Елімізде азаматтарды көктемгі әскер қатарына шақыру науқаны басталмақ. Осыған байланысты Талдықорғандағы оқушылар сарайында арнайы жиын өтті. Әр саланың өкілдерінен құрам тапқан комиссия мүшелерінің қатысумен өткен басқосуда Жетісу облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының қорытынды баяндамасы тыңдалып, әскерге шақыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды.
Мамандардың мәліметінше, көктемгі әскерге шақыру жұмыстары 1-ші наурыздан басталып 30 маусымға дейін жалғасады. Өткен жылы Жетісу облысынан 1800-ден астам адам азаматтық борышын өтеуге аттандырылса, биыл тағы 2 мыңға жуық жас әскери міндет өтеуге жіберілмек.
Аймақтағы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысыларының сөзінше, Қазақстан Республикасының Конституциясының 36-бабының 1, 2 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 31-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президентінің жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде жылына екі рет жүргізіледі. 18 жастан 27 жасқа дейінгі әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды жасақтау үшін қажетті санында мерзімді әскери қызметке шақырылуға жатады. Азаматтарды әскери қызметке шақыру «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 27 - бабына сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар, Заңның 30-бабына сәйкес әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органдарының шақыру қағазы бойынша әскерге шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органдарына жүктеледі. Ішкі істер органдары өз құзіреті шегінде әскери міндеттілікті орындаудан жалтарған адамдарды іздестіруді жүзеге асырады.
Жауаптылардың айтуынша, жалпы әскерге 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар қабылданады. Ал, Заңның 35-бабына сәйкес әскери қызметке шақыруды кейінге қалдырудың жолдары мынадай:
1. Отбасы жағдайына байланысты;
2. Білім алуды жалғастыру үшін;
3. Денсаулық жағдайы бойынша;
4. Басқа да себептер бойынша;
Заңның 36-бабына сәйкес әскери қызметке шақырудан босату:
1. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
2. 27 жасқа толған, заңды негіздер бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылмаған;
3. Туыстарының бірі (әкесі, анасы, аға-інілері немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан, қайтыс болған немесе оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген;
4. Басқа мемлекетте әскери қызмет өткерген;
5. Ғылыми дәрежесі бар азаматтар;
6. Тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.
Басқосуда азаматтарды әскерге шақыру бойынша заң тәртіптерін сақтап, тиісті жұмыстарды атқару бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.
Айдын КӘЛІМХАН