ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауын дүйім жұрт ерекше ықыласпен тыңдады. Жолдауда еліміздегі қазіргі қалыптасқан жағдай егжей-тегжейлі баяндалды. Солардың қатарында құнды құжатта айтылған: «Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады», – деген сөзі көпшілікті бір серпілтіп тастады. Қапшағай қаласына ендігі жерде мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың атын беру мәселесі көтерілгені қуантты. Бұл халықтың көкейіндегі мәселе болатын. Сол көпшіліктің бірі, қаламгер ретінде жазу столына отыруыма тура келді.
Алматы-Қапшағай-Талдықорған арасына кезінде жұмыс сапарымен ай сайын бірнеше мәрте қатынайтынмын. Қапшағай қаласынан өткенде ерекше сәулетті әрі суы мөлдір көлдің жағасындағы демалушылардың қуанышты көңіл-күйі көзге түсетін. Газеттің талабымен астанадан Қапшағай қаласы жайлы материал дайындау тапсырылып тақырып төңірегінде ізденуіме тура келді.
«Түбін білмеген түгін білмейді» дегендей, ізденісті шаһардың әуелгі іргетасы қаланғанынан бастау қажет деп түйдім. Сондықтан қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдыздай бір шоғыр тұлғаның қатарында өзіндік орны бар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Еңбек Ері атағын иеленген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыздың өміріне, еңбегіне байланысты деректерді іздестіре бастадым. Дара тұлғаның елдің өркендеуіне қосқан үлесі өте зор. Халқы аялап, еркелетіп «Димекең» деп құрметтегенінің өзі осы кісіге деген үлкен мейірім мен асқан сүйіспеншіліктің көрінісі. Әрине, Қазақстанға сіңірген еңбегін тәптіштеп айту мүмкін емес.
Ұлт перзентінің кіндік қаны тамған Жетісу өңірінің өсіп-өркендеуіне және Қапшағай қаласына ғана қосқан үлесі туралы еңбегін айтуға тура келді. Димаш Ахметұлы тек Жетісу емес, күллі Қазақстанды өркендетіп кеткен адам емес пе?! Ал Қапшағай қаласы Димекеңнің төл перзентіндей өнегелі өмірінің бір өрнегі екенін осы жолы айтудың сәті түскені қуантты.
Қапшағай Алматы қаласынан солтүстікке қарай бағыт алған Іле өзенінің сол жағалауын бойлай орналасқан шаһар. Өткен тарихқа көз жіберсек, Қапшағай су электр- стансысының құрылысына байланысты іргетасы кешегі 60-шы жылдардың аяғына қарай «Жаңа Іле» кенті ретінде қаланған. 1970 жылы Қапшағай болып өзгертілген. Көне түркі тілінде бұл атау «тар шатқал, қысалаңқы жер» деген мағына беретінін ескерсек, сол кездің өзінде жер-су аттарына үлкен мән берілгенін байқаймыз.
Қапшағай қаласының және жасанды бөгеннің пайда болуының өзі дана тұлға Димаш Ахметұлының өлшеусіз еңбегінің бір парасы ғана. Алматы қаласының дамып, халық санының күрт өскеніне байланысты алғаш қанаттас қала туралы әңгіме қозғалыпты.
Ол туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ізбасар Балтағұлов аға көзі тірісінде жан-жақты таратып, мәселенің қалай өрбігенін айтқан болатын. Бұл жөнінде кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде жылы шырайлы сұхбат берілді. Кейін қойын кітапшамды ақтарғанда сол кезде толық берілмеген дүниелер алдымнан шықты. Құнды дүние. Өмір мәңгі емес, аяулы Ізбасар аға дүниеден өтті.
