Жетісу облысының соттары 17 мыңнан астам азаматтық істі қарады

Уақыты: 08.02.2024
Оқылды: 536
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Журналистер үйінде қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Асхат Гапуов пен әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының судьясы Диляра Избаированың қатысуымен сот төрелігін іске асырудың 2023 жылғы қорытындысы бойынша брифинг өтті.

Баспасөз мәслихатында 2023 жылы облыстың сот төрелігіне келіп түскен арыз-талаптар мен қылмыстық істердің қорытындысы жайлы сөз болды. 

– Жетісу облысының аудандық және оларға теңестірілген соттарына 17 303 азаматтық іс пен талап-арыз келіп түсті. 2022 жылмен салыстырғанда түсімнің өсуі 26,7% көрсетеді. 2023 жылы өтініштер бойынша 11 515 іс қозғалды. Олардың қатарында татуластыру рәсімдері, жеңілдетілген өндіріс, аумақтан тыс соттылық, сот төрелігін жүзеге асыру сапасы, жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша өтініштерді қарау практикасы, ӘРПК, істерді апелляциялық тәртіппен қайта қарау және істерді кассациялық тәртіппен қайта қарау бар, – деді әкімшілік  істер  жөніндегі сот алқасының судьясы Диляра Избаирова.

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Асхат Гапуовтың айтуынша, тергеу соттары бойынша 2023 жылдың басынан бастап облыстық  және  оған теңестірілген соттар бойынша 3 256 өтініш хат пен шағым қаралған. 

Айта кетейік, былтыр облыс соттары 65 тұлғаға қатысты 180 348 480 теңгеге айыппұл салған. Бұл ретте 35 адамға қатысты 163 мың теңгеге жуық айыппұл сыбайлас жемқорлыққа байланысты салынған.

Назым ЖЕҢІСҚЫЗЫ,
ЖУ-дің студенті