ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТ! МҰҚТАЖҒА ДЕМЕУ БОЛ! ҰРПАҚҚА БІЛІМ БЕР! ТӨЛЕМІСОВ ӘЛЕМІ

Уақыты: 28.09.2022
Оқылды: 2382
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бүгін тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді ТӨЛЕМІСОВ жайында аз-кем сөз қозғамақпын.

Оқытушылық – мамандық болса, ұстаздық - адам бойындағы ұлы қасиет. Өйткені, ұстаз – адам бағдарын жасаушы. Өзіндегі ілім мен білімді, өзгенің бойына дарыта алатын, шығармашылық, табандылық, төзімділік пен сенімділік сияқты мінез-құлықпен ерекшеленетін адам ғана ұстаз болмақ.

«Маған әкімшілік, ұйымдастырушылық жұмыстардан көп ұсыныстар келіп түсті. Бірақ мен ұстаздық мамандықты жүрегіммен қалаймын. Университетте декандық қызметте жүрсем де аудиторияға кіріп студенттермен жұмыс істегенде жүрек тынышталып, рақат табамын. Болашақта балаларымның да ұстаз болғанын қалар едім», – дейді Амангелді Төлемісов өзінің бірнеше жыл бұрын берген сұқбатында.

Ұстаздық – ұлы мамандық. «Ұстаздық» атты Ұлы шыңға көтерілу үшін адам баласы өмір бойы оқып, іздену керек. Амангелді Төлемісов әрдайым шығармашылық ізденістерімен қатар қоғамдық өмірдің де өзекті мәселелеріне белсене аралсып, бел шеше кірісе білді. Ол өзінің  біліктілігі мен кәсіби деңгейін арттыру жолында жалықпай ізденіп, әркез  өзін-өзі дамытып, үнемі алға жылжып отыратын жаңашыл маман болды.

Ол салауатты өмір салтын ұстанған спортшы. Педагогикалық, ғылыми-әдістемелік және ұйымдастырушылық-басқарушылық міндеттерді қатар атқарған білікті оқытушы. 60-тан астам ғылыми еңбектің авторы.

Біз азат күннің алтын қазығы қазба байлығы емес, адами капитал, азаматтық қоғам қалыптастыру екенін айып жүрміз. Ол үшін әр адам қоғамда белсенді болуы шарт дейміз. Елімізде қоғамдық өмірге белсене араласып, өз еркімен халыққа пайдасын тигізуді көздейтін еріктілер қатары жыл санап артуда. Десе де, сүрлеу-соқпағы көп ғылым жолында жүріп, ел игілігі үшін қалтықсыз қызмет атқару – зор жауапкершілікті, асқан еңбекқорлықты талап етеді.

Амангелді Ғабдылқарымұлын көпшілік облыстың қоғамдық өмірінде белгілі қызметтер атқарған белсенді тұлға ретінде жақсы таниды.

Ол әр жылдары Талдықорған №7 сайлау учаскесі төрағасының орынбасары, Алматы облысы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрағасы, Қазақстан заңгерлер одағының мүшесі, Алматы облысы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік сараптамалық комиссиясының, Талдықорған аймағы бойынша «Қарекет» республикалық қайырымдылық қорының басшысы, «Айналайын» балалар үйінің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Мұхтар Арын атындағы №24 «Экономика және бизнес» лицейінің ата-аналар комитетінің төрағасы,  Алматы облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Ұлттық құрылтайдың, Жетісу облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі болды.

Осы тізбектелген мысалдардан-ақ қоғам өміріне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтың жарқын үлгісін көру қиын емес.

Қайрымдылық - адамның бойындағы ең жағымды қасиеттердің бірі. Қазақта «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – деген сөз бар. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт, мейірімді жандар ғана ел тірегі болмақ. Ондай адам үшін рухани құндылықтар материалдық құндылықтардан әркез жоғары тұрады.

Амангелді Ғабдылқарымұлы қайырымдылық атты қастерлі ұғымды өмірлік ұстанымы етіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жақсылық жасауды өмірінің мәніне айналдыра білген азамат.

«Бітер істің басында, жақсы жүрер қасында» демекші, ел мүддесі жолындағы игі істердің ұйытқысы бола отырып, қайырымдылық шаралары кезінде көпке үлгі көрсетіп, түйткілді мәселелердің түйінін шеше білді.

