Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ШӨПШЕК СҮЙГЕН ҚАНДАЙ БАҚЫТ! ҚАЗАҚТЫҢ АЛТЫН ӘЖЕЛЕРІ АЗАЙМАСЫН!

Уақыты: 22.03.2022
Оқылды: 1129
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ес білгелі әже етегіне оралып өскен баламын. Әже деп отырғаным әкемнің апасы, яғни, мен оның шөбересемін.  Сондықтан, ата-апаларға жақын жүріп, солардың әрлі әңгімесін естуге құмартамын. Қартын қазынаға балайтын қазақтың ұстанымына мың мәрте бас игем. Себебі, әжем таусылмайтын қазына еді. Тарихтан тартып, ел басынан өткен небір нәубет сәттерді кезең-кезеңімен баяндайтын. Ал, ертегісі таң қылаулап атқаннан күн ұясын паналағанша таусылмайтын.

Ойын баласы болған соң әже отыратын тар бөлме тез жалықтырып жібереді. Жасы сексеннен асқаннан кейін де сыртқа көп шыға бермейтін. Тойы көп үйдің бар тәттісін меншіктеп алған менің айналшықтайтыным өз апам. Әкемнің анасы елуді басып өтіп, алпысты алқымдап қалған кез. Немересі келгеніне қуанып, қолымнан жетектеп, арқасына салып алып, ауылдың ана басынан, мына басын аралатады. Бүкіл ауылға өте сыйлы кісіні барған үйі төрден орын беріп, құрметтеп жатады.

Той-томалақ, ас, құдалық сынды ақ дастарқан апамсыз өтпейді. Шақырған жерге өзі де өте ыждағатпен әзірленіп, қызылды-жасылды камзолдарымен елді елең еткізетін. Қыр мұрынды, сарғыш келген, денесін тік ұстап, кербез жүретін апамың сұлулығына жаңа түскен келіндердің өзі қызыға қарайтын. Жасы алпысқа таяса да сымбатынан ажырай қоймаған Күмісжан апа ауылдағы ең әдемі әже болды. Соның ең сүйікті немересі болып, тойдың төрінде бірге отыратын мен мектепке барсам да еркелігімді тастамай, апамның арқасынан түспейтінмін.

Кеш бата үлкен әжем Рәзима ертегісін, одан қалса ұмытпасын дей ме, көбіне әке-шешемізге ашаршылық, кәмпескелеу, соғыстың зардабын айтып, тәубеге шақырып отырады. Жерде жатқан нан қоқымын қадірлеуді де сол кісі өмірден өткенше үйретіп кетті. Ал апамнан соғыстан кейінгі өмір, тың жерлерді игеру, кеңшар кезіндегі қызықтар жайлы әңгімесі санама сіңіп қалыпты. «Табын келетін уақыт жақындады. Анау шолақ сиыр қашып кетпей тұрғанда, алдынан күтіп алып, бар малды айдап келейік», – деп мені ертіп кетеді. Ауылдың шетіне барып табын күтетін күндердің қызығын ауылда өскен әрбір адам жан-тәнімен сезінетін шығар. Үлкендер топтасып әңгіме айтса, балалар қуаласпақ, асық, футбол ойнайды.

Ол кездері менің бір ғана тілегім болатын. Тезірек кеш батып, табынға барсақ, барғаннан кейін сиыр келмей көбірек ойнасақ дейтінмін. Апам екеуміз сиырларды қораға қамап болған соң, бірден қой бөлуге барамыз. Бірақ онда әңгіме айтылмайды, ойын ойналмайды. Елдің бәрі біз секілді сиырларын қамап, ерекше қарбаласпен қой қамына кіріседі. Осы кездері ауыл іші азан-қазан болып, маңыраған, мөңіреп, кісінеген малдың даусына толады. Бала жылап, ит үрген, сиыр сауғандағы шелектің сызылтып айтатын әні ауыл ажарын ашатын.

Апама еріп жоқ іздеудің қызығы тіпті бөлек. «Бөтен қой бар ма?» деп көрші-қолаңның қорасын тінтиміз. Құнан қойды апам алдына сап айдаса, маған қозысын беріп қоятын. Сондағы сурет әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Кеш кіріп, апамның көлеңкесі ұзарған сайын бұрынғыдан да ажарлана түсетін секілді көрінетін маған. Күн сәулесі сырғасымен шағылысып, сарғыш денесі одан бетер алтын түске айналады. Білезік, жүзік таққан қолдарына дейін жылтырап, менің арқамнан қағатын алақаны да ыстық тартады. Менің апам сонысымен биік.

Атамның көк биесіне мінгесіп қой кезекке кететін күндерді қанша сағынғаныңмен қайта оралмайды. Тым құрығанда табынға барып, қуаласпақ та ойнай алмаймыз. Білім, қызмет қуып қаланы қанша жыл паналасақ та ауылда өткен бір күнге жетпейді екен-ау.

Айтпақшы, апам 80-ге толып, шөпшегінің қолынан май жалады. Он бір баладан тараған ұрпағының ортасында той тойлап, немере-шөберелерін армансыз шөпілдетіп сүйіп отыр. Сәл шөккені болмаса ажары дәл бұрынғыдай. Қызылды-жасылды көйлегін тастамайды, әлі де ажарлы.

Апа-ау, қартаймаңызшы, жасыңыз жүзге жетіп, немененің қолынан су ішіңіз. Әжемнің ертегісін, атамның көк биесін сағынғанда ауылға тартып кетем. Күнмен бірге күлімдеп алдымнан күтіп сіз тұрыңыз.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы