Сағатқа арналған салтанат

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1431
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

 

Өткен жұмада Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев пен ол кісінің аяулы жары, белгілі жазушы Шәрбану Бейсенованың 70 жылдық мерейтойлары салтанатпен аталып өтті. Бұл – Сағат ағамыздың туған жері Райымбек ауданы, Нарынқол өңірінде басталған елдік шараның оңтүстік астанадағы жалғасы еді. Оған зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер және Астанадан келген мәртебелі қонақтар қатысты. Қазақ әдебиетіне еңбегі сіңген қос тұлғаның ұлттың рухани дүниесіне қосқан үлестері тағы бір сараланды.

Салтанатты шараның шымылдығы ашылғанда Әшімбаевтар әулетінің отанасы Шәрбану апамыз немересін ертіп сахна төріне көтерілді. Мерейтойлық кеш әйгілі «Досмұқасан» ансамблінің орындауындағы «Алматы түні» әнімен басталды. Үлкен экраннан көрсетілген, Сағат аға мен Шәрбану апаның жастық шақтарын бейнелейтін, «Махаббат, қызық, мол жылдардың» куәсіндей болған фотосуреттер музыканың әдемі сазымен астасқанда көрерменді ерекше сезімге бөледі. Алматының жастар қаласы, махаббат қаласы екенін тағы бір еске түсірді.

Алғашқы болып мерейтой мінберіне көтерілген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жүрекжарды лебізін көпшілікке паш етті.

- Біз бүгін мәдениетіміз бен әдебиетіміз үшін айрықша орны бар қаламгерді еске алып отырмыз. Мемлекет және қоғам қайраткері, қарымды публицист, дарынды тележурналист, әйгілі әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаев арамызда жүрсе 70 жасқа толар еді. Ол кісі өзінің санаулы ғұмырында артына өшпес із қалдырды. Мәдениет пен әдебиеттің дамуына, ұлттық сананың өсіп-өркендеуіне серпін берді. Үздіксіз ізденіс пен толассыз еңбектің, халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында шынайы ұлт зиялысына айналды, – деді Бауыржан Нұрғалиұлы.

Бұдан кейін мерейтойлық лебізді Жетісу жұртының атынан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жалғастырды.

– Мерейтой иелеріне және залда отырған көпшілікке бүкіл Жетісу жұртының ыстық сәлемін жеткізуге рұқсат етіңіздер. Осыдан бір ай бұрын Сағат ағамыздың мерейтойы өзінің туған жері Райымбек ауданында басталды. Аспантаулар өлкесінде қазақтың зиялы қауымы бас қосып, қайраткер перзентін еске алды.

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында елі мен жері үшін аянбай тер төккен қайраткерлердің тәлімді өнегелерін жас ұрпаққа паш ету керектігіне тоқталған болатын. Міне, Сағат ағамызды біз сондай айтулы тұлғалардың қатарында тұр деп мақтанышпен айтамыз, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин сөзін терең толғаныспен сабақтады.

– Бүгін алаштың ұлы қаласы Алматы халқына қалтқысыз қызмет еткен адал перзентін сағынып, тебіренгендей күйде. Сағаттың рухы ұлы дала елінің кеңістігін кезіп жүргендей әсер береді. Өйткені, ол шын мәнінде ұлттың биігіне көтерілген, халықтық сипатқа ие болған сиректердің бірі еді.

Ол нағыз кәсіби сынның үлкен кеңістігін қалыптастырды. Өзінен кейінгі шәкірттеріне ұстазы болып жол көрсетті. Артына мол рухани қазына қалдырды, – деді Нұрлан Мырқасымұлы.

Мерейтойлық лебіз білдіргендер Сағат ағаның аяулы жары Шәрбану Қонақбайқызының иығына құндыз шапан жауып, қуанышымен құттықтады.

Сол сияқты ҚР Мемлекеттік Хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қариннің құттықтау хаттары оқылды.

Енді бір сәт Сағат Әшімбаевтың өмірбаянына көз салсақ талай жайларды аңғарамыз. Ол Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаевтарды тал бесігінде тербеген таулы өлкеде түлеп, биікке қарай самғады. Пешенесіне жазылған 44 жылдық ғұмырында қасиетті қаламын қолынан бір сәт түсірген жоқ. Әдебиеттің ең күрделі жанры – сыншылықтың ауыр жүгін қайыспай көтерді. Мұндай міндеттерді атқару үшін терең білім, зор таным қажет десек, сол ерекшеліктердің бәрі Сағат ағамыздың бойында бар еді.

Жиырмадан енді асқан шағының өзінде қазақ әдебиеті алыптар тобының назарына ілігіп, зиялы қауымды жалт қаратты. 1976 жылы «Сын мұраты» атты алғашқы кітабы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Бұл – сол кездегі ең үлкен мемлекеттік жүлденің бірі еді.

«Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік, «Ақиқатқа іңкәрлік» сияқты сын кітаптары бүгінгі күннің жасампаздық талғамдарына да сай. Өйткені, Сағат Әшімбаевтың кемелдене келе ұлтжанды пікірлерді көптеп қозғағаны замандастарының есінде. Кеңестік кезеңнің мемлекеттік билігінде жүріп-ақ қазақтың келешегіне қатысты ойлы әңгімелерді батыл қозғады. Қаламгердің «Жүректен қозғайық», «Қарыз бен парыз», «Қауышу» атты авторлық телебағдарламалары қазір де мәнін жоғалтқан жоқ. Егер сол хабарларды қайталап тыңдасаңыз ерен жүйріктің шабысына еріксіз сүйінесіз. Бұл телехабарларға мүйізі қарағайдай академиктер, ғалымдар мен жазушылар, білікті өнер қайраткерлері келелі пікірлерін ортаға салып, ой жарыстырған еді. Соның нәтижесінде отандық тележурналистикада өзіндік өрнегі бар Әшімбаев мектебі өмірге келді.

Енді мына бір жайға зер салып қараңызшы. Бір отбасында екі қаламгер – сыншы мен жазушы тату-тәтті өмір сүрген. Олар ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға бірге түсіп, жұбын жазбаған күйі бірге бітірді. Махаббаттың жалынын құрметке, сезімнің отын парасатқа ұштастырды. Сол арқылы қазақтың зиялы отбасының заманауи үлгісін қалыптастырды. Ұлдарына ұланға лайық тәрбие беріп, азамат етіп өсірді. Орыстанып кеткен Алматыда қазаққа тән қасиеттерді қалай сақтаудың өнегесін іс жүзінде көрсетті. Нәтижесінде орнында бар оңалып, Шәрбану апамыз еңбегінің жемісін жеп, қызығына кенеліп отырған жайы бар. Аяулы жарының аманатын қазақ әйеліне тән қайсарлықпен орындап шықты.

Сөйте жүріп қаламгерлігін ұмытқан жоқ. Үнемі шабытына қамшы басты. «Тойға келген келіншек», «Мизамшуақ», «Сүзгеннің соңғы күндері» секілді көркем шығармаларды топтастырған ондаған кітаптары жарық көріп, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. «Тағылымды тағдырлар» кітабы үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткеріне айналды.

Кеш барысында Шәрбану Бейсенованың хикаяты бойынша театр актерларының орындауындағы сахналық көрініс жазушының тағы бір қырын жарқыратып ашты. Ақын Бақыт Беделханның ағасының рухына арнаған «Сағаттың монологы» атты өлеңін өнер академиясының студенттері нәшіне келтіріп оқыды. Белгілі өнер қайраткерлері – Нұрғали Нүсіпжанов, Рамазан Стамғазиев, Болат Бөкенов, Елена Әбдіхалықова, Жұбаныш Жексенов, Бекболат Тілеухандар әннен шашу шашты.

Мерейтойдың қорытындысын Сағат Әшімбаевтың ұлы Мәулен Сағатханұлы былайша түйіндеді:

– Өздеріңіз көргендей, экрандағы сарғайған суреттердің ішінде әкеммен бірге жүрген замандастарының бейнелері тізбектеліп өте шықты. Олар да қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан бір-бір тұлғалар. Сол кісілердің көпшілігі қазір ортамызда жоқ. Сондықтан да бүгінгі кеш тек әкем мен анамның кеші ғана емес, замандастарына да арналған ортақ құрмет деп түсінгендеріңіз абзал.

Әкем маған үш нәрсені өсиет етті. Үлкен мақсаттарға ұмтылу керек, сол жолда аянбай тер төге біл дейтін. Адалдықты ту етіп көтеріп, екіжүзділіктен бойыңды аулақ ұста деп отыратын. Үшіншіден, білімге деген құштарлықты үйретті. Ол кісі кітапқұмар болатын. Әр оқыған дүниесінің маңызды тұстарын қарындашпен сызып, парақтың шетіндегі ашық жеріне алған әсерін жазып қоятын әдеті бар еді. Әкемнен және анамнан алған өнеге мен тәлім – баға жетпес асыл қазына, – деді ол.

Мерейтой салтанаты жиналған жұртты әдемі әсерге бөледі. Себебі, ел тәуелсіздігін армандаған ұлт қайраткерлерінің бірі Сағат Әшімбаев еді. Сонау бір алмағайып заманда сыр алдырмастан дүниеге тік қарап, отқа да кірді, суға да түсті. Өйткені, қайраткерлік тағдырдың жолы ауыр. Әсіресе, Желтоқсан оқиғасын көзімен көріп, жүрегінен жас тамшылатқаны өмірінің ең үлкен қасіреті...

Шүкір дейік! Ең бастысы, ағамыздың арманы орындалды. Көгімізде көк байрағымыз желбіреп тұр. Көк байрақ – ұлы жолда шейіт кеткен бабаларымыз бен ағаларымыздың рухы. Біз мерейтойдың мазмұны мен мағынасын осыдан іздедік.

Болат МӘЖИТ.

Алматы.