Сөзіміз құрғақ болмас үшін бірер мысал келтірер болсақ, Амангелді Ғабдылқарымұлы басшылық еткен «Қарекет» қайырымдылық қоры Талдықорған аймағы бойынша 38 мұқтаж отбасыға баспана кілтін табыстады. Мойнақ ауылының №23 орта мектебімен бірлесіп көпбалалы отбасына үй тұрғызуда құрылыс жұмысына атсалысты. Қаламыздағы «Айналайын» балалар үйімен жеті жыл бойы қоян-қолтық жұмыс жасап, ондағы жанары жасық, жүрегі жүдеу бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтап, қуаныш сыйлауды дәстүрге айналдырды. Олардың туған күндеріне жылы лебіздерін арнап, түрлі сыйлықтар тарту етіп, балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін жыл сайын алғыс айту күніне арналған «Шын жүректен» қайырымдылық концертін ұйымдастырды.

Коронавирус пандемиясы кезінде Талдықорған қаласындағы блок-бекеттерде, постарда жұмыс істеген полиция қызметкерлерін, медицина қызметкерлерін, мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, қолдау көрсетті.

«Қаралы қаңтар» оқиғасында да қол қусырып қарап отыра алмады. Қауіпсіздік бекеттерінде қызмет еткен полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге ықпал етті.

Жұлын бұлшықетінің атрофиясымен ауыратын Талдықорған қаласының кішкентай тұрғыны Нұртас есімді бүлдіршінге 1 млрд.теңге көлемінде қаржылай көмек көрсету мақсатында түрлі іс-шаралар, акциялар, эфирлер ұйымдастырылған болатын. Амангелді Төлемісов осы қайырымдылық шарасының басы-қасында ұйымдастырушы, модераторы бола жүріп, барынша көмек қолын созды.

Қазақ «оң қолымның бергенін сол қолым көрмесін» дегенімен, адам бойындағы үлгі етіп үйренуге тұрарлық істерін дәріптеп, паш ету ағаттық емес. Жақсының жақсылығын айту, жарқын істері мен кісілік келбетін өнеге ету біздің ұлттық мінезіміз. Еселі еңбек қашанда елеулі. Амангелді Төлемісов әр жылдары өңірлік және республикалық деңгейдегі жоғары наградалар мен марапаттардан да құр алақан емес.

Ол Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуының жетістіктері мен дамуына қосқан үлесі үшін Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасын, ҚР Президентінің сайлау науқанына белсенді қатысқаны үшін Тұңғыш Президенттің Алғысына ие болды. Қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін Талдықорған қаласы әкімінің Құрмет грамотасын, Балалардың құқықтарын қорғауға қосқан үлесі және оларды тәрбиелеудегі адал еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым вице-министрінің Алғыс хатын алды. Сондай-ақ, «Отан патриоты», «Халық алғысы»,«Балалық шақ досы», «Әлемнің мейірімді адамы» медальдарының иегері атанды.

Қоғамдық істердің қазанында қайнай жүріп, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті гуманитарлық факультеттің деканы қызметін абыроймен атқарды. Амангелді Ғабдылкәрімұлын кішіге қамқор аға, үлкенге ізет көрсетуші іні бола жүріп, әріптестер мен студенттер арасында зор бедел, үлкен құрметке ие болды деп мақтанышпен еске алады бүгінде әріптестері.

Жастар оның ішкі мәдениеті мен тұлғалық асыл қасиетін, қоғамдық қызметтің барлық бағытындағы кәсіби көзқарасын жоғары бағалайды.

Міне, осындай парасатты ғұмыр иесі Амангелді Ғабдылкәрімұлы Жетісу облысынан Парламенттің - жоғары заң шығару палатасының мандаты үшін сайлауда озық шығып халық қалаулысы атанды.

Амангелді Ғабдылкәрімұлы бар саналы ғұмырын оқытушылық пен ғылым жолына сарп еткен, талай іске бас болған, көпке үлгілі жан. Ол жастарға тағылым мектебінің биік үлгісін көрсетіп келеді. Амангелді «Елге қызмет, мұқтажға демеу, ұрпаққа білім» деген берік ұстаным  иесі.

Болат СЕРИЕВ,

Жетісу университетінің жастар саясаты жөніндегі проректоры