Редактор

Уақыты: 05.06.2017
Оқылды: 1952
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жолшы Бікебаев! Ол белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағы тағайындаған Ұзақ Бағаев атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, 35 жыл аудандық газетте табан аудармай редакторлық қызмет атқарған танымал қаламгер еді.

 

Әлі есінде, жетінші сынып оқып жүрген кезі. Досының жездесі туралы аудандық «Советтік шекара» газетіне «Бригадир Бүйенбаев бүлк етпейді» деген сын мақала шыққан. Алақандай ауыл жұртына бұл хабар әп-сәтте тарапты. Сол күнгі газет қолдан-қолға өтіп, қол жеткізе алмағандар арманда қалғандай еді. Сыналған бригадир бұл мақалаға ренжудің орнына: «Мейлі, сынап жатса да, аты-жөнімнің газетке басылған түрі қандай қызық!» – деп әлгі мақаладағы аты-жөніне қайта-қайта қарай беріпті. Жездесінің қылығын досы өзіне айтып келгенде Жолшының зердесінде: «Газетке аты-жөніңнің шығуы да бір мәртебе екен-ау», – деп ойлаған.
Мектептегі қабырға газетіне хабар-ошар, мақаласы шығып жүрген кезі еді. Сия қаламмен қалың қағазға қолмен жазылған өз аты-жөнін көргенде бөркі қазандай болып қалатын оған осы бір жайт: «Аудандық газетке мақала жазсам ше?» – деген ой салған-ды. Содан Ұзынбұлақтағы фельдшер апайына жұрттың разы екенін білдірген бір парақ қана мақаласын аудандық газетке жолдады да жіберді. «Газетке шыққанда бір-ақ көрер», – деп ойлап, үйдегілерге де ештеңе демеген.
Аудандық газетті асыға күтеді. Күнде жаңа нөмірін ала сала қарайды. Мақала жоқ. Сөйтіп күдерін үзіп жүргенде: «Мынаны қара! Сенің аты-жөнің газетте жүр ғой», – деп көршінің баласы жүгіріп жеткен. Қолында – аудандық газет! Сол күні бұл жаңалыққа ауылдағы барша жұрт қуанып еді. Ал көп ұзамай сол газеттен: «Қаламыңның ебі бар екен. Ауылыңдағы жақсы жаңалықтарды жазып тұрғайсың», – деген хат алғанда ауылда ол өзінен асқан бақытты бала жоқтай сезінген.
***
Ол сол күннен бастап кейде айналасына: «Мынау газетке жазуға жарайтын, ал мынау жазуға келмейтін дүние», – деп қарайтын болған. Көңілсіз көріністерді: жұмыстағы еріншектікті, адамдардың өтірік айтатындарын, үлкенді сыйламайтын қылықтарды көргенде газетке соларды сынап жазып жібергісі келетін. Бірақ: «Өз ауылыңды газетке жамандап жазсаң, ертең ел-жұртың ренжімей ме?» – деген ой тежей беретін.
Мектеп бітіруге жақындағанда ауыл клубында да , мектепте де: «Кім боламын?», «Мен таңдаған мамандық» деген тақырыпта кештер өтетін. Сонда аңғарғаны, кластағы қыздардың көбі мұғалима, есепші, ал ұлдар жағы инженер, зоотехник, дәрігер болуды қалайды екен. Сегізінші сыныпта оқитын оқушылардың бірі: «Мен өскенде бірден кеңшар директоры болғым келеді», – деген ойын айтып, жұртты бір күлдіріп еді. Сөйтсе, директор болу үшін алдымен институт бітіріп, бір салада бірнеше жыл ерекше еңбек етіп, өзіне жол ашу керек екен.
– Директор болу оңай емес, ол үшін күшті бас керек, – деді мұғалімдердің бірі.
– Несі қиын? Астыңда машина, елдің бәрі айтқаныңды орындап отырады, – деп әлгі бала өз таңдауын әзілге бұрып еді.
