Талдықорған тұрғындары жол-көлік оқиғасына кінәлі адамды табуға көмектесті

Уақыты: 29.03.2024
Оқылды: 278
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысының Талдықорған қаласында орын алған жол-көлік оқиғасына кінәлі адамды табуға қырағы азаматтар көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көлікті қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні анықтауға Талдықорған полицейлеріне қырағы азаматтар көмектесті. Қалалық полицияға белгісіз біреу көлігін соғып, қашып кеткені туралы жергілікті тұрғын арызбен жүгінді.

Оқиға таңға жуық болғаннан кейін, арызданушы автокөліктің нөмірін дұрыс көре алмаған. Бірақ сол жерден өтіп бара жатқан қырағы азаматтар ЖКО-ға кінәлі азаматтың көлігін суретке түсіріп үлгерген.

– Патрульдік полиция 42 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады. Жол-көлік оқиғасы болған жерді тастап, жасырынып кетіп қалғаны үшін жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. Түпкілікті шешім қабылдау үшін материалдар сотқа жіберілді, – дейді Талдықорған ҚПБ ППР командирі Асхат Амирхамзаев.

Автокөлік айыппұл тұрағына койылды. Оқиға орнын тастап кеткені үшін құқық бұзушыға ірі көлемде ақшалай айыппұл салынады және бір жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.

– ЖКО бойынша кінәлі адамды табуға  күн сайын таңертең қалада велосипедпен серуендейтін “Bike Team” қауымдастығының мүшелері көмектесті. Жәбірленуші егде жаста болғандықтан көліктің деректерін өз бетінше көре алмаған. Полиция атынан белсенді азаматтық ұстанымдары үшін, велошабандоздарға үлкен алғысымды білдіремін, – деді А. Амирхамзаев.