ҮШ АДАМ СУҒА КЕТКЕН: ШОМЫЛУҒА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 09.07.2020
Оқылды: 1269
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Көңіл алаң шақта өзен-көл жағалап демалудың да мәні азайғандай. Жылда жаз шыға жасанып, жасарып қалатын, келушілерге айқара құшағын ашатын Қапшағай көлі де биыл аты жаман індетке орай көңілсіз. Суға шомылу үшін алыстан ағылатын демалушылардың да қатары сиреген.

Көл бойында орналасқан 170-ке жуық демалыс орнының жартысынан көбі жұмыс істемей тұр. Ал қызмет көрсетіп жатқандар карантин талаптарын, судағы жағдайды  тәртіп сақшылармен бірге арнайы жасақталған жедел құтқару жасағы арқылы қатаң қадағалап отыр. Демалыс орындарында демалушылардың арнайы бетпердемен жүруі, қолдары үнемі жуылып, қызу температурасы жиі өлшеніп отыруына да жағдай жасалған. Ал мұндағы мейрамханалар мен бассейн, жазғы шатырлар үнемі дезинфекцияланып отырады. Мәселен, жаңадан ашылған «Камфорт» демалыс орнында санитариялық талап толық сақталған. Мейрамханаға жайғасу үшін де арақашықтықты міндетті түрде ұстану талап етілген.  

Ал судан құтқару орталығындағылар да өз жұмыстарын қырағылықпен атқаруда. Мұндағы отызға жуық қызметкер Қапшағай мен Алматылық саналатын солтүстік жағалауда орналасқан демалыс аймақтарын жіті бақылауда ұстайды. Судағы қауіпсіздікті қадағалайтын Қапшағай қаласы құтқару бөлімше басшысы Берік Қалиақпаров:  

- Әрине, жұмысшыларымыздың денсаулығы бірінші кезекте. Орталық бекетте медбике таңертең міндетті түрде жігіттердің дене қызуын өлшейді. Олар керекті дәрумендерді уақытылы ішіп-жеп, санитариялық талапқа сай жұмыс киімдерін де күнделікті химиялық өңдеуден өткізіп отырады. Су аймағындағы қауіпсіздікпен қатар демалушыларға пандемия уақытында індеттен сақтану шаралары жайында да ақпарат беріп, түсіндіріп отырамыз, - дейді. Бөлімше бастығының берген мәліметі бойынша жаз шыққалы 22 адамды құтқарса, үш адам суға кеткен. 

Үкімет аурудың алдын алу мақсатында екі апталық карантин режимін іске қосты. Қаулының талаптары бойынша қазір көлге, бассейнге түсуге шектеу қойылған.  

Мақпал МЫСА
Қапшағай қаласы