқият талдайды.

Мәселен, Абай облысында аудандық сот цемент зауытын сатып алу туралы шартты заңсыз деп тану туралы шешім шығарған. Ол шешімге прокуратура апелляциялық өтінішхат енгізіп, облыстық сот күшін жойды. Соның арқасында құны 25 млрд теңге тұратын сингапурлық инвес­тордың өндіріс орны сақ­тал­ды. Мұндай мысалдар жеткілікті.

Бүгінде прокурорлар 7,5 млрд доллар тұратын мыңнан астам жобаны сүйемелдеуде. Жоба құрамында Жалпыұлттық пулдың 1011 жобасына кіретін 32 шетелдің және 40-тан астам ірі отандық инвестор бар. Барлық инвестициялық жоба зерделеніп, оларға жан-жақты құқықтық баға берілді, 94 инвестордың құқығы қорғалды. Олардың ел экономикасына салған салымдарының жалпы құны 1,4 трлн теңгені құрайды.

Әлі де атқарылатын жұмыс көп, ең бастысы инвесторларды қорғаудың тиісті механизмі іске қосылып, қазір қарқын алып келеді. Қазір біз барынша күш-жігерімізді сала отырып, қорғау тәсілдерін жетілдірудеміз, сонымен қатар жаңа әдістерді енгізу жұмыстарын қолға алдық. Бұл үдеріске инвесторлар да өз үлесін қосып келеді.

Инвестициялық штаб олар­­­дың ұсынысымен инвес­тициялық жобалар бойынша «прокурорлық сүзгі» деп аталатын жаңа тәсіл енгізді. Енді мемлекеттік органдар­ мен ұлттық компания­лар инвесторларға қосымша жүк артатын кез келген тыйым салу немесе шектеу сипатындағы шешімдерін алдымен прокурорлармен келіседі.

Бұл жерде инвестордың жұмысын тоқтату, лицензиялар мен басқа да рұқсат құжаттарын қайтарып алу, келісімшарттарды бұзу, салықтық тексерулер, әкімшілік іс қозғау және басқа да шешімдерге қатысты айтып отырмыз. Мысалы, өңірлердің бірінде Кәсіпкерлік және инвестиция­лар басқармасы темірбетон бұйымдарын шығаратын өндіріс орнының жұмысына кедергі келтіретін шешім шығарған. Шешімді қабылдауға прокуратура тосқауыл қойды.

Құзыретті орган алдымен өздері бюрократтық кедергілер жасап, құрылыстың кешігуіне себеп болған, ал соңында келісімшартты ұзартудан және зауытты пайдалануға беруден бас тартуға тырысқан. Прокуратура араласқаннан кейін келісімшарт мерзімі ұзартылып, инвестор құрылысты жалғастыруға мүм­кіндік алды.

Бас прокуратура Павлодар облысында салық органы француз инвес­торына 99,8 млн теңге заңсыз салық салмақ болғанын анық­тады, оған жол берген салық қыз­меткері тәртіптік жазаға тартылды.

Жоғарыда айтып кеткен «проку­рор­лық сүзгі» инвес­тиция саласындағы әр шешімнің заңды болуын қамтамасыз етіп, шенеуніктердің құқыққа қайшы әрекеттеріне тосқауыл қоюда. Жалпы, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бүгінгі күні прокуратураның толыққанды және кешенді қызметіне айналды деп айтуға болады.

– Бизнесті қорғаудың тәсілдерін қалыптастыруда инвесторлардың өздері де үлес қосқанын айтып өттіңіз. Олармен өзара іс-қимыл қалай ұйымдастырылған?

– Әрине, жұмыста кездесетін мәселелерді инвесторлардың өздері де жақсы біледі. Көбіне инвесторлар біздің назарымызды кейбір шенеуніктердің жұмыстарына салғырт қарап, әуре-сарсаңға салып қоятынына аударады. Саланың мәселелеріне талдау жасап, сот практикасын зерделей келе, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс аясында шығарылған сот шешімдерінің жартысы кәсіпкерлердің пайдасына шешілетінін анықтадық. Көп жағдайда мемлекеттік аппарат кәсіпкерлерді негізсіз сотқа тартып, жұмыстарына кедергі келтіреді.

«Kazakh Invest»-пен бірлесіп жасалған жұмыс барысында Ақмола облысында мал азығын дайындайтын зауыт пен құс фабрикасын салу жөніндегі жобаны қолға алған инвестордың жұмысына бөгет жасау фактісі анықталды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жобаны келісу мерзімін негізсіз созбалаңға салған. Прокуратураның араласуынан кейін инвесторға оң қорытынды берілді, соның арқасында жоба жүзеге асырылуда. Ал министрліктің департамент басшысы тәртіптік жазаға тартылды.

«Прокурорлық фильтрдің» басты мақсаты – осындай заңсыз практиканы толығымен жою. Жалпы, бизнес-қауымдастықпен тығыз байланыс – өте маңызды және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тәжірибесін жетілдіру үшін таптырмайтын мүмкіндік.

Президент осы міндетті жүктеген кезде инвесторларға тиімді көмектесу үшін жұмы­сымыздың нақты шегін белгілеу мен мемлекеттік органдарға ықпал ету деңгейін анықтауды қолға алдық. Жұмысымыздың барлық аспектісін ой елегіне сала отырып, тиімді шешім қабылдадық. Бізге ірі инвесторлар, консалтингтік фирмалар, соның ішінде аудит саласындағы әлемдік көшбасшылар «үлкен төрттіктің» өкілдері («Deloitte», «Ernst & Young» және KPMG) көмектесті. Олар инвестициялық жобаларға қатысты мемлекеттік органдар шешімдерін қабылдау рәсімдерінің ұзақ әрі көпсатылы екенін айтып отыр.

Инвесторлармен өзара байланыс үшін цифрлық платфор­малардың маңызы зор екенін айта кеткім келеді.Осы бағыттағы жұмысты жолға қою барысында шетел тәжірибесін де зерделедік. Қытайлық әріптестеріміздің «Заң үстемдігі – үздік бизнес-орта» тұжырымдамасымен таныстық. Көрші елдің бұл тұжырымдамасы барлық нарық субъектісін бірдей қорғауға, экономиканы сапалы дамытуға және заманауи мемлекет құруға бағытталған.

Біз халықаралық тәжірибені ескере отырып, инвесторлар ұсынған шараларды енгіздік. Оның бірқатарын жеткілікті түрде пысықтау үшін Үкіметке жолда­дық. Былтыр инвесторлық жобаны іске асыруға қажет рәсімдерді жеделдету мақ­са­тында «жасыл дәліз» – «Fast Track» инвес­тициялық жобаларды қолдау жүйесін енгізуді ұсындық. Қазіргі уақытта тиісті ережелер әзірленіп жатыр.

Бастапқы кезеңде «жасыл» секторда «Fortune Global 500» тізіміндегі әлемдік брендтер мен жоғары технологиялық компаниялар болады деп болжап отырмыз. Егер компания әлемдік деңгейде танымал болса, онда оны барлық рәсімнен өткізу қисынсыз екені сөзсіз.

– Прокуратура кәсіп­кер­лердің мүддесін қорғауға бірақ уақыттан бері назар аударып келеді. Ал бұрын енгізілген новеллалар қаншалықты тиімді жұмыс істейді?

– Өткенге көз жүгіртсек, 20-30 жыл бұрынғы заңнама қоғамдағы өзгерістерге бейім­­деліп үлгермеді, нақты анық­талған бақылау мен реттеу үдерістері мен ережелері болмады. Кейбір шенеунік бизнес өкілдерімен қарым-қатынаста өздерін ерекше санап, кез келген бизнес-объектіге ескертусіз кіріп, өзін сол бизнестің иесі сияқты ұстайтын. Қазір жағдай мүлдем басқа.

Кейінгі жылдары ауқымды заңна­ма­лық жұмыс жүргізілді. Жоғарыда айтып кеткен шаралар – соның жалғасы. Бүгінде бизнес-субъектілерді тексерудің бар­лық нысаны Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде арнайы тіркеледі. Яғни сол арқылы бизнесті тексеру прокурорлар тарапынан бақылауға алынып, бизнеске қысым бірнеше есе азайды. Тек тіркеу сатысында 2 мыңнан астам заңсыз тексеруге жол берілмеді.

Ал енді қылмыстық үдеріске келсек, салаға үш буынды модель енгізу бизнесті қорғауды да күшейтіп отыр. Қазір тергеуші барлық негізгі шешімдерін прокурормен келісуге міндетті, әйтпесе олар заңсыз болып саналады.

Менің нұсқауыммен бизнес өкілдеріне қатысты қылмыстық іс қозғаудың нақты қосымша талаптары бекітілді. Бұл шаралар тиімділігін көрсетті. Өткен жылы кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істер саны 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге – 913-тен 444-ке азайды. Ал қылмыс құрамының болмауы немесе ақтау негіздері бойынша тоқтатылған істер үш есеге – 470-тен 133-ке кеміді.

Жаңа тәсілдер ойдағыдай сынақтан өтіп, елімізде іскерлік климаттың жақсаруына ықпал етті деп айтуға негіз бар. Өткен жылы прокурорлардың арқа­сында 130 мың кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілді. 14 мыңнан астам заңсыз ты­йым салу-шектеу шарасы, 21 мың салық бұйрығы, 4,9 мың әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің күші жойылды, ­13 мың атқарушылық іс жүр­гізу тоқтатылды. Бұдан бөлек 1,2 мың­нан астам лауазымды адам түрлі жауапқа тартылды.

Қазіргі таңда кәсіпкерлікке кедергі жасауға қатысты сотта 2 қыл­мыстық іс қаралып жатыр. Бұл істер бойынша прокурорлар мемлекеттік айыптауды қолдап отыр. Бизнесті қорғау жөніндегі мобиль­ді топтар тәулік бойы жұмыс істейді. Өткен жылы олар кәсіпкерлердің 2 мыңнан астам шағымын қарады. Нәтижесінде, әрбір бесінші шағым негізді деп танылды.

Бизнесті қорғау – прокурорлар орталықта да, жергілікті жерлерде де жүзеге асыра­тын тұрақты әрі қажырлы жұмыс. Мұндай қызмет жаңа кәсіп­орындар мен жұмыс орындарын ашып, жұмысшыларды лайықты жалақымен қамтамасыз етуде маңызды екені даусыз. Осының барлығы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағыт­тал­ған әділетті Қазақстан құру үшін маңызды.

– Еліміздегі инвестициялық ахуалды одан әрі күшейту үшін қандай мүмкіндіктер бар?

– Қазір мемлекет кәсіпкерлікті реттеу тәсілдерін қайта қарауды қолға алды. Үкімет мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты өзгертетін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Жаңа реттеу саясаты енгізілді, ол бизнеске қойылатын тиімсіз талаптарды жоюға бағытталған. Осы саясатты ескере отырып, кәсіпкерлерге қойылатын Міндетті талаптар тізілімін құру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Барлық нормативтік талапты қамтитын тізілім бизнес-ортаға теріс ықпал ететін талаптарды жою әдісін қолдануға мүмкіндік береді.

Үкімет бизнес-қауым­дас­тықпен бірлесіп, 10 мыңнан астам артық талапты анықтады, 9 мыңының күшін жойды. Мемле­кет­тік бақылау және қадағалау жүйесіне рефор­ма жүргізіліп жатыр. Мақсат – профи­лактикалық іс-шара­лар мен тексерулерді нақты фактілерге негіздеу.

Қазір Бірыңғай цифрлық инвестициялық платформа деген жүйені әзірлеп жатырмыз. Жүйе елге инвестиция әкелуден бастап, оны пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті нақты уақыт режімінде бақылап отыруға мүмкіндік береді. Жауапты адамдарды көрсете отырып, жобаның барлық кезеңі, әсіресе рұқсат құжаттарын алу, жер учаскесін беру және басқа да үдерістер цифрланады. Жүйе құқық бұзу мен кедергілер болған жағдайда Сыртқы істер министрлігі мен прокурорға сигнал береді. Қазір үдерістерді талдау және бақылау механикалық жолмен жасалады.

Еліміздің алдында тұрған мақсат – экономикалық өсімді 6-7 пайызға, 2029 жылға қарай экономика көлемін екі есеге арттыру. Мемлекет басшысы осы мақсаттарға жету үшін бизнесті жүргізу стандарттарын, қағидалары мен практикасын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне жеткізуге арналған ауқымды реформалар қажет болатынын атап өтті. Барлық мемлекеттік органның басшылары осы міндеттің маңызын түсініп, болашақ инвестициялық өрісті қалыптастыруға белсенді қатысады деп санаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»