"Хат-хабар жоқ": колледжде көз жұмған студенттің туыстары полицияның жұмысына шағымданды

Уақыты: 01.04.2024
Оқылды: 249
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорғандағы инновациялық колледжде қайтыс болған 16 жастағы қыздың туыстары қылмыстық іс әлі қозғалмағанын айтып, полицияның жұмысына наразы екендіктерін жеткізді.

Қайғылы оқиға 28 ақпанда болған. 16 жастағы студент Зарина Берікқызы өмірден озардан санаулы сағат бұрын анасымен сөйлескен.

"28 ақпанда түскі уақытта қызыма колледжге бардық. Кешке қарай 19:30 шамасында ватсаппен сөйлестім. Бірақ денсаулығына шағым айтқан жоқ. Сатып алған кофтасының видеосын жіберіп, қызым көңілді еді. Сағат 20:00-ден кеткенде, яғни жарты сағаттан соң кураторы "Зарина ауырып тұр, бірақ келмей-ақ қойыңыз, жедел жәрдем шақырып қойдық" деді", - дейді марқұм студенттің анасы Жазира Тоғасбаева.

Араға он минут салып, куратор қайта хабарласады.

"Куратор "Зарина талып жатыр, келіңіз" деді. Араға жарты сағат салып барсақ, екі жедел жәрдем көлігі тұр. Кабинетте екі фельдшер, екі жедел жәрдемнің жүргізушісі, комендант пен бір студент қыз бар, бізді мүлдем кіргізбеді. Есікті ашпай қойды, "бала системада жатыр" деп бізді жолатпады", - дейді марқұм қыздың анасы.

Оқиға жатақханада болған. Колледж басшыларының бәрі сол жерден табылған. Олар қыздың анасын сабырға шақырумен болады.

"Содан 2-3 күн бұрын қызымның бөлмесін ауыстырып жіберіпті. Жаңа бөлмесіне барсам, қызымның бар затын жинап қойыпты. Қызымның өлгені туралы айтпай тұрып, бүкіл киімін жинап тастаған. Сол күні сағат кешкі тоғызда бардық, коменданттық бөлмені тек түнгі 11 шамасында, үш сағат өткен соң бір-ақ ашты. Үш сағат не істегендерін білмейміз, мен кіргенде қызымның денесі көгеріп, суып кеткен", - дейді Жазира Тоғасбаева.

Арада бір айдан астам уақыт өтсе де қылмыстық іс сол күйі қозғалмай тұр, дейді марқұмның туыстары.

"Істі Дина Жанатқызы деген тергеушіге берді. Ол адамнан ешбір хат-хабар жоқ, іздеп барсақ ол ауырып жатыр екен, жұмыста жоқ. Медэкспертизаның алғашқы сараптама қортындысында улы заттан уланған делінген. Енді сол уланған заты не зат, асқазанынан не табылды деп сұрасақ, ешкімнен еш жауап ала алмаймыз", - дейді студенттің анасы.

Марқұмның туыстары қалалық полиция басқармасының есігін қағумен күні өткен, тіпті прокуратураға шағымданады. Прокуратура полиция басқармасы басшысының орынбасары Сырым Жомартовқа жібереді. Орынбасар бір ай бір күн өткен істі басқа тергеушіге береді.

"Сырым Жомартов медэкспертиза жауабын біліп берем деп еді, ватсабыма "медэкспертиза шақыртуға кетіп қалыпты" деп жазып жіберіпті. Бұл іс әлі күнге бір орыннан қозғалған жоқ. Ал жатақханадағы студенттердің бірі "Зарина коменданттық бөлмеде құлады" дейді, енді бірі баспалдақтан құлады дейді. Ол студенттерге де бізді жолатпайды", - дейді қайғыдан қан жұтқан ана.

Ал полицияның айтуынша, қажетті сараптамаларды белгілеп, қылмыстық іс қозғаған.

"ҚР денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментіне "облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясы" ШЖҚ МКК қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс материалдарының көшірмелері бөлінді. Сондай-ақ ҚР ҚІЖК 200-бабы тәртібінде қылмыстық қудалау органы қылмыстық құқық бұзушылық пен заңның басқа да бұзушылықтарын жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою бойынша Жетісу облысының білім басқармасына ұсыныс енгізді", - дейді Жетісу облыстық полиция департаменті.

Дереккөз: Sputnik Қазақстан
Фото: Абзал Калиев