– Әңгімеміз біразға барады-ау осы. Әріптестерің осы мәселе жайлы өзіңе дейін де пікірлескен. Бұған назар аударғандарыңыз құптарлық. Қазақтың аяулы ұлы Дінмұхамед қара-пайым, адал, аса жауапты, кішіпейіл, елін сүйген азамат. Осы отбасымен өте жақын болғанмын. Меңліахмет қариямен көзінің тірісінде дидарласып, әңгімесін тыңдадым. Қонай атаның өңірге көшіп келген ұрпақтары, арғы атасы Азынабайға, бергі атасы Қонайға тартып туған Жұмабай қажы білімді азамат еді. Меңліахмет Верный қаласындағы бір саудагерге жұмысқа орналасады. Ата тұрған үйде болдым. Сол кезде ата аса мейіріммен қарсы алғанын ұмытпаймын. «Сен өзіміздің Балқаштағы Балтағұлдың баласы екенсің. Әкең біздің Ыстыдан шыққан жақсы азамат» дегенде бір марқайып қалдым. Халқымыздың ұғымында «Ұлттың ұлы», «Біртуар азаматы», «Ұлы тұлға» деген сөздердің мазмұны кең, ауқымы зор. Бұл елдің асқан сүйіспеншілігімен қоғам алдындағы ең биік адамгершілік құндылықтарға бөленген нағыз атпал азаматқа ғана тән баға деп түсінемін. Мұны тұлғаның шыққан тегінен десем де болады. Қазіргі кезде оның құны өлшеусіз. Оны түсініп отырған шығарсың, – деп түйген еді марқұм аға ойын одан әрі өрбітіп.
Халқымызда «Адам – дүниенің ажары, Дүние – өмірдің базары» десек, азаматқа атасының ұлы, әкесінің ұлы, Алаштың ұлы деп әр ісіне сүйсінетініміз тағы бар. Өзім ес білгелі осы «лауазымға», атаққа ие болған бір пенде болса, ол Димаш Ахметұлы Қонаев екеніне анық көз жеткіздім.
Ұлы тұлға жайлы жазылып та, айтылып та жүр. Соған қуанамыз. Елу жыл ел ағасы, ширек ғасыр Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі болды. Бұл айтуға жеңіл. Және кеңестік жүйенің бет қаратпайтын кезі. Сол жағдайды таразы басына салып көрейік, қай жағы басым болары белгілі. Туған жері мен еліне сіңірген ересен еңбегін Алматысы бар, Қазақстаны бар, Кеңес Одағы бар, тіпті ол кісінің дүниежүзіне қатысты еңбектерін ескерсек ұшан-теңіз. Қазақтан шыққан тұлғаны көптеген елдің басшылары, ғалымдары, бүкіл қоғам танып, шүбәсіз мойындады. Нәтижесінде үш мәрте Социалистік Еңбек Ері деген ең жоғары атақ берілді. Мұндай жоғары атақтың қазір емес, сол кездегі салмағы қандай ауыр десеңізші?! Және бұл мәселе көтерілгенде ешбір адам қарсы болмаған. Бұл бір адамның ғана ұсынысы емес, бүкіл елдің, барлық халықтың қалауы. Қалың қауымның дуалы аузынан шыққан шын ниет, шексіз ықыласы.
Жалындаған жастар Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, толарсақтан қан кешті. Батыр ұл Бауыржан Момышұлы бастаған жерлестер сұрапыл тұста ерен ерлік көрсетіп, батыр атанды.
Дінмұхамед Ахметұлы ерлік жайлы: «Қайрақсыз пышақ өткір болмайды. Ел іші болған соң жүрегіне түк байлаған ер де болады, жауын жаумай су-су боп жүретін ез де табылады», – деген ғой. Дәл осындай бейбіт еңбекте де ерен танылып, ел ырысын еселегендер қаншама! Осындай атаққа әртүрлі салада қол жеткізілді. Ал Димекең Қазақ деген дана, дара халықты, Қазақстан деген мемлекетті кезінде алыс-жақынға әйгілегенін ұмытпаймыз. Ол оны әсте дәріптеген де емес.
Ұлы тұлға жайлы Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі болған Бертран Фессер де Фуко: «Сыртқы пішіні маған бір көргеннен-ақ қатты әсер етті. Оның мейірімді жүзінен қажыр қайратты да, ақыл-парасатты да, жоғары мәдениетті де, қайырымды қамқорлығы да айқын аңғарылады», – деген екен. Ал Димаш атамыз елшіге:
– Қазақстан – бай, бейбітшіл ел. Бізде қара және түсті металдың, көмірдің, мұнайдың, қымбат және сирек кездесетін металдың, сондай-ақ атом өнеркәсібі үшін қажетті шикізаттың сарқылмайтын мол қоры бар, – деп басқа да байлығымызды айтып, марқайған. Расында ол елін, жерін сүйді, сол үшін қызмет етті де. Осылайша бар ғұмырын қазақтың әлемде өзіндік орны бар иманды, кеңқолтық, қонақжайлылығын дәлелдеген адам. Жаңағы айтылғандар сол тұрғыда берілген жоғары баға. Алланың пендесіне сыйлаған тағы бір қасиеті – қанағатшылдық. Бұл жағынан Димекең ең адал адам екенін жұрт әлі тамсана айтады. Енді әңгіменің әлқиссасы қалаға байланысты айтайын.
– Бала жасымнан ол кісіні жақсы әрі жан-жақты білемін. Қазақ өзін-өзі тану үшін руға бөлінетіні бар. Жасым біразға келді. Көп дүние көңіл қалтарысында қалды. Мана айттым ғой, әкесі Меңліахметтен де көп әңгіме естігем. Ол кісі ұлы жайлы өте жақсы пікір айтқан-ды. Димаш Ахметұлының Қапшағайға қатысты еңбегі санамда сақталыпты. Сондықтан мұны басынан бастайын. Мен білетін мәселені оқырманның да біле жүргені жөн. Оның үстіне «Егемен Қазақстанның» оқырманы көп. Оқитындар көбіне зиялы қауым, – деген Ізбасар аға әңгімені одан әрі тарқатты. – Қапшағай туралы алғашында екіұдай пікір болған. Бірақ Димекең: "Алматы жыл өткен сайын дамыған еліміздің үлкен әрі саяси, мәдени астанасы. Сән-салтанатты ғимараттары, көз тартар көркі, жасыл желегі баршаға ұнайды. Бірақ айналасын биік тау, жан-жағын тау сілемдері қоршаған. Шаһар қысылып-қымтырылып тұр. Қоғам дамыған, қала өскен сайын өнеркәсіп саласы өркен жаятыны заңдылық. Бұл қоршаған ортадағы табиғи алмасуға қиындық туғызады. Демек, Алматыға қанаттас қала салу мәселесі өзінен өзі сұранып тұр. Болашақта өндіріс орындары шеткері салынса, Алматы мәдениет пен ғылымның, әкімшілік орталығы ретінде қалыптасса, көп мәселеден ұтылмаймыз деген тәуекелмен ұйымдастыру жұмыстарын бастайды", - деген. Енді қарасақ, бұл өте ұтымды шешім. Ол кезде мұндай мәселе Орталық Мәскеумен байланысты шешілетін. Демек, ұсыныс-сұраныстың мәнісін дәлелдеп, хат жазған жөн. Сол кезде сарабдал саясаткер Димекең негізгі басшылармен де, Мемлекеттік жоспарлау комитетімен де жақсы қарым-қатынаста болды. Еліміздің өркендеген өңірлерінде салынған әсем құрылыстары мен басқа да әлеуметтік нысандардың қатары аз болмағанымен өлшеп, дәлелдесек, ешкім дауласа алмайды. Алматы зауыт-фабрикалардың көбейіп, таң алаулаған шақта қалың түтіннен көрінбейтін қаланың экологиялық проблемасын шешу үшін Қапшағай мәселесі аса қажеттілігі осылай туындаған.
Алаштың біртуар ұлының алға қойған мақсаты шешімін тауып, Қапшағай су электрстансысы мен Медеу мұз айдынын салудың бас жобасы сызылып, жоспары белгіленген. Енді рұқсат алу, қаржы бөлдіру мәселесі туындайды. Алғашында «мұндай аса ірі гидроқұрылымды салу мүмкін емес» деген тұжырым да болған. Өзен үлкен, су биіктен құлайтындықтан бөгеннің төтеп беруі, екпінді ұстай алуы мүмкін емес. Екпінді су ағызып әкетеді, келешегі жоқ деген пікірлер айтылады. Осы жұмыстың басы-қасында құжат дайындауға атсалысқан Ізбасар аға Димаш Ахметұлының сол кездегі КСРО Ғылым академиясының академигі, осы академияның вице-президенті және Новосібір қаласындағы Сібір бөлімшесінің төрағасы, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, көрнекті физик әрі механика маманы Михаил Алексеевич Лаврентьевті таңдағанын тамсана айтты. Ол кісі өте әділ, жаңашыл еді. Осылайша Медеу мұз айдыны мен Қапшағайдың тағдыры шешіліп, айы оңынан туған.
