Жүлдегері көп студия

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1386
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Талдықорғанда Шынар Бейсбекованың басшылығымен «Melody Kids» вокалдық студиясы құрылған болатын. Студияның құрамына өнерге құштар талантты балалар топтастырылды. Алғашқы күннен бастап ұстаз шәкірттерінің  жүрегіне жол тауып, оқушыларға білгенін үйретуден еш танған емес. Қашанда тынымсыз еңбек етіп, үнемі шығармашылық ізденіс үстінде болды. Нәтижесінде, аз уақыттың ішінде шәкірттері ұстаздан көп нәрсені үйреніп, талаптарын шыңдай түсті, өнерлерімен халыққа таныла бастады. 

Студия шәкірттері республиканың түрлі аймақтарында өтетін сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Қала аумағында өткізілген барлық ауқымды мерекелік іс-шараларға  бір кісідей атсалысып көпшіліктің көңілінен шықты. Көрермендерді өз өнерімен тәнті етіп, олардың зор қошеметіне бөленді. Жуырда Шымкентте өткен халықаралық «Жұлдыздар әлемі» конкурс-фестиваліне қатысып, нағыз болашақ  өнер иелері екендіктерін көрсете білді. Көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен, Қызылорда қаласындағы Қайрат Нұртас өнер мектебінен келген өнерпаздармен сайысқа түсіп, жүлделі орындарды жеңіп алды. Маусым айында Алматыда өткен халықаралық дәрежедегі «Күншуақ» конкурсында да өнер көрсетіп, өте жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жетістіктердің барлығы жетекші Шынар Мейрамқызының ерен еңбегінің жемісі. 
Қымбатты  Шынар Мейрамқызы!  Сізді  төл мерекеңіз – Ұстаздар күнімен құттықтаймыз. Мықты  денсаулық, таусылмас төзім, сарқылмас сабыр, қажымас қайрат, шығармашылығыңызға толағай табыс тілейміз! Шәкірттеріңіз  сіздің  сеніміңізді ақтап, өнердің биік шыңдарынан көріне берсін.

ІЗГІ ТІЛЕКПЕН: Оқушылар сарайының ата-аналар комитеті, вокалдық студияның ата-аналары.