Заң талаптары сақталуы тиіс

Уақыты: 16.11.2023
Оқылды: 471
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жақында облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен облыс бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда Сарқан ауданының жергілікті бюджетін жоспарлау, бөлінген бюджет қаражатының және мемлекет активтерінің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды. Бұл туралы облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Дайырбеков айтып берді.

 – Қайрат Еркінғалиұлы, жауапты тұлға ретінде Сарқан ауданында жүргізілген аудиторлық іс-шаралар жайында айтып берсеңіз.

– Мемлекеттік аудит аталған ауданның жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын 15 мемлекеттік мекемесінде жүргізіліп, алдыңғы жылдың қаңтарынан бастап, өткен жылдың желтоқсаны аралығындағы кезең қамтылды. Аудиторлық іс-шарамен 4 459 413,0 мың теңге бюджет қаражаты қамтылып, ҚР-дің бюджеттік және өзге де заңнамалары талаптарын сақтамау салдарынан жалпы сомасы 3 227 748,9 мың теңге бұзушылықтар анықталды. Соның ішінде 474 051,0 мың теңге қаржылық бұзушылықтар, 941 450,3 мың теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, 1 812 247,6 мың теңге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау,  сонымен бірге, 109 бірлік рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар орын алған. Мемлекеттік аудитпен бюджеттік бағдарламалар бойынша шығыстардың жоспарлауын талдау барысында ҚР Бюджет кодексінің принциптері сақталмай, жалпы сомасы 1 812 247,6 мың теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланғаны анықталды. Мысалы, «Сарқан аудандық экономика және қаржы бөлімі» ММ бойынша Бюджет кодексінің және Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларының талаптары сақталмай, бюджеттік өтінімде мәлімделген қаржыландырудың бюджеттік бағдарламалар нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізуге ықпалын сипаттай отырып, жергілікті бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң әрбiр бюджеттiк бағдарламасы бойынша шығыстардың түрлерi бойынша есептеулер жасалмай, жалпы сомасы 1 081 084,0 мың теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған.

Мемлекеттік органдардың қызметін іске асыруға бөлінген бюджеттік қаражаттың орындалуын талдау барысында Бюджет кодексінің принциптері сақталмай, жалпы сомасы 941 450,3 мың теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалғаны анықталды. Мысалы, «Сарқан ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ ауданда барлық коммуналдық қызметтерді орталықтандыру мақсатында 2021 жылы 71 900,0 мың теңгеге сатып алынған «SmartSiCenter платформасындағы «Бірыңғай есеп айырысу орталығы» бағдарламалық жасақтамасы» бүгінгі күнге дейін қызмет көрсететін мекеме немесе қызметкер айқындалмай, мүлде пайдаланылмайтындығы анықталды. ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының және мемлекеттік мекемелер мен мердігерлер арасында жасалған келісімшарттың талаптарына қайшы ауданның мемлекеттік мекемелері мердігерлерден мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша қабылдаған міндеттемелерін тиісінше орындамағаны үшін жалпы сомасы 1 974,8 мың теңге тұрақсыздық айыбын өндіріп алу қамтамасыз етілмей, мемлекеттік сатып алу заңының талаптарына сәйкес мердігерлерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап-арызбен сотқа жүгінбеген. Ауданның мемлекеттік мекемелерінде бухгалтерлік есепті жүргізудің дұрыстығын талдау барысында жалпы сомасы 476 432,2 мың теңге негізгі құралдар мен материалдық активтер бухгалтерлік балансқа алынбай, активтер сомасы азайып, амортизация сомасы дұрыс есептелінбей, қаржылық есептіліктің бұрмалануына әкелгені анықталды. Ауданда салынған, күрделі және орта жөндеу жұмыстары жүргізілген нысандарды бақылау барысында жалпы сомасы 5 271,7 мың теңгенің жұмыстары орындалмағаны анықталды. Мысалы, «Ауданның Сарқан қаласы әкімінің аппараты» ММ бойынша «Сарқан қаласының көшпелі трассасының ұзындығы 2 шақырым көше жарығын жөндеу жұмыстары» нысаны бойынша жалпы құны 1 744,5 мың теңгенің орындалмаған жұмыстарына, яғни, орнатылмаған 12 дана 50 Вт жарық диодты шамы бар бағаналы көше шамдары, тағы басқаларына қаражат төлеген. ҚР-дің Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптары сақталмай, 6 мемлекеттік мекеменің басшылығы тарапынан мемлекеттік органның өз қызметін ұйымдастыру және ішкі тәртібі мәселелері бойынша регламент қабылдамаған.

– Аудит барысында бұзушылықтар мен кемшіліктер жіберген лауазымды тұлғаларға қандай шаралар қолданылды?

– Жалпы, ауданда жүргізілген аудиторлық іс-шаралар барысында анықталған бұзушылықтар бойынша мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымды тұлғаларының әкімшілік жауапкершілігін қарастыру мақсатында әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарайтын соттар мен уәкілетті органдарға 11 мемлекеттік аудит объектісі бойынша жалпы саны 49 материал жолданды. Оның ішінде  Сарқан аудандық сотына жалпы саны 8 материал жолданды, бүгінгі күнге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің  (бұдан әрі – Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі) 234-1 бабына сәйкес 3 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жалпы саны 37 материал жолданды. Бүгінгі күнге  Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 238-бабының 1-тармағы 2- тармақшасына сәйкес 11 лауазымды тұлға, 207-бабының 10-тармағы 3-тармақшасына сәйкес 17 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жалпы саны 4 материал жолданды. Бүгінгі күнге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 321-бабына сәйкес 1 лауазымды тұлға, 316-бабының 1-тармағына сәйкес 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге 15 лауазымды тұлға тәртіптік жаза арқалады.

– Осындай бұзушылықтар мен кемшіліктерге жол берілуінің себебін түсіндіріп өтсеңіз.

– Анықталған бұзушылықтарға ҚР Бюджет кодексі, Азаматтық кодексі, Жер кодексі, ҚР Қаржы министрлігінің бухгалтерлік есеп жүргізу қағидалары, Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидалары, ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы, Құрылыс заңы талаптарының сақталмауы салдарынан жол берілген. Бюджет қаражаты шығындарын жоспарлау кезінде тиімділік принциптерінің сақталмауы салдарынан бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылып, жоспарланады. Демек, анықталған фактілер ішкі бақылаудың өз деңгейінде емес екенін көрсетеді және мемлекеттік аудит объектілер қызметінің тиімділігін бағалау мүмкіндігіне айтарлықтай әсер етеді.

Жоғарыда баяндалған бұзушылықтар мен кемшіліктер өңірдің қаржылық жағдайы туралы сенімсіз ақпарат беруге, активтердің мақсатсыз және тиімсіз жұмсалуына, бюджет түсімдері мен шығыстарын тиімсіз жоспарлауға, жоспарланған бюджеттік бағдарламалар бойынша тікелей және түпкілікті, уақытылы нәтижеге қол жеткізбеуге, басқа да салдарға әкеп соқтыруы мүмкін.

Отырыс қорытындысы бойынша тексеру комиссиясының қаулысы қабылданып, аудит объектілеріне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.

– Рахмет!

Әңгімелескен Айгүл Байжұмақызы