Қазақстан Компартиясы Орталық коми-тетінің бірінші хатшысы, КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, ірі ұйымдастырушы әрі халқын шексіз сүйіп, теңдессіз қызмет еткен азамат ретінде танылып ел экономикасының сан қырлы мәселелерін шешуде мәмілегерлігін шүбәсіз мойындатқан қазақ елінің басшысы саясаткерлігінен бұл жолы да жаңылмады. Қапшағайдың етегінде Іле бөгелді. Және жобаға сәйкес оған бірнеше тау өзендерінің ағысы қосылды. Жасампаз жандардың қолынан жаңа шалқар айдын пайда болды. Үлкен Алматы, Есентай және Қаскелең, Талғар, тағы басқа шағын өзендердің ағысы реттеліп, Алматының микроклиматына айтарлықтай өзгеріс енді. Табиғаттың біздің түйсігіміз жетпейтін ұлы заңдылығымен қою түтін бірте-бірте ыдырап сала берді. Сонымен қатар, Қапшағай маңындағы шағын елді мекендердің жері мен халқы да қалалық әкімшіліктің өрісін кеңейтті.
Қапшағай Іле өзенінің шатқалына орна-ласқан ірі өндірісті қала ретінде танымал. Сол кезде осындағы су электрстансысының өзен арнасы жүздеген метрге дейін тар, жар-тасты шатқалға салынуы сәулетшілер мен ғалымдардың тынбай ізденген қажырлы еңбегін танытады. Су электрстансысының белгіленген қуаты мыңдаған кВт-сағатты құрады. Стансы бірнеше агрегатты су қабылдайтын секциядан, электромонтаж алаңынан, өндірістік әкімшілік және коммуналдық ғимараттарды құрады. Көл аңғарындағы стансыда буырқанған өзен суынан қуат көзі өндіріліп, халықтың қажетін өтеді.
Өзеннің батысындағы жол астындағы су электр стансысына арнайы бардым. Зәулім ғимараттың айналасындағы агрегатты су қабылдайтын секциялар көз арбайды. Буыр-қанған, сарқыраған екпінді ағыс толқынданып, жағаға соғады. Міне, содан электр энергиясы өндіріліп, айнала күн нұрындай жарқырайды. Осылайша Қапшағай бөгені, бөгеттері мен туннельдері, құрылыстары 7 баллға дейінгі сейсмикалық тербеліске төтеп беретіндей талапқа сай салынған. Мұндағы төрт агрегаттың әрқайсысының қуаты мыңдаған кВт сағатты құрайды. Су электр стансысындағы жұмыс жүйелі жүргізілсе, адамдарға жағдай жасалған.
Қапшағайдағы жасанды бөгеттің аумағы бірнеше мың шаршы километр, ұзындығы да, ені де үлкен аумақты алып жатыр. Димекеңнің айтқаны келіп, құрылысқа жұмсалған шығын екі-ақ жылда өтелген. Қала аумағында ғана көптеген өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда, тұрмыстық қызмет, ондаған балық және ауылшаруашылығы құрылымдары іске қосылған. Сол жылдары тұрғындар өміріне самаладай тіршілік шуағы шашылды. Алматы мен Қапшағайдың арасы қан тамырындай бүлкілдеп, тіршілік қызып сала берген.
Дара тұлға Қапшағайды салу арқылы талай мәселенің түйінін шешті. Айтқанымыздай, Алматының ауасы тазарды, ГЭС арқылы Жетісу өңірі электр жарығымен қамтылды. Шеңгелді алқабы мен саяжайлар, басқа да егістік жерлер бөген суынан нәр алып бау-бақшаға айналды. Қапшағай қаласының пайда болуы арқылы қалада өндіріс пен кәсіпорындар шоғырлана бастады. Қаншама адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Ең маңыздысы, Алматы облысының экономикасына қала халқының қосқан үлесі еселене артты. Қапшағай қаласының өмірге келуі арқылы жер жаннаты Жетісудың сан тармағына халықтың дамылсыз қатынауын қамтамасыз ететін автомобиль көпірі, теңіз үстінен өтетін, Талдықорған – Қорғас арқылы Қытайға жететін теміржол дәлізі пайда болды. Оның игілігі бүгін тіптен де ерен екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Қапшағай салынғаннан кейін буырқанған Іленің суы да ырыққа көнді. Тасмұрын каналын игеру арқылы Балқаш ауданында жаңадан күріш өсіретін кеңшарлар құрылды. Мәселен, 1965-1985 жылдары «Ақдала», «Тыңның 25 жылдығы», «Жеңіс», «Бақбақты», «Қазақстанның 50 жылдығы» атты күріш совхоздары құрылып, ақмаржан өсіруде табысқа кенелді. Бүгінгі күні Бақанаста күріш өсіру дамыса, арнайы күріш зауыты өз жұмысын жолға қойған.
