Жетісу облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 15 дерегі анықталды

Уақыты: 22.09.2023
Оқылды: 671
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысының полицейлері үш күн ішінде жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 15 дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өңірде “Жер қойнауын қорғайық” атты үш күндік жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды. Оның аясында тәртіп сақшылары қоғам белсенділерімен бірлесіп, жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 15 фактісін анықтады.

Құқық бұзушылықтар облыстың барлық аудандарында, соның ішінде облыс орталығының аумағында да анықталды. Құм, қиыршық тас, саз балшық пен тағы да басқа жер қойнауын заңсыз өндіру және тиеп-әкету мәселесіне назар аударылды.

– Ең көп заң бұзушылық Қаратал ауданында анықталды. Онда Үштөбе қаласының маңында қиыршық тас пен құмды алып кетпек болған 6 жүк көлігі ұсталды. Сондай-ақ Талдықорған қаласының шетінде саз, қиыршық тас тиеген 4 көлік анықталды. Облыс бойынша барлығы 196,5 текше метр инертті  материал тәркіленіп, 15 факті тіркелді, – деді Жетісу облыстық ПД табиғатты қорғау полициясының бастығы Бағлан Рымжанов.

Заң бұзушылық фактілері бойынша жиналған материалдар облыстық экология департаментіне және көліктік бақылау инспекциясына шара қолдану үшін жолданды. 

Полиция азаматтарды жер қойнауын пайдалану, оның ішінде инертті материалдарды заңсыз өндіру және әкету фактілері туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады. Алдағы уақытта осындай іс-шараларды тұрақты түрде жүргізу жоспарланған.