Жолшы іштей: «Газет тілшісі боламын! Ол үшін жаза білсем болды емес пе?» деген ойда жүретін. Осы пікірін ортаға салғанда мұғалімі:
– О-о, сен тек тілші емес, газеттің редакторы боласың. Талабың да, қаламың да соны аңғартады! – деп арқасынан қағып, сенім артып еді-ау. Ұстаз сөзіне ол: «Редактор болу үшін де талай өткелдерден өту керек қой», – деген қарсы пікірін айта алмай, үнсіз қала берген.
Алпысыншы жылдардың бел ортасында ауыл шіркін газет-журналға, кітапқа құмар еді ғой. Жатаған үйде орналасқан кітапханадан кісі үзілмейтін. Мәскеуден шығатын «Правда», «Известия», «Сельская жизнь» дегеннен бастап, республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», облыстық, аудандық газеттері ұқыптап тігіліп, үстел үстінде жатады. «Вокруг света», «За рулем», «Огонек» сияқты орыс тіліндегі ондаған журналдар келетін. «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Балдырған» дейсің бе... Бәрі қызықтырып, көздің жауын алушы еді.
Жолшы осы басылымдарды парақтап, кітапханада ұзақ отырудан жалықпайтын. Солардың ішінде жанына жақыны Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газеті еді. Өйткені Жолшыны жұрт осы газеттің ауылдағы тілшісі санайтын. Кәдімгідей беделі бар. Ауыл басшыларына да танымал. Сөйтіп жүріп ол өзін Алматыдағы дара оқу орны – Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсуге дайындай берді. Ал оған түсу үшін газетке шыққан он шақты мақалаңның қиындысы керек. Мақалалары оннан асып кеткелі қашан? Ендеше, журфакқа Жолшы түспегенде кім түспек?
***
Алғаш газетке мақалалар жаза бастағанда-ақ ол Кегендегі «Коммунизм нұры» редакциясына барған. Газет өзі ойлағандай «бір керемет үйде» шығарылмайды екен. Жай ғана ескі там. Бөлмелері күңгірт, жазу столдары да көнеріп кеткен. Үйілген газет тігінділерінің ортасында ағалар әлденені түртінектеп жазып отырды. Тағы бір бөлмеде екі апай бірі қолындағы қағазға үңіліп, екіншісі әлденені зуылдатып оқып отыр. Кейін білгеніндей бұлар газеттің қатесін тексеретін корректорлар екен. Редакциядағы бұл көрініске көңілі толмай, сыртқа беттей бергенде бүйірдегі бөлмеден екі адам шықты. Олар әлденеге күліп, мұның жанынан өте берді. Екеудің бірі есімі республикаға танымал ақын ағасы еді.
– Енді жақындағы нөмірдің бірінде жариялайсыңдар ғой? – деді ол кісі жанындағы адамға. Ол басын изей берді. Демек, танымал ақын осы газетке өлеңдерін әкелген. Ендеше, аудандық газет деген осал дүние емес екен ғой. Сол сәттен бастап оған бұл басылым күңгірт үй емес, ар жағында жарқыраған жол жатқан бір ерекше әлем болып көрінген. Шынында алақандай аудандық газеттен талай атақты ақындар мен жазушылар өз шығармашылық жолдарын бастаған екен-ау. Сөйтіп мектеп бітірген жылы ол өзінің болашағын тек шығармашылықпен, яғни, газетте еңбек етумен байланысты боларын түсінді.
Бірде досымен Нарынқолға барғанында аудандық газеттің редакциясына бұрылған. Бұл газеттің «Советтік шекара» деп аталатынын білетін. Өйткені, осы ауданның ар жағында Қытай елі орналасқан ғой. Ауылдың малшы, қойшылары сол мемлекеттің адамдарын анадайдан көргендерін де айтып отырушы еді.
Осы «Советтік шекара» газетінің тарихы сонау 1936 жылдан бастау алатынын айтсаңшы! Өзінше: «Жатаған ескі үйде екен ғой», – деп көңілі толмай жүрсе бұл редакцияда қандай атақты адамдар жұмыс істеген! «Менің атым Қожаның» авторы, жазушы Бердібек Соқпақбаев, өлеңдерін ауылдағы жастар бір-бірінен асамыз деп таласа-тармаса жатқа оқитын Мұқағали Мақатаев аталмыш басылымда еңбек жолын бастаған. Олар қазір – Алматыда. Есімдері Қазақстанға танымал. Ал газет редакторы Әлнұр Мейірбеков Мұқағалиды қызметке өзі шақырыпты. Дарынды көре білгендігі ғой. Осы өңірдің ақыны Еркін Ібітанов та «Советтік шекарада» қызмет етеді.
