Еңбек елеусіз қалмады

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1428
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Облыс орталығындағы Оқушылар сарайында Еңбек күні мерекесі аталып өтті. Салтанатты жиынға Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев қатысып, әр салада тер төгіп жүрген еңбеккерлерді құттықтады.
Жұмысшылардың еңбегін бағалау, оларға құрмет көрсету мақсатында өткізілген мерекелік жиын қала әкімінің құттықтау сөзінен бастау алды. 
– Еңбек күні – жалпыға ортақ мереке. Бұл айтулы шарада әрбір қызметкердің еңбегі елеусіз қалмауы тиіс. Күн сайын тотыдайын таранып, әсем келбетке ие болып келе жатқан Талдықорған қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына бір кісідей атсалысып, әр салада нәтижелі еңбек етіп жүрген еңбеккерлер қандай құрметке болса да лайықты. Ел дамуы жолында үлкен еңбек еткен сіздерге айтар алғыс шексіз, – деді Бағдат Қарасаев. 
Мереке аясында бірнеше адамға қала әкімдігінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және лайықты еңбек еткен жандарға Талдықорған қаласының Құрметті азаматы атағы тапсырылды. Олардың қатарында 10 жылдан астам Талдықорған қаласы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің басшысы болып қызмет атқарған, қоғамдық саяси-ахуал мен ұлтаралық келісім тұрақтылығын сақтауға үлес қосып, зейнеткерлікке шықса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген Раушан Жәнібекова, жеке кәсіпкер, «Экономика саласының үздігі» орденінің иегері Ғайша Рахимова, «Казэнергоэкспертиза» ЖШС Талдықорған қалалық филиалының директоры Егай Александр және Талдықорған политехникалық колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, педагогикалық білім ғылымдарының Халықаралық академиясының корреспондент-  мүшесі Ғайнижамал Тәкенова бар. 
Салтанатты жиында жиналған көпшілікті айтулы мерекемен Раушан Жәнібекова құттықтап, әр саланың тізгінін ұстаған қызметкерлердің жұмысына сәттілік тіледі. Кеш соңында «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.  

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ.