Сарқан ауданында марихуана өсіргені үшін ауыл тұрғыны ұсталды

Уақыты: 20.06.2023
Оқылды: 1213
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысында құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіргені үшін ауыл тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Аталған дерек Сарқан ауданында тіркелді. Онда полиция қызметкерлері ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп “Қарасора – 2023” профилактикалық іс-шарасының аясында Қарғалы ауылының 35 жастағы тұрғынын ұстады.

Ер адам өзінің жеке тұрғын үй учаскесінде құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсірді деп күдікке ілінді.

– Ауыл тұрғынының бақшасынан 100 түптен астам өсірілген марихуана табылды. Өсімдіктер тамырымен жойылып, тәркіленді. Тексеру кезінде кептірілген марихуана және есірткі заттарын тұтынуға арналған әртүрлі құрылғылар табылды. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деді Жетісу облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Жетісу облысы ПД Баспасөз қызметінің мәліметінше соңғы бірнеше күнде облыстың Сарқан ауданы, Талдықорған және Жаркент қалаларында құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсірудің 3 дерегі тіркелді.