"68 адам ұсталды": Браконьерлер толастамай тұр

Уақыты: 02.06.2023
Оқылды: 861
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Облыс аумағында 3 сәуір мен 1 маусым аралығында өткен «Нерест» профилактикалық іс-шарасының барысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 68 адам ұсталды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Соңғы дерек Сарқан ауданында тіркеліп, көршілес Алматы облысының 1983-87 жылы туған екі тұрғыны Балқаш көлінде ұсталды. Тәртіп сақшылары ұсталғандардан 272 келі заңсыз ауланған балық, екі қайық, балық аулауға арналған түрлі қармақтар мен тыйым салынған дараталшық торларын тәркіледі.

«Іс-шара барысында 68 құқық бұзушы ұсталды. 5 дерек бойынша қылмыстық тергеу ісі қозғалды. Ұсталғандардан шамамен ұзындығы 3 км әртүрлі браконьерлік торлар, 5 қайық және 800 кг-нан астам заңсыз ауланған балық тәркіленді. Жалпы келтірген шығын шамамен 6 млн. теңгені құрайды», - деді Жетісу облысы ПД табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы Бағлан Рымжанов.

Ведомствода браконьерлерден тәркіленген балық сату үшін қабылдау пунктіне өткізіліп, одан әрі жиналған қаражат мемлекет кірісіне тапсырылатынын атап өтті.

Сурет ғаламтордан алынды