Өзі есігін ашып, танысқан екі аудандық газеттің де алматылық газеттерден кем еместігін өзінше болжап, көңілі көтеріліп қалған. Сол кезден бастап ол өзінің еңбек жолын өз ауданындағы басылымынан бастауға бекінген еді. 
Иә, бұдан 30 жыл бұрынғы аудандық газет. Оның отырған кеңсесі, сыртқы жай-күйі шындығында Жолшының көңілі толмайтындай жүдеу болғаны рас. Бірақ басылым уақытында, тоқтаусыз шығып тұратын. Бұдан 30 жыл бұрын Кеңес одағының іргесі әлі шайқалмаған, Коммунистік партияның дүркіреп тұрған кезі еді. Қазіргідей санасаң сан жетпейтін газет-журналдар атымен жоқ, Басылым атаулының бәрі алақандағыдай белгілі. Республикалық бірнеше басылымдар, облыстық газеттер және әр облыстағы барша ауданның өз газеттері аптасына бес рет шығарылып тұратын. Осы басылымдардың барлығына дерлік ел-жұрттың сұранысы ерекше еді. Газет-журнал жаздырып алмайтын бірде-бір шаңырақ жоқ деуге болатын. Қаланың тұрғындары өз алдына, әр ауылдың хат танитын жұртшылығы алдымен өз ауданының газетін күн сайын асыға күтіп жүретін мамыражай кез-тін ол уақыт.
Ол кездері хат тасушы деген қызмет бар еді. Сол «пошташы» әр үйдің жаздырып алған газеттері мен журналдарын, сәлем-сауқат, телеграммаларды жеткізіп берумен айналысатын. Арнайы жәшігі барларының жәшігіне, мұндай «ұқыптылығы» жоқтардың шарбағына қыстырып кеткен жаңа күннің поштасын үйдегі ересектерден балаларға дейін қағып алып, парақтап қарай бастар еді. Сонда әркімнің назары алдымен аудандық газетке ауатын. Өйткені, онда ауданның басшысынан бастап, ауылдың төрағасы, одан әрі қарапайым колхозшылар туралы айтылып, мектеп оқушыларының да жазған дүниелері оның беттерінен орын алып жататын. Сол белсенді тілшілердің алдыңғы сапында Жолшы да болды емес пе?
***
Аудандық газеттің пұшпағынан бір ұстаса, өндіртіп жазарына да сенімі мол болды. Сол сенім оны тәжірибеден өтуге осында алып келді. Сөйтіп, Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газетінің редакторының алдынан бір-ақ шықты.
– Ә-ә, осында жігіттер: «Жолшы Бікебаев деген бала жап-жақсы жазады», – деп жүрген еді. Сол сенсің бе? Бала емес, жігіт екенсің ғой! – деп редактор оны жылы қарсы алды.
– Оқушы кезімнен бері жазып келемін ғой. Сондықтан «бала» деген шығар, – деді Жолшы да сөзден тосылмай.
– Сөз саптауың дұрыс екен. Тәжірибеден өтуді хат бөлімінен бастағаның жөн шығар, – деп редактор ағасы оған енді сынай қарады. – Жұмысыңды ойдағыдай атқарсаң, келесі келгеніңде тұрақты жұмысқа ие боласың.
– Атқарамын! – деді ол батылданып.
Ойында: «Несі бар? Отырасың да жаза бересің, жаза бересің», – деген нық сенім тұр еді.
– Газет оқырмандарының мына хаттарын өңдеші, – деді бөлім меңгерушісі Жолшыға бір бума хаттарды ұсынып. – Жанрларға орайлап қорытарсың.
Ал керек болса. «Жанрларға орайлап» дегені не? Университеттегі оқуында әлі бұл тақырыпқа келмеген еді.
