Өзіңнен баста

Уақыты: 19.08.2018
Оқылды: 1643
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күрес еліміздегі күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті бұл мәселеге  ерекше назар аударуда.

Қазіргі таңда халыққа 13 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіп отырған аталмыш департамент сыбайлас жемқорлықтың ауқымы мен салдарын нақты бағалап, онымен күресу жолында  «Өзіңнен баста» тәсілін басшылыққа алып отыр. 
Биыл жыл басында бекітілген кестеге сай әр қызметші ұжымның алдында сыбайлас жемқорлықпен күресу жөнінде атқарған жұмысы туралы есеп беріп, жемқорлық фактілерін болдырмау қажеттігі турасындағы шаралармен таныстырады.
Мемлекеттік  қызметшілерді қорғау және  олардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ғылыми кеңесімен баспаға ұсынылған «Мемлекеттік қызметшінің әдебі және мінез-құлық норма» («pocketbook») нұсқаулығының негізгі ережелерімен таныстыру мақсатында бірнеше семинар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда аталған нұсқаулық әр қызметшінің қойын кітапшасы есебінде. Сонымен қатар, департамент қызметшілерінің кеңесінде  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жадынамасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты қабылданды.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінің қызметшілерімен «Азаматтарға әдепсіз мінез-құлық таныту» тақырыбында  жиналыс ұйымдастырылып, көрсетілген тәртіпте 29 семинар өткізілді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңнамаларды түсіндіру шеңберінде аудандық ауруханалар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, «ӘТВЕО» КАҚФ бөлімдерінің, «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі қызметкерлерінің қатысуымен «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемділігі – Жолдаудың басым бағыты», «Сыбайлас жемқорлық медицинада», «Сыбайлас жемқорлықпен күрес  туралы» атты  42  семинар-кеңес  ұйымдастырылды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне және «Азаматтарға арналған үкімет» МКке АО облыс бойынша департаментінің аудандық, қалалық бөлімшелеріне барған кезде өз тарапымнан халықпен оннан астам кездесу  өткіздім. Кездесу барысында мемлекеттік қызмет алуға жүгінген азаматтармен мемлекеттік қызметшілердің әдептік нормалары  және мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі тақырыбында әңгіме өрбіді. 
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдептілігі жөнінде «Нұр Отан» партиясы филиалының қоғамдық қабылдауында он жеті азамат қабылданды. Партия филиалының өкілдерімен бірлесіп Сарқан, Ақсу аудандарының халқымен көшпелі кездесу, «ӘСМҚ» АҚ филиалымен Ашық есік күні  ұйымдастырылды. Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу барысында жемқорлыққа қарсы тәуекелдерін анықтау мақсатында барлық медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінде мүгедектер мен ауруларды қабылдау кезінде күнделікті сауалнама өткізілді. Қабылдауға келген адамдар мемлекеттік қызмет көрсетуіне баға беріп, өз пікірін білдірді. Жыл басынан өткізілген мемлекеттік қызмет көрсету жөнінде сауалнамаға 3102 адам қатысып, оның он бірі қанағаттанарлық, 3091 адам жақсы деген баға берді. Медициналық-әлеуметтік сараптама бойынша күрделі мәселелер жайында сараптама қорытындыларымен келіспеген жағдайда арнайы маман дәрігерлердің қатысуымен кеңейтілген алқа өткізіліп, шешім қабылданды.
Департамент қызметкерлерінің іс-әрекетіне шағымданған арыздар бойынша тексерістер жүргізіліп, жан-жақты талқыланды. Мысалы, Г. Жалдыбаеваның адвокаты Ж. Батырханованың медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснамалық және бақылау бөлімі (бұдан кейін – МӘС ӘжББ) қызметкерлерінің іс-әрекетіне жазған шағым-арызы бойынша қызметтік тексеріс жүргізілді. Тексеріс барысында комиссия мүшелері Г. Жалдыбаеваға кеңес берген қызметшілерден түсініктеме алып, кеңес хаттамасы, амбулаториялық картасындағы құжаттарды тексерді, кеңес беру процесі туралы видеожазбаны қарады. Ұсынылған медициналық құжаттарды талдай келе шағымданушыға мүгедектік белгілеуге негіз жоқтығы анықталды.  Г. Жалдыбаеваның МӘС ӘжББ шешімімен және қызметтік тексерістің қорытындысымен келіспеу себебінен түбегейлі шешім қабылдау мақсатында комитет қызметкерлері аумақтық тәжірибелі мамандардың қатысуымен кеңейтілген комиссия отырысын өткізді. Нәтижесінде МӘС ӘжББ шешімі дұрыс деп танылып, күшінде қалдырылды.
Алматы облыстық прокуратурасынан түскен, куәландырудан өту үшін 60000 теңге пара сұрағаны туралы Э. Ибрайымжанованың арызы бойынша №8 МӘС бөлім басшысы С. Булебаев өз түсініктемесінде бұл жағдайды толық жоққа шығарған. Сонымен қатар, қадір-қасиетін және ар-намысын қорғау мақсатында, Сарқан аудандық сотына талап-арыз бергенін көрсеткен. Сот барысында Э. Ибрайымжанова мұндай жағдай болмағанын мойындап, С. Булебаевтан ресми түрде кешірім сұрауына байланысты іс қысқартылған.
Мемлекеттік қызмет көрсету процессін талдау кезінде қызмет алушылардың сыйақы ұсыну арқылы лауазымды тұлғаларды мемлекеттік қызмет көрсету кезінде пара алуға итермелеген дерегі де анықталды. Мысалы, азаматша А. Маусымбаева сыйақы ұсынып, өзіне мүгедектік тағайындауды сұраған. Бұл жайында МӘС ӘжББ комиссия мүшелері бірден басшыға, заңгерге, Әдеп жөніндегі уәкілге хабарлаған. Дегенмен           А. Маусымбаеваның аяғы ауыр екені ескеріліп, онымен алдын ала әңгімелесу жүргізілген. Одан бөлек, Г. Юсупова есімді азаматша медициналық карточкаға ақша салып, пара беріп мүгедектік алуға бел буғаны туралы МӘС ӘжББ қомиссия мүшелері басшыға ескертіп, Call-орталыққа хабарлаған және Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне арыз берген. Қазір арыз бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмағаны себепті іс қысқартылды.
Аталған шаралардың мақсаты – сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатердің алдын алу, әр қызметшінің сыбайлас жемқорлыққа деген көзқарасын өзгерту, сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздікпен қарауды  қалыптастыру.
Құрметті оқырман, егерде Сіз департамент қызметшілері пара беруді талап еткен және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактілеріне  куә  болған жағдайда департаменттің 8-727-267-71-68 сенім телефонына хабарласуыңызды сұраймыз.

З. Ағыбетов,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің
Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы