Жалған чек сазға отырғызбасын

Уақыты: 13.04.2024
Оқылды: 363
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Адамнан айла артылған ба? Кейде кей пенденің табиғаты өзгені алдауға құмартып тұратындай. Қазір электронды сауданың қызған кезі. Қолма-қол ақшадан гөрі мобильді банкинг арқылы сауда жасаған қолайлы.


Дейтұрғанмен, онлайн аударым өзгеден айласын асыруға бейімдердің айын оңынан тудырып тұр. Мәселен, Панфилов ауданында әккі кісі дүкенге жалған чек көрсетіп, бір дүкенді сазға отырғызып келген. 

Тарқата түссек, алаяқ әуелі сауда орнынан қажетті тауарды алады. Төлем жасар кезде әлеуметтік желідегі арнайы боттар арқылы электронды чекті қолдан жасайды. Сатушыға сол чекті көрсетіп, тауарды алып жөніне кетеді. Панфилов ауданындағы жағдай осылай жүзеге асқан. Үлкен Шыған ауылындағы дүкеннен тауарын алған соң кассада жалған чек көрсеткен. Бұрымды қылмыскер алаяқтық тірлігін бірнеше рет қайталаған. 

– Азық-түлік дүкенінде қыз сатушыға төлем туралы жасанды чек ұсынған. Ол дүкен иесін қатарынан бірнеше рет алдап үлгерген. Алдау фактісін жасыру үшін, ол сатып алған кезде бір бөлігін қолма-қол ақшамен, бір бөлігін аударыммен төлеген. Жалпы, келтірілген шығын 60 мың теңгені құрады, – дейді Панфилов АПБ бастығының орынбасары Ернар Қалтаев.

Бүгінде бойжеткен аудандық соттың шешімімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылып отыр. Келтірілген шығын толық өтелген. 

Жалпы, тәртіп сақшылары онлайн ақша аударымын дәлелдейтін чектің бәріне сенбеуге шақырады. Себебі, қазір заманауи технологияның көмегімен сан соқтыруға бейімдер көп. Онлайн ақша аударымды тексерудің амалы тауар сатушы өз телефонындағы қосымшаға ақша аударылғанын қадағалау керек. Құқық қорғаушылар әрбір тұрғын онлайн-банкингті пайдаланғанда мұқият болуға шақырады. Өйткені жыл басынан бері елімізде мыңдаған дүкен иесі жалған чектің құрбаны болған.

М. МАҚСЫМҰЛЫ