Хаттарды қараса, бәрі біркелкі. Түсініксіз. Бір нәрсені бастап, басқа бір жайға кетіп қалатын хаттардың іліп алары шамалы.
Өзі газетке жазғанда белгілі бір оқиғаны ғана негізге алушы еді ғой. Сондықтан жолдаған мақаласы түзетілмей, сол қалпында шығатын. Газетке хат жолдағандардың бәрінің солай ғана жазатынына шүбәсіз еді. Ал мыналар олай емес. Бірді айтып, бірге кетеді. Шынында «қорытуды» күтетін дүниелер! Ендеше, қалай өңдеу керек?
Сол күні ол аудандық кітапханадан: «Помощь начинающему журналисту» деген оқулық кітап тауып алып, түнімен бас алмастан оқыды. Орысшасы шамалы болса да түсінді. Өйткені, түсінуге мәжбүр еді.
Осы кітаптан «редактор» деген сөздің мағынасына үңілді. «Редактор» деген ағылшын тілінде «түзетуші, өңдеуші» деген мағынаны білдіреді екен. Ал редакциядағылар үшін редактор «бастық» деген ұғымда қабылданады ғой. «Мына хаттарды өңдесем – мен де редакторлық міндетті атқарады екенмін ғой», – деп ол іштей мәз болып қалды.
Қолындағы оқулықтан барлық сұрағына жауап табылып жатты. Жанрлардың қалай аталатыны, олардың қалай жазылатыны, тіпті, әдеби қызметкердің хаттарды қалай өңдеуіне дейін ақыл-кеңес бар.
Хаттарды газетке лайықтауға кіріскенде оны өңдеп, түзеуге аса сақтықпен қарау керек екен. Өйткені хат авторлары өзінің жазған дүниесін танымай қалатындай өзгертілмеуі тиіс. Ал түбегейлі түзеу керек болса – автормен келісу керек дейді. Жөн-ақ... Сонау малды ауылда жатқан хат иесімен қалай келісуге болады? Бір хатқа бола оның авторы сонау шалғайдан осында жол тартуы керек пе?
«Сондықтан оған хат жолдау керек. «Хат бөлімі» бар емес пе? Жарайды, бұл мәселе осылай шешілсін делік. «Ал жанрларға бөлу деген не?» деген сұрақты өзіне-өзі қойып, жауабын іздеді. Тағы бір хатта шопан ауылына автоклубтың келгені айтылыпты. Малды ауылдағылардың қуанышында шек жоқ екенін жазыпты хат иесі.
Жолшы көз алдына автоклубтың келген кезін, ауылдың табиғатын, адамдардың қуанышты жүзін елестетті. Ендеше осы сәтті суреттеп жазса «суреттеме» деген жанр шығады.
Ал келесі бір хатта ауылда бие байлау деген тойдың өткені айтылыпты. Бірақ сондай сүреңсіз жазылған. Биебау деген ұлттық дәстүр, кішігірім той емес пе? Ол көз алдына бала кезінде ауылдағы осындай салтанаттың өткенін елестетті. Ауылдағы көршілер сол тойға қолдарында барын қосып, мол дастарқан жайылып, ел-жұрт жүздесіп, шат-шадыман болып еді ғой. «Ендеше бұл хатты « репортаж» ретінде пайдалану керек». Сөйтіп, қолына тиген жеті хаттың бесеуін қажетке асырды. Нақтылы ештеңе айтылмаған екі хатқа жауап жазу керек болды.
Жолшы осы жеті хаттың да авторларына хат жазуды ұйғарды. 
Оларға: «Мақалаңыз жарияланған соң салыстырып қарап, алдағы уақытта солай жазуға тырысыңыз», – деп жазып, соңына өзінің аты-жөнін жазып, қол қойды. Сосын конвертке салып, жолдады да жіберді. Осы қамқорлығына өзі марқайып қалды. Біреуді жазуға үйрету деген адамды кәдімгідей қанаттандыратынын сонда түсінді ме, жоқ па; кім білсын? Әйтеуір ауылдағы хат авторының қуанып қалары сөзсіз деп сенді.
Осылай ол біреуге пікір білдіре отырып, өзіне де сабақ алып еді.