– Бес жыл мерзімде, 1965-1970 жылдары салынған шаһардың бүгінгі келбеті мен сәулеті қалай дәріптесек те жарасады. Кейінгі жылдары мұндағы қанатын кеңге жайған, индустриялық-инновациялықтың жобалардың негізінде өмірге келген өндіріс орындары қаншама?! Тіпті, Алматыдан Қапшағайға көшірілген ойын бизнесінің өзі қазір осы өңірдің экономикасына қомақты үлес қосқаны аян. Қапшағайға, оның көрікті жерлеріне, су бөгеніне жыл сайын мыңдаған демалушылар мен туристердің келетінін ескерсек, оның келешегі кемел екенін пайымдаймыз. Болашақта Қапшағайға қанаттас 4 қаланың салынатыны да жиі айтылып жүр. Демек, Димекең бастаған жобаға тарих та, халық та риза болатын кез әлі алда, – деген еді қоғам қайраткері, марқұм Ізбасар Балтағұлов нық сеніммен.
Мемлекетіміздің ірі тұлғасы қай кезде де әділдігімен, адалдығымен өзімен қызметтес, сыйлас болғандардың жүрегінде сақталды. Бас пайдасынан бұрын ар тазалығын ойлады. Өзінен гөрі өзгеге болысты, туған халқының жай-күйін ойлады. Бұған атпал азаматтың сол кезде облысты басқарған Асанбай Асқаровқа: «Орысты ренжітсең Мәскеуге шабады, қазақты ренжітсең қайда шабады? Өзіңнің алдыңа айналып келеді, Асанбай. Орыстың артында тұрған Мәскеуі бар. Қазақтың артында Мәскеуі жоқ, қазақтың Мәскеуі – біздерміз. Асанбай, қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс, қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зорлыққа да көнетін иісалмас, ынжық болып кетеді. Ұлт өзінің мүддесін өзі қорғай алатын дәрежеге жетуі керек. Кезінде қазақтың жанын сақтап қалсақ екен дедік қой. Біз ол дәуірден өттік. Енді қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек», – деген сөзінен ұлы тұлғаның халыққа деген шын ниетін көреміз. Алаш ардақтысының сөзі бүгінгі күні де мән-маңызын жоғалтпағанын байқаймыз.
Иә, біртуар тұлғаны бүгінгі қоғамда қазақтың нағыз ұлы, ұлты үшін туған азамат, көсем ретінде үлгі тұтатыны сондықтан. Аға ұрпақ емес, келешек жастар есімін ерекше атап, құрмет көрсететіні хақ. Әспеттейтіні, бағалайтыны анық. Димаш ата тағы бір сөзінде: «Кім болса да халықтан үлкен емес», – деген. Содан шығар, барша жұрт әлі де аспандатып, аялайтыны. Арда азаматтың еліне істеген ісін, туған халқына жасаған жақсылығын, ақ ниетін ұмыта алар ма?!
Ғасырлар өтсе де ертегідей есте қалатыны анық десек, Президент Жолдауында Қапшағай қаласына – ұлы тұлға Қонаевтың есімін беруді көпшіліктің өзіне ұсынғаны ерекше шешім деуіміз керек. Алдағы уақытта шаһарға арда азаматтың еңселі ескерткіші қойылып, рухын асқақтатсақ бұл дүйім жұрттың көңілінен шығары хақ. Жаратқан сол күнге халықты аман-есен, береке-бірлікте жеткізсін деген аналық ақ тілегімді арнаймын.
Күмісжан БАЙЖАН,
ҚР мәдениет қайраткері