Талдықорған полициясы патрульдеу бағыттарын қайта қарап шықты

Уақыты: 06.02.2024
Оқылды: 557
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған полициясы патрульдеу бағыттарын қайта қарап шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу өңірінің бас полицейі Сарқытбай Құсайынов қауіпсіз қоғам үлгісінің бірі ретінде полиция қызметіне “сервистік” көзқарас аясында облыс орталығының патрульдеу бағыттарын қайта қарастыруды тапсырды.

– Көшедегі қылмысты барынша азайту мақсатында, криминогендік ахуалдың нақты бүгінгі таңдағы жай-күйін ескере отырып, біз патрульдеу бағыттарын үнемі қайта қарастырып отырамыз. Мысал келтірсек, егер бұған дейінгі уақытта полиция жасақтарының бағыттары мәдени-ойын-сауық кешендеріне, жанармай құю станцияларына және басқа да қоғамдық орындарға барынша жақын болса, қазір біз қаланың жарық жүйелері орнатылмаған көшелеріне, шағын аудандарға, саяжайлар мен көлік тұрақтарына, сондай-ақ қылмыс орын алуы мүмкін қаланың шет жақтарына назар аударуды жөн көріп отырмыз. Осыған орай, бейнебақылау жүйелері жоқ дәлірек айтқанда “соқыр” аймақтарда жасақтарды қою көзделген. Осылайша, біз облыс орталығының криминогендік учаскелерін талдап, олардың әрбіріне аулаларды қамти отырып, жеке патрульдеу бағытын әзірледік, – деп атап өтті Сарқытбай Құсайынов.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің бұл үлгісі “полиция қадамдық қолжетімділікте” қағидатын іске асыру шеңберінде негізделеді. Осындай тұрақты талдау мен бейнекамераларының тәуліктік бақылауы, аталған бақылау жүйелерін қай жерлерге орнату керектігі мен патрульдік бағыттардың уақытына түзету енгізуге мүмкіндік береді.

– Ықтимал қауіп-қатерлерді уақытылы жою арқылы құқық бұзушылықтарды алдын алу – біздің басты міндетіміз. Әрбір криминогендік бағытқа полиция басқармасының басшылығынан жауапты және тексеруші учаскелік полиция инспекторлары, жаяу патрульдер, автопатрульдер тарапынан бақылау орнатылады, яғни бұл учаскіге төрт жақты бақылау жүзеге асырылады, – деп қорытындылады С.Құсайынов.

Естеріңізге сала кетейік, Талдықорғанда “SOS” шұғыл шақырудың 7 түймесі орнатылған. Хабарламалар жедел басқару орталығына лезде келіп түскеннен кейін, оқиға орнына жақын маңдағы полиция жасағы жіберіледі.

Бұл аймақтық полицияның жұмысында қолданылатын барлық цифрлік шешімдер емес. Жергілікті атқарушы органдармен өзара бірлескен іс-қимыл нәтижесінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға қол жеткізілуде. Мәселен, жыл сайын әкімдіктің белсенді қолдауымен цифрлық технологиялар (бейнекамералар, бағдарламалық қамтамасыз ету, бейнежетондар және т.б.) енгізіліп, жетілдірілуде. Тиісті кешенді шаралар қабылданып, облыс орталығында қылмыс саны 29% төмендеді.

Фото: Polisia.kz