– Газетке жариялайтын суретке өте зәруміз, – деген еді секретариатқа кіргенінде жауапты хатшы. – Шіркін, журфакта студенттерді газетке суретке де түсіре алатындай етіп оқытса ғой.
Шындығында университетте журфакта суретке түсіруді де үйретеді. Тек сол «фото ісі» сабағы 3-курста ғана басталады. Сондықтан бұл кәсіпті үйрене беру керек. Жолшы ескілеу «Фэт» фотоаппаратын тауып алып, суретке түсіруді үйрене бастады. Бірақ газетке сурет дайындау деген қиындығы көп жұмыс екен. Суретке түсірген соң оны лабораторияда қараңғы жерде шығару, кептіру, газетке ыңғайлау сияқты талай жұмысы бар. Адамдарды суретке бадырайтып, қарабайыр түсіре салуға болмайды.
Газетке материал табу деген де ізденуді талап етеді. Біреу туралы жазарда онымен әңгімелесу керек. Ал бұл үшін кейіпкерге сұрақ қоя білу қажет. Бірде совхоздың механизаторымен танысып, өзінше сұхбат алу керек болғанда бастапқыда қандай сұрақ қоярын білмей, абдырап қалғаны рас. Сондықтан тілші біреу туралы жазарда сол тақырыпты жан-жақты зерделеуі керек екенін түсінген. Ол үшін басылымдарды жиі парақтап қарап, кітап оқу керек.
Алайда ең сенімді ақылшың – айналаңдағы адамдардың өздері. Олардың әрбір сөздері, атқарып жүрген игі істері. Жазуға негіз болатын да – ел-жұртыңа, ауылыңа, еліңе деген жүрекжарды сүйіспеншілік. Журналистикада әлі тәжірибесі жоқ болса да – Жолшы осындай қасиеттердің қаламына сеп боларын ойлаған.
Келесі жылы тағы да аудандық газеттен тәжірибеден өтуге келгенінде редактор оны бір айға кәдімгідей айлық жалақы төлеп, уақытша жұмысқа алған. «Осындағы тілшілерге қандай талап қойсақ, саған да сондай талап қоямыз, – деді бастығы. – Кезекші де боласың, іссапарға да барасың. Келісесің ғой?» Іссапарға шығуға ол еш қиналмайтын. Керісінше қуанатын. Ауылдарды аралап, еңбек адамдарымен жүздесіп, үлкен-кішімен тең дәрежеде сөйлескенге не жетсін?! Ал кезекшілік деген бір қиямет тірлік екен. Төрт беттен тұратын газетті бір әрпін қалт жібермей оқып, қате кетпеуін қадағалауың керек. Газет баспаханада беттеліп, одан арнаулы мәшинеден кәдімгі газет болып шыққанша – бұл жұмыстың басы-қасында боласың. Бұл тірлік кейде түннің бір уағына дейін созылатыны бар. Ал қате кетіп қалса алдымен сол күнгі кезекші ерекше жауапты болады. Мұнысын кім біліпті?
Онымен қоймай, сол күнгі нөмірде қандай мақала дұрыс немесе нашар жазылғанына «летучка» деп аталатын жиналыста талдау жасайсың. Абырой болғанда осындай «қара қазанда» Жолшы тәжірибеден өте жүріп, бір қайнап алған. Сондықтан журфакты бітіріп, аудандық газетке тұрақты қызметке келгенде бұл «өткелдерден» аса сүрінбей, еркін өткен.
Газет жанрларының бәрінің де қамтылуына назар аудара білді. Бірінші бетке өзекті мәселелер мен науқандық жұмыстардан репортаждар мен суреттемелер беруде өз стилімен елең еткізді. Ол кейде өзі қатыса алмаған шаралардың өзін нақты фактілерді өзек етіп суреттеп бергенде әріптестерінің: « Өй, сен бұрнағы күні редакциядан шықпап едің ғой. Бұл жиынға қай уақытта қатысқансың?» – деп таңданып қалатын.
Ол жанр атаулының бәрінің де қызықты және газетке қажет екенін жадынан шығармады. Бірде очерк жазса, бірде фельетонға да қалам тартты. Тіпті, халықаралық жағдайға байланысты «памфлет» те жазып үлгерді. «Жолшы келгеннен бері бөлім жұмысында елеулі өзгерістер байқалады. Ол газет жанрларын ойнатып беруге шебер», – деген мадақтаулар жиі айтылып жүрді. «Иә, суретті де өзі түсіреді. Сол суреттерді шығаруға қанша уақытын бөледі. Іссапардан да бас тартпайды. Бәріне қалай үлгереді?» – деп алдыңғы толқын ағалары риза болып отыратын.
Бірде ол автоклуб керуенімен малды ауылдарды бір апта аралайтын іссапарға аттанатын болды. «Бір апта сапарда жүремін. Одан келген соң оны жазуға бір-ер күн өтеді. Ол сонда қашан шығып үлгермек? Ескіріп кетеді ғой», – деп ойлаған ол редакторына келіп: «Мен автоклуб керуенінің әр күнінен репортажды сол сапарда жүріп жазып, ауданға қатынайтын адамдардан беріп жіберіп отыруыма бола ма? Сонда репортаждар дер кезінде шығып жатар еді», – деген.
Редакторы оның мұндай іскерлік ұсынысына разы болды. Сөйтіп, оның бұл ойы сәтін салып, дер кезінде іске асып тұрды. «Міне, «тілшінің шапшаңдығы» деген осындай болу керек!» – деген риза пікірлер летучкада қардай борап жатты. Осындай талаптарының нәтижесінде ол газеттің бөлім меңгерушілігіне жоғарлатылды. Енді ол қарамағындағы тілшіге өзі тапсырма беріп, бөлімнің барлық материалдарын ой сүзгісінен өткізіп, лайықтысын ұсынып отыратын дәрежеге ие болды.
Сонда ол газетке жазып тұратын авторларының не жазса да өзіндік стилін, жазу мәнерін бұзбауды естен шығармайтын. Жазу да әркімнің күнделікті сөйлесуі сияқты өзіндік ерекшелігі, екпіні мен өз үні бар дүние ғой. Осыны «құйрық-жалын күзеймін» деп, тым өзгеріске ұшыратпауды ойлайтын. Ыңғайы келсе - автордың өзімен келісіп, кейде бірге отырып та түзейтін. Шалғайдағылармен хат арқылы хабарласып отырды. Соның нәтижесінде ол меңгерген бөлімге хат та көбірек келіп жататын болды.
Ол кездері республикалық, облыстық немесе аудандық газет болсын, онда келген қызметкерлердің өсу жолының өз «сатысы» болатын. Ол әуелі әдеби қызметкер, секретариаттың «қазанында» қайнау, сосын бөлім меңгерушісі, одан – жауапты хатшы, сосын – редактордың орынбасары. Сөйтіп бірте-бірте дарыны асып жатса – газеттің Бас редакторы деңгейіне де жететін.
Бұл үшін ешкімге барып мәнсап сұрамайтын, пара бермейтін. Газетке, журналистикаға адал, шебер қызмет етсең осы «саты» өзі-ақ жоғары алып шығатын заман еді.
Жолшы Бікебаев қызметтегі дәрежесінің өсуіне өзі осылай жол аша білді. Сол аралықта ол аудандық радиохабарын тарату редакциясында жауапты редактор, аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі сияқты лауазымды қызметтерді де жемісті атқарып үлгерген. Шенеунік болып кетуіне де ыңғайы бар еді. Алайда, бүйрегі журналисткаға бұрды да тұрды. Міне, ол бала кезден хат жазып, алғашқы мақаласын жариялатқан Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газетіне бас редактор болып тағайындалды. Бұл 1981 жыл еді.
Бұл кезде оның елді елең еткізер мақалалары республикалық, облыстық басылымдарда да жарияланып, есімі танымал болып қалған. Рас, осыны арқа тұтып Алматыға кетуіне, сондағы газеттердің біріне орналасуына да болар еді. Алайда ол өз ауданының төл басылымында қызмет етуді таңдады.
