Әкімдіктерге көктем басталмай тұрып ескерту жасадық – Қазгидромет директоры

Уақыты: 02.04.2024
Оқылды: 305
Бөлім: МІНБЕР

Үкімет отырысында "Қазгидромет" РМК бас директоры Данара Әлімбаева өңірлердегі әкімдіктерге қыс мезгілінде-ақ су тасқаны туралы ескерту жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлімбаеваның айтуынша, бүгінгі таңда Ақтөбе облысы бойынша су тасқыны шарықтау шегіне жеткен.

"Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облыстарында су деңгейінің көтерілуі байқалады. Батыс Қазақстан облысында су деңгейі тағы да көтерілуі мүмкін. Трансшекаралық өзендерде де осы жұмада су деңгейі өз деңгейінен асады", – деді Қазгидромет директоры.

Данара Әлімбаеваның айтуынша, синоптиктер көктем басталмай тұрып су астында қалатын өңірлер туралы ақпарат берген.

"Желтоқсан айынан бастап біз су тасқыны қаупі бар аймақтарды атап өтті. Оларға Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы және Абай облысы кіретіні туралы ескерттік. Себебі аталған өңірлерде су тасқыны қаупі жоғары болды. Бұл ақпарат жергілікті атқарушы органдарға жіберілді. Сонымен қатар наурыз айынан бастап біз жүзден аса дауыл туралы хабарламалар жіберіп, ескерту айттық", – деп түйіндеді ол.

Еске салайық, 2024 жылдың 27 наурыз күні Ақтөбе облысында көктемгі су тасқыны салдарынан төтенше жағдай жарияланды. Қардың қарқынды еруінен жергілікті тас жолдың бір бөлігін еріген су шайып кетіп, көлік қозғалысы тоқтатылған. Жалпы қазір елдің 10 облысында су тасып, қауіп төндіріп тұр. Кейбір аймақта төтенше жағдай жарияланған. 

Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды, Павлодар және Абай облыстарына қауіп төніп тұрғанын хабарлады. Әр аймақта 100-ден астам тасқын тіркеліп, 297 үй су астында қалды. 18 жолды су шайып, екі көпір бұзылды. Әзірге аймақтарда келтірілген материалдық шығынның мөлшері айтылған жоқ.