***
Алдында жатқан хатқа тағы да назар салған Жолшы: «Әй, жастар-ай!» деген оймен жымиып қойды. Редакцияға шопан туралы жолдаған дүниесін жас автор өлеңмен жазып, «поэма» деген айдар қойыпты. Алайда, ол талабынан әзірге ештеңе шықпай тұр. Не ұйқасы, не буын, ырғағы қиыспай жатқанын қайтерсің? Рас, «поэмасының» кейіпкері озат шопан екенін көрсеткен нақтылықтары бар.
«Мен ақын емеспін, ауылдың қарапайым тракторшысымын. Алайда: «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деген емес пе?» – деп жазыпты хат авторы. Басын қатырмай хат иесіне: «Бұл күйінде газетке жариялауға жарамайды», – деп жауап жолдай салса жас талаптың беті қайтып қалады ғой. Бұл оның алғашқы талпынысы екені анық.
«Жоқ, жас талаптың көңілін қалдырмайық» деген оймен авторға өз қолымен хат жолдауды ойлады. Рас, авторға жауап қайтару хат бөлімінің міндеті екені белгілі. Алайда, ішкі бір түйсігі осы міндетті өзінен өзгеге тапсырмай-ақ қоюды қалап тұрған еді. Сондықтан «поэма» авторының редакцияға келіп кетуіне ұсыныс жасап, хат жазды.
Арада бірер күн ғана өтісімен жас жігіт редактор Жолшының кабинетінен бір-ақ шыққан. Мектепті бітірген соң ауылда тракторшы болып жүрген жігіт екен.
– Аға, өлеңім жарамады ма? – деді ол екпіндеп келсе де біртүрлі кінәлі кейіппен. – Шопан аға дастандарды жақсы көруші еді. Олардың кейбірін жатқа айтады. Сосын, өлеңмен жазғаным ғой, – деп жөн сұрасуға да үлгертпей мән-жайды бірден жайып салған.
Алып-ұшқан албырт жігіт редактормен сөйлесе келе озат шопан туралы «поэмасын» қара сөзбен жазуға келіскен.
– Жай қара сөзбен очерк етіп жазайын ба? – деді ол.
– Очерктің не екенін білесің бе? – деп жымиды Жолшы.
– Білемін. Көркем әңгіменің ар жақ, бер жағы, – деді жігіт тайсалмастан.           – Аға, мен мұны осы редакцияда отырып жазып, қалдырып кетейінші. Ауылға барған соң тракторға бір отырсам қол тимей кетеді ғой. Ал шопан ағам: «Мен туралы жазғаның қашан газетке шығады?» – деп жүр.
Ақыры әлгі жігіт шопан туралы ойын сол жолы екі сағаттың ішінде жазып, редакторға өз қолымен тапсыруға кірген-ді.
– Жап-жақсы, нақтылы мақала болып шығыпты, – деді редактор разы көңілмен.
Жолшыға жас жігіттің табандылығы, жауапкершілігі ұнап тұрды.
– Ауылыңа барған соң тағы бір-ер мақала жазып жолдауға уақытың бола ма? – деген сонда Жолшы. – Өлеңмен емес, өзің айтқандай, жай қара сөзбен.
– Болады, аға. Мен жалпы өлең жазбаймын, шопан ағамның көңілі үшін ғой, – деді ол.
Сол жігіт кейін газетке біршама жазып та тұрды. Кейін бір келіп:
– Аға, мен СХИ-ға оқуға түстім, Алматыға кетіп барамын, – деп жөнін айтып кеткені бар.
Ал Жолшы болса осы жігітті редакцияға алуды ойлап жүрген-ді.
– Газетміз осылай өзінің жақсы бір журналисінен көз жазып қалды ма екен деп ойлаймын, – деген екен өзі бір сөзінде әріптестеріне осы оқиғаны айта отырып.
***
Алдынан талай жас талап өтті. Талай ақ самайлы үлкен аға-әпкелері де төл туындыларын әкеліп: «Алдымен өзіңе көрсетіп алайық. Үзіндісін болса да жарияларсың», – деп келіп жатты. Сондай сәттерде ол кімге болса да жазғандарының жарамды немесе жарамсыз екенін жанын ауыртпай айта алатындай тіл табыса алды. Аумалы-төкпелі уақытта аудандық газеттер тұрғай, республикалық танымал басылымдардың басына күн туғанда да Жолшы қиын сәттерді «көппен көрген ұлы той» демекші, ел-жұртымен бірге кешті. Достары Алматыға неше шақырса да орнынан қозғалмаған. Өзі кетсе газеті тарап кететіндей қимастық қой оны ұстап қалған.
Тоқсаныншы жылдардың соңы. Басылымдардың сан түрлі өзгерістерге түсіп жатқан кезі. 1997 жылы Кеген мен Нарынқол бірігіп, Райымбек ауданы құрылды. Сөйтіп, осы аудандардың газеттері де бірігіп, ол енді «Хантәңірі» деген жаңа атқа ие болды. Жаңа газеттің бас редакторлық қызметі Жолшы Бікебаевқа бұйырған еді. Кезінде жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров:
Асқардың арғы атасы Хантәңірі,
Албанның өрісінің төрінде екен, – деп жырласа, Мұқағали ақын:
Шыңның мен танымаймын аласасын,
Төбеде аласамен таласасың.
Тянь-Шяньнның шашақтаулы                           найзасындай,
Қайсың Хантәңірімен жанасасың? – деп мақтан еткен биіктіктің символын айдарлаған газетті басқару да аса жауапты жұмыс еді ғой. Жолшы Бікебаев осы міндетті де сүрінбей-қабынбай, байсалды, жемісті атқарып, ел ықыласына бөленді. Газетке қанша рет қиындық туғанда да тығырықтан шығара біліп, қызметін адамгершілікпен адал атқарып жүрген еді-ау. Бейнетінің зейнетін көруге жақын шағында айықпас дертке душар болғанын қайтерсің?
Осы орайда журналист Қанат Тәкебаевтың мынадай ой толғауын келтіре кетуді жөн санадық. «Өткен жылы Жөкеңнің шығармашылығынан толық сипаттама беретін «Таулы өлкенің тарландары» атты кітабы жарыққа шықты. Аталған кітап «Мерзімді басылым және оқырман», «Ел ағалары», «Жылысайдың жігіттері», «Жолжазба», «Қарқара қаһармандары» атты бес бөлімнен тұрады. Осы кітапты оқып шыққан адам кең өлке атанып кеткен Кеген өңірінің тынысты тірлігімен таныса алады. Онда атақ-даңқтары адал еңбектерімен аспандаған, мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне дейін көтерілген адамдардың бәрі де Жөкеңнің кейіпкерлеріне айналған. Ең бастысы мұнда Жөкеңнің ел-жұртына деген ыстық ықыластан туған жүрегінің лүпілі сайрап жатыр. Өмірде не болмайды?! Жазмыштың жазуына қолдан келер шара бар ма?! Жөкең зейнеткерлікке шығардан біраз уақыт бұрын аяқасты ауырып, төсек тартып қалады. Жан жары, бес баласы жанында. Төрт құбыласы түгел, нағыз жайраңдап өмір сүретін кезі еді, амал не?! Ақырындап басу айтасың да іштей дұға бағыштап тынасың.
Қазіргі халің әсер етті-ау миға анық,
Қайда кеткен өңіңдегі құйма-құт?
Қолдан келер дәрмен жоқ, 
Жатырсың-ау арпалысып, қиналып.

Көтердің-ау кезінде заман жүгін,
Үмітпен қараймыз саған бүгін.
Тұршы, Жөке, орныңнан Алла жар боп,
Керек бізге өзіңнің амандығың, – деп іштей қайғырып тұрдық,  дейді Қанат.

Қаншама інілері мен алдыңғы толқын ағалары Жолшы жайлы ой толғап, ардағым деп ақтарыла айтудан жалыққан емес. Алайда соңында Жақан сынды асыл жары, есімі заңгерлікпен еліне танымал бола бастаған Айдындай ұлы, төрт тал гүліндей қыздары, түтіні өшпеген берекелі шаңырағы қалды. Соңында жазған дүниелері, тәрбиелеген шәкірттері қалды. Жарқын бейнесі, аяулы есімі